Ескі жыл несімен есте қалды
Ұлу жылы Сыр өңірі үшін табысты жыл болды, барлық салада серпіліс, өзіндік өркендеу бар. Оның ішінде Жаңақорған ауданы үшін де жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Экономикамыз артып, өндіріс, құрылыс, ауылшаруашылығы саласы мен кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, елдің әлеуеті артты. Мәдениет пен спорт саласында да сүйіншілейтін жаңалық аз бомлады. Инфрақұрылым мен инвестицияның көлемі артып, ауылдардың тұрмысы түзеле бастады. Жалпы ескі жылдан қандай естеліктер қалды, соны қысқаша шолып өтейік.
Инфрақұрылым ел игілігіне
Биыл әлеуметтік салада оң өзгерістер өте көп. Оның ішінде, инфрақұрылым мәселесінде маңызды шешімдер қабылданып, жақсы нәтижемен түйінделуде. Жарық, жол, ауыз су мен көгілдір отыны ауылдардың ажарын келтіруде. Алдымен жол мәселесіне тоқталайық, биыл ауданішілік жолдардың барылығы жөндеуден өтіп, көшелер асфальттануда. Сыр беткейдегі ауылдарға апарар облыстық маңыздағы жолдар биыл қайта толық жөнделді. Шалғайдағы Көктөбеге барар жолдың жағдайы жақсарды, бұған дейін ойдым-ойдым болған жолдар жамалмай, қайта жасалынды. Одан бөлек, елді мекен ішіндегі күретамыр жолдар қайта ретке келуде.
Аяқ судың жайы белгілі, ауыз судың мәселесі бір-екі жылдың көлемінде толық шешіледі. Уақытпен су ішетін ауылдағы ағайын үздік суды пайдалануына толық мүмкіндік ашылатын болады. Тау беткей мен Сырдағы ауылдардың проблемасы осы болатын, биыл осы мәсле бойынша жақсы жұмыстар атқарылды. Сол секілді, газдың келуі де ғасыр жаңалығына айналды. Соңғы екі жылдың ішінде аудан бойынша 10 ауылға көгілдір отын келіп, бөркімізді аспанға аттық. Соның бесеуі былтыр, биыл қалған бесеуі іске қосылды. 70 пайыз тозығы жеткен жарық жүйесі де қайта жаңғыртылуда. Былтыр басталған жұмыстар биыл түйінделуде. Биыл онға жуық ауылдың жарығы толық жаңғыртылды. Яғни, бағаналар мен сымдары жаңаланып, трасформаторлар ауысты. Енді ауыл халқы жарықтан таршылық көрмейтін болады.
Құрылыс қарқыны
Биыл білім мен медицина саласында жаңа ғимараттар көптеп бой көтерді. Ауылдық амбулатория мен Төменарықта 15 орындық аурухананың лентасы қиылды. Одан бөлек, «Оңалту орталығы» ашылды, сондай-ақ, кент ішінде қосымша жеке екі клиника мен екі дәріхана халық қызметіне кірісті. Жаманбай батыр ауылдық округінде №54 мектеп жанынан екі қабатты ғимарат салынды, «Жайлы мектеп» жобасы аясында екі бірдей білім ошағының құрылыс жүргізілуде. Кентте бір мемлекеттік және екі мемлекеттік мектеп жұмысын бастады. Шыны керек, біздің ауданда білім саласына өте көп инвестиция құйылуда. Кенттің өзінде 9 жеке және 9 мемлекеттік мектеп бар. Биыл Оқушылар үйі мен Өнер орталығы да игілігімізге берілді.
Аудан орталығында екі тойхана, үш ірі сауда орталығы мен бірнеше тамақтану орталықтары ашылуда. Жалпы алғанда шағын және орта бизнес дамып, аймақта көштің басына шықтық. Оны осы құрылыс нысандарынан-ақ көруге болады.
Спорт және руханият жылы
Биыл аудан спорты толайым табыстарға жетті. Әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінде спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Белбеу күрес, ат спорты мен ауыр атлетикадан алтын, күміс, қоланы да қанжығаға байладық. Бокстан алғаш рет ересектер арасында ел чемпионы шықты, гандболдан қыздарымыз Сыр намысын қорғап, Қазақстан чемпионы атанды. Бес бірдей аруымыз ұлттық құраманы толықтырды. Баскетбол мен волейбол спорты дамудың жаңа дәуіріне көтерілді. Биыл қос спорттан да республикалық турнирде олжалы оралдық. Ат спортынан облыста биыл дараланып, ұлттық құрама сапында үш балуан өнер көрсетті.
Ауыр атлетикадан аудан тарихы жаңа белеске көтерілді. Аянат Жұмағали тек Сыр спорты ғана емес, ел ауыр атлетика спортында есімін жаза білді. Ол бір жылда жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның екі дүркін чепионы атанды. Әлем чемпионатында да керемет нәтиже көрсетіп, ел біріншілігінде 76 келіде ең мықты екенін екі жыл қатарынан дәлелдеді. Енді бірер жылда ересектер сапында өнер көрсетіп, төрт жылда тұғыр төрі олимп шыңын бағындырады деп үміттенеміз. Оның мақсаты Әлем чемпионы мен Олимпиада ойындары. Одан бөлек, параспортшыларымыз да жаман нәтиже көрсетпеді. Жалпы аудан спорты 2024 жылды жарқын жетістіктермен түйіндеді.
Ұлу жылы Жаңақорған ауданында руханияттың ордасы қайнады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерін, алаш ардақтыларын дәріптеу мақсатында конференциялар мен мәдени шаралар өткізілді. Республикалық ақындар айтысы мен өнер майталмандары арнайы ат басын бұрды. Мерекелік кештерде елге белігілі өнер жұлдыздары мен айтыстың ақтангерлері аудан төріне табан тіреді.
Аграрлы саланың серпіні
Биыл аулышаруашылығы саласында да айтарлықтай жаңалық жетерлік. Жылдың қорытындысы бойынша Жаңақорған мал шаруашылығынан облыста «Үздік аудан» атанды. Бұл атақты біздің ауданға жыл сайын берсе де жарасады. Өйткені, өңір мал шаруасы біздің ауданның төрт түлігімен төрде тұр. Әсіресе, аймақтағы уақ малдың үштен бір бөлігі Жаңақорған ауданына тиесілі. Жазы жайлауда, тау етегінде тыныстап, қыс бойы Сырдың суы мен жазиралы даланың шөбімен қоректенетін төрт түліктің қоңы әрине жақсы болады.
Одан бөлек, бұл салаға жаңа технологиялар келді. Дрондар мен комбайндар, сонымен қатар жер тегістейтін лазерлер де шаруаларға қызметін көрсетуде. Егін саласын әртараптандыру бағытында жақсы жұмыстар атқарылды. Аяқ суға байланысты егіс көлемі аз болғанымен, өнім көлемі артты. Бұл да елдің ырыс-несібесі деп білеміз.
Міне, қысқаша шолуды осылай жасадық. Тағы бір тілге тиек ететіні, елдің тұрмысын түзейтін сала кәсіпкерлік көжиегі көңіл қуантты. Оның ішінде, шикізат емес, өнім өндіру ісі мықтап қолға алына бастады. Шағын бизнестен бастау алатын өнім көлемі осылай арта берсе, көршілес елдер былай тұрсын, өзге өңірге деген тәуелділік азаяды. Импорт азайып, экспорт артса, одан аудан нарығы әлдеқайда реттеледі, елдің тұрмысы бұдан да жақсы көрсеткішпен көрінеді. Ең бастысы, жылан жылы жылы жүздесулер мен жағымды жаңалықтар, есте қалатын есті оқиғалар көп болса игі деген бәрінде бір тілек бар.
Әли ТЕМІРБЕК