№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Дәулет ерледі

Дәулет ерледі

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Ниязбеков жанкүйерлерін кезекті рет қуантты. Бұл жолы Әлем чемпионатындағы қола медалін күміске айырбастады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Аренада» жаңақорғандық жанкүй­ерлер көп болды. Олар Дәулет Ниязбеков пен Ғалымжан Өсербаевты рухани тұрғыда қолдау үшін арнайы барды.
Алдымен Дәулет тайбэйлік Чан Юй-Сюаньды айқын басымдықпен ұтты. Одан кейін неміс балуаны Александр Семисоровтан айласын асырды. Ширек финалда моңғол мықтысы Темер-Очирин Тулганы 6:2 есебімен басым түсті.
Нағыз кескілескен белдесу жартылай финалда орын алды. Үндістанның намысын қорғаған Пуния Баджранг оңай берілетін балуаннан емес. Азия ойындарының чемпионы, Азияның бірнеше дүркін чемпионы деген атағы бар. Әлем чемпионатында да олжа алған. «Барыс Аренада» тыныштық тұнды. Жанкүйерлер демін ішіне тартып, «не болады екен-ә!», деп алаңдаулы. Күрес басталды. 40 секунд жылжығанда Дәулет қарсыласының аяғына өтіп, екі ұпай алды. Артынша үнділік балуан да екі ұпайды еншісіне жазды. Дәулет екінші айналым басталысымен төрт ұпайлық әдіс жасап, алға шықты. Бірақ Пуния қарап тұра ма? Шабуылды күшейтті. Әдістерін қолданып, есепті теңестіруге жұмыс жасады. Уақыт бітті. Есеп – 9:9. Әдістің сапасы бойынша (4 ұпайлық) Дәулет жеңімпаз болып табылып, зал жаңғырыққа айналды. У-шу болып қазақтың намысты жігітін құттықтап жатты.
Алайда Дәулет ақтық сында ресейлік Гаджимурад Рашидовтен сүрінді. Сөйтіп күмісті қанағат тұтты.
– Дәулеттің кәсіби спортшы ретінде тәжірибесі толысқан, еңбекқор, талапшыл балуан. Әрбір жарысқа жауапкершілікпен қарап, бозкілемде барын салады. Қазір Қазақстанда 65 келіде бәсекелестік жоғары. Бірақ құраманың бапкерлері Дәулетке сенім артты. Ол сенім үдесінен шықты. Енді Токио Олимпиадасында алтын әкелу үшін жаттығады, – деді бапкері Әбутәліп Аманов.
Ниязбеков бұған дейін 2011 жылғы әлем чемпионатында қола алған. Ол – еркін күрестен Азия чемпионатында алты жыл қатарынан жүлде алған қазақстандық санаулы балуандардың бірі. Қазақстан балуаны 2015, 2016 және 2018 жылы – алтын, 2013, 2014, 2017 жылдары қола медаль иеленді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
24 қыркүйек 2019 ж. 597 0