Байкенжеде ауылында жаңа мектеп ашылды
Байкенже ауылында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары салынған көне ғимараттың орнына жаңа мектеп үйінің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен жұртшылықты ең айтулы ұлық мереке – Конституция күнімен және алдағы жаңа оқу жылымен құттықтады.
Осындай айтулы мереке аясында өңірімізде бірнеше мәдениет, білім ошақтары ашылуда, дей келіп, бүгін Шиелі ауданы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық мектеп үйі ашылғанын, сондай-ақ Жаңақорған ауданы орталығында кәсіпкерлердің қолдауымен 400 орындық зияткерлік мектеп-интернаты білімгерлерге есігін айқара ашқанын жеткізді.
Байкенже ауылы халқы көптен күткен замануи үлгідегі жаңа мектептің бәсекеге қабілетті білім беруге алғышарттары сай болуына барлық жағдайлардың жасалғанын айтты.
– Биыл білім саласына бюджеттен 262 млрд 100 млн теңге қаралды. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Ұлттық жоба аясында 21 «Жайлы мектеп» құрылысы салынуда. Оның 13-і ауылдарда болса, екеуі Жаңақорған ауданында. Бірі Жаңарық елді мекенінде, екіншісі аудан орталығында ірге көтерді. Жақында ел игілігігіне пайдалануға беріледі, – деді ол.
«Білімді қолдау қоры» арқылы облыс орталығында құны 8 млрд 400 млн тұратын 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты, жанында 300 орындық жатақхана құрылысы аяқталуға жақын екенін, онда қала балалары ғана емес, ауыл балалары да білім алатынын айтты.
Байкенже ауылында бой көтерген зәулім ғимараттың алыстан көз тартқан сәулетінің өзі сапасына кепілдік беретініне тоқталған аймақ басшысы құрылысты жүргізген «Абу-Сер» компаниясының басшыларына рахмет айтуды ұмытпады. Серіктестік басшылары Рүстем мен Аида Абубакировтерге өз атынан ризаашалығын жеткізді.
Мектеп ғимаратының құрылысына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Келесі сәтте ел болып жаңа мектептің жай-күйімен танысты.
150 орындық білім ошағында мультимедиялық кабинет жұмыс жасайды. Пән кабинеттерінің барлығы жабдықталған. Кітапхана, спорт зал, мектеп асханасы талап деңгейінде құрал-жабдықтармен қамтылыпты. Мектептің төменгі қабатында орналасқан технология кабинетінде ұлдар мен қыз балалар бөлек оқытылатынын білдік. Шеберхананың ұлдар бөлімінде ағаш жонатын станоктар орналасса, қыздарға тігін машинасын меңгеруге мүмкіндік жасалыпты.
Онда тәжірибелі ұстаздар Төренияз Сержан және Кәрима Өткелбаева пәнді оқыту технологиясы бойынша тәжірибелеріне тоқталып өтті.
– Білім ордасында 240 оқушы екі ауысымда білім алатын болады. Оларға 40 мұғалім дәріс береді. Мектеп оқушыларының білім көрсеткіші жоғары. Әсіресе спорттағы жетістіктері бойынша ауданда алдыңғы қатарда келеміз, – дейді мектеп директоры Ермек Жұмаділлаұлы.
Баян ҮСЕЙІНОВА