» » Төрт ауылдың тіршілігі

Төрт ауылдың тіршілігі

Таңмен таласып тауға бет алдық. Жаңақорғанның жері Қыр мен Сыр болып екіге бөлінсе, Қыр дегені осы Қаратаудың құшағындағы қоныстар.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков мінген көлік жолмен зырлап келеді. Ішінара олар ауылдың мәселесін талқылап, шешілу тетігін бірлесе іздеп отыр. Газ, жер, су мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Соны сабақтап келеді.
– Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы­ның қолдауымен көп шаруа шешіліп жатыр. Шиелі жоғары кернеулі газ желісінен Төменарыққа газ тартуға мүмкіндік туды. Орман қоры есебінен 400 мың гектар жер жайылымға берілгелі тұр. Осының ықпалы көптеген тиімділікке жол аш­пақ. Мұндай қамқорлығына үлкен ризашылық лебізімізді айтуымыз керек, - деді аудан басшысы.
– Шынында солай, – деді мәслихат хатшысы. – Мына қуаңшылықтан кейін жайылымдық жердің бағасы аспандап кетті. Мал ұстаған ағайынның қажеттілігі үшін Сыр беткейдегі диқандар демеу жасап, шөппен қамтамасыз етуде. Бұған да шүкіршілік.
Осындай түйткілді мәселе діттеген нысанға жеткенше тарқатылып жатыр. Алдымызда асыға күткен төрт ауылдың адамы тұр. Олар қай мәселені де аудан әкімінің өз аузынан естігенді жөн санайды. Және тікелей әкімге сауал қоюға сәтті кездесу. Сондықтан тайлы-тұяғымен жиналады. Бүгін сәрсенбі, дәстүрлі қоғамдық қабылдау жасайтын күн, байқаймын, түскі үзіліске үлгермей, бірден қабылдауға кірісіп кеткелі тұр. Себебі төрт ауылдың тұрғынымен бүкпесіз, ашық форматтағы жүздесу кейде ұзақ уақытқа созылып жатады.
Манап ауылдық округіне тұмсықты тірегенде аудан басшысының назары солғын суретке түссе керек, лезде қабағына мұң ұялады. Оны ішіне бүгіп, алдынан ауыл әкімі Нұрбек Бексұлтанов ұшырасқанда толық жайып салды.
– Бұл ауыл кімнің атында? – деді Руслан Рүстемұлы.
– Халық ақыны Манап Көкеновтың.
– Дұрыс. Енді сол кісіге құрметің болсын, ауылдың кіре-берісіндегі бил­бордыңды дереу жаңалау керек. Жел мүжіген, күннің көзі жеген ақпараттық-насихат құралдары түгелдей жаңалауды күтіп тұр. Екіншіден, тұрғындардың қорасынан асырып тастап, көшенің сәнін бұзған күл-көңді жинатуды жадыңнан шығарма. Елді мәдениеттілікке дағды­ландырған жөн. Сен мойныңда ерекше екі міндет бар, біріншіден халық сайлаған әкімсің, екіншіден, қызмет жауапкершілігін сезініп, нақты жұмыс нышанын көрсетуің керек, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттер мен мақсаттарды баяндап берді де кезекті тұрғындар талабына аударды.
Манап ауылындағы мәселе – жайылымдық жерге қатысты өрбіді. Жер үлескерлері есебінен мал қора салып жатқан кәсіпкердің ісін әшкереледі. Ауыл ақсақалдары Қуанышбек Мейірбеков, Құттықожа Көкенов жерді халыққа қайтару, мал жайылымдығының тарылғанын айтса, Асқар Көкенов мектеп жанында шағын орталықтың жабылып, жеке бала бақшадағы кадр қысқартудың шалағай жұмысын сынға алды. Ал, Сәтілхан Ниязов №254 мектепті жалпы білім беретін орта мектепке айналдыруды ұсынды.
Бұған аудан басшысы дәйекті жауап берді. Жерге байланысты ауданда жұмысшы тобы құрылып, оны аудан әкімінің салалық орынбасары жетекшілік ететінін, елге түсіндіру, түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.
Талап ауылдық округіндегі кездесудің де негізгі нысанына жер тақырыбы ілікті. Ауылдың 5 шақырым айналасындағы жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанын сөз етті. Ауыл ақсақалы Төлеген Әбдіреймов: «Ауыл әкімі – біздің әкеміз һәм шешеміз. Ал, осы аумақтағы жердің бөлінгенін ол білмейді. Сонда қалай болғаны?» деді.
Ауыл әкімі Ербол Тақырбасов:
– Бүгінгі таңда осы ауыл маңында 33 шаруа қожалығына жер үлестірілген екен. Оның үшеуі ғана нақты жұмыс істейді. Басқасы белгісіз, – дейді.
– Ауылшаруашылығы мақсатын­дағы жердің 58 проценті игерілмей жатыр. Қазір осыған байланысты жұмыс жүргізудеміз. Алдағы уақытта бәрі де шешіледі. Жерді аукционға салудың электронды нұсқасын ендіріп, аймақта алғашқылардың бірі болып жүзеге асырамыз. Бұл ашық және дәйекті жол, – деді аудан басшысы.
Ауылдағы тағы бір мәселе – суат. Осыған орай екі карьерде кәріз жүйесін іске қосып, суат жасауға бел буып отырмыз дейді талаптықтар.
Жаманбай батыр ауылдық округінде Памир Шәметов ауылдағы әлеуметтік нысандарды жаңалау, №54 мектепті күрдел жөндеуден өткізіп, жыл сайын білімнің үздік үлгісін көрсеткен мұғалімдерді лайықты марапаттауды ұсынды. Сол секілді еңбек ардагері Жәдігер Әбдіразақов жер мәселесін көтерді. Сұрақтарға тиісті жауап қайтарылды.
Қосүйеңкі ауылдық округінде ардагер Әбутәліп Бакиров интернет, жер мәселесіне қатысты ойларын білдірді.
– Бүгінгі таңда ауыл аумағында 22 мың гектар жер болса, соның бір жарым мың гектары бөтеннің үлесінде. Осыған назар аударсаңыз, – деді ол.
Аудан әкімі барлық мәселенің анық-қанығын түсіндіріп, ауыл әкімінің де жауапкершілігін күшейту керек деп айтты.
Кездесу соңында аудан басшысы төрт ауылдың әкіміне де: «Аудан әкімдігінің аппарат мәжілісінде түйінді мәселелер, алдағы міндеттер, шешілу жолдары сарапқа салынып, ол толықтай «Жаңақорған тынысы» газетінде жарияланып келеді. Халықтың оқуына ықпал жасап, ел әрбір жаңалықты біліп отыруы керек. Әсіресе, Елбасының, ел Президентінің, облыс әкімінің елге жұмыс жүргізу саясатын тұрақты танысқаны дұрыс. Сондықтан жергілікті басылымдарда жазылған түрлі мәселеге басымдық беріп, баспасөзбен байланыс тығыз жүргізілгені жөн» деді.
Және Руслан Рүстемұлы: «Ең бастысы, елдің амандығы мен ынтымағын сақтап, ауылдардағы туындаған мәселелерді дер кезінде шешілуге күш салатын боламыз» деді.
Қаратау қолтығындағы қоныстар аудан басшысының тұрақты түрде келіп, есеп беріп, шашетек шаруаны шешіп, елмен етене болғанына ризашылығын білдіріп жатты. Біздің сапар осы ел ризашылығымен сәтті болды.
Осылайша Қаратауды қоныс еткен төрт ауылдың тіршілігін бағамдап қайттық. Елдің әлеуетін арттыру жолында мұндай сапардың талайына куә болатынымыз анық...
19 қыркүйек 2021 ж. 656 0