№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Депутаттар ел арасында

Депутаттар ел арасында

Қазақстан Республикасы Парламенті VІІ шақырылымының 1-сессиясы аяқталып, депутаттар өңір-өңірлерге іс-сапарға шығып, халықпен жүздесуде. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева мен Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов біздің ауданға арнайы келді.

Аймақтардың экологиялық жағдайын реттеу және аудан орталығын аяқ сумен қамтамасыз етуде Тайпақкөл-Қандыарал көлдер жүйесін тазалау арқылы қол жеткізуге болады. Бұл мәселе сырт қалмай, депутаттарға оның маңызын түсіндірді.
Сырдария өзінінің Көктөбе елді мекені тұсына үрмелі су тоспасын қою жеттілігі туындауда. Әкім Руслан Рүстемов бұл аудан үшін өте маңызды жоба екенін атап өтті.
ХХ ғасырдың 60 жылдардың аяғында Келінтөбе магистралды каналы іске қосылып, Жаңақорған ауданының халқына халық қосылып, Түгіскен массивін игеріп, елдің әлеуметтік әлеуеті арта түсті. Сол уақыттан бері диқаншы қауымға канал қалтқысыз қызмет етіп келген-ді. Бірақ соңғы жылдары Сырдария өзенінде қайыр жерлер көбейіп, судың мөлшері жыл өткен сайын азайып келеді. Бұған халық қатты алаңдаулы.
– Сырдария өзеніндегі су тапшылығы әсерінен, яғни су деңгейінен жер деңгейі салыстырмалы түрде биік болу салдарынан негізгі су каналымыз Келінтөбе магистралына судың аз өту себебінен егістік айналымының ең төменгі 25 пайыздық мөлшерін сақтай алмай отырмыз. Осы себепті үрмелі су тоспасын салып беруді сұраймыз. Бұл – үлкен мәселе. Керек десеңіздер, Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді, – деді «Orda Агротехнология» ЖШС басшысы Керімхан Егізбаев.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің басқарма басшысы Арсен Жақанбаев су тоспасын салудың экологиялық, экономикалық салдары жан-жақты зерттелетінін жеткізді.
– Су тоспасының Сырдария өзінінің төменгі ағысындағы аудандарға әсері қандай болады? Мұны да қаперге алуымыз тиіс. Бастысы, су тоспасы қойылатын жердің құрамы, өзеннің иірімдері мен ағысын алдын-ала зерделеу маңызды, – деді Арсен Арманұлы.
Шаруа қожалықтарының басшылары биылғы жылғы қуаңшылықтың шаруалардың тіршілігіне кері әсерін тигізіп жатқандығын айтып, мемлекеттен жем-шөп алуға бөлінетін субсидиялау бағдарламасының ережесіне өзгеріс енгізіп, маусым, шілде, тамыз айында субсидия берілсе деген өтінішін білдірді.
Әрі қарай Жаңақорған кентіндегі «Премиум Класс-Строй» ЖШС-нің әк зауытына барды. Қысы-жазы өнім өндіретін зауыт 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Онда тәулігіне 240 тонна әктас өндіріледі. Бүгінде 8 пешке сағатына 1500 куб көгілдір отын жұмсалады. Егер тағы 1500 куб газ алуға мүмкіндік болса, тәулігіне әктас өндіруді 500 тоннаға дейін жеткізіп, қосымша 40 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Серіктестік басшысы көгілдір отынның мөлшерін арттыруға көмек қажеттігі туралы өтініш білдірді.
Жаңақорған кентінің МАИ бекетінде жаңадан салынып жатқан 300 орындық мектеп пен №169 мектептің – Б.Байкенжеев көшесінде бой көтеріп жатқан 600 орындық жаңа ғимараттың құрылыс жұмысын көрді.
Қос мектептің де аудан үшін маңызы зор. Бүгінде МАИ бекетінен 300-ден аса оқушы Жаңақорған кентіндегі мектептерге қатынап оқиды. Ал, №169 мектепте оқушы сыйымдылығына байланысты мәселе бар. Осыған байланысты қос мектептің ашылуын жаңақорғандықтар асыға күтіп отыр.
– МАИ бекеті перспективалы аймаққа айналып, тұрғын үйлер саны артыпты. Енді мұнда сапалы мектеп қажет. Тұрғындар жаңа оқу жылында балаларын осы білім ордасына беруді армандап отыр. Мердігер компания алдында сенімге селкеу түсірмеу міндеті тұр. Байқауымша, мектеп құрылысы өте баяу жүргізілуде. Бұлай болмайды. Құрылысты сапалы әрі уақытылы тапсырылуы тиіс. Мұны бақылайтын боламыз, – деді Балайым Туғанбайқызы.
Мәжіліс депутаты «Nur Otan» партиясының 5 жылдық сайлауалды бағдарламасына енген жобалардың атқарылу барысын білді. Жаңақорған ауданында ХХ ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген электр желісін жаңарту маңызды. Әсіресе, Жаңақорған кентінде жауын-шашын жапса да, жел тұрса да жарық сөнеді. Мұның салмағын жаңақорғандықтар биылғы қыста қатты сезінді. Жаңақорған кентінде ауыз суды үйді-үйге кіргізетін сервистік жұмыстар жүргізілуде. Халық асыға күтіп отырған маңызды жұмыстың қарқыны тым баяу. Аудандағы ең ірі елді мекеннің бірі – Төменарық ауылдық округі десек, Сунақата, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық елді мекенінің тұрғындары сондағы ауруханада емделуді дағдыға айналдырған. Соңғы жылдары осы аурухананың заманауи нысанын салуды көтеріп келеді. Бұл жөнінен облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова хабардар. Бірақ, әлі күнге дейін ауылдық аурухананы салу мәселесі бір жақты шешімін тапқан жоқ.
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарын қабылдап, еркін форматта пікір алмасты.
Тұрғындар бүгінгі таңдағы мал және егін шаруашылығы, әсіресе су мәселесі, азық түлік, құрылыс заттарының бағасының қымбаттауы, аймағымызда орын алып жатқан қуаңшылық жағдайы, мал азығын дайындаудағы қиындықтар, ауылдағы жолдарды жөндеу жөнінде ұсынысын білдірді.
Аққорған ауылының тұрғыны Ермағанбет Ибрагимов елді мекенде ыза судың көтерілу мәселесін көтерді. Бұрын ауылда жер асты ыза суларды тартатын дренаждар болған, қазіргі таңда аталған дренаждар жойылып кеткен. Соған байланысты ауылда жер асты ыза су көтеріліп, ауылдағы ағаштар, егістер қурап қалған. Осы мәселенің шешімін табуына ықпал етуді сұрады.
Қаламгер Ерубай Қалдыбек №3 мектеп-интернатқа «ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» Әбіласан Әшірбековтің есімін беруді және Қазақстанның тұлғалы азаматтар тізіміне енгізуге ықпал етуді сұрады.
Облыстық әділет департаментінде уақытша сот орындаушы қызметін атқаратын Әділет Қожантаев мемлекеттік қызметкерлерді қысқартуды оңтайлы шешу жолдарын сұрады.
– Сыр өңіріндегі сапарымның мақсаты – партияның сайлауалды бағдарламасының міндеттері жергілікті жерлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын, өңірлердің өндірістік және ауылшаруашылық әлеуетін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын, халықтың әлеуметтік мәселелері қалай шешіліп жатқанын көзбен көру. Жаңақорған ауданындағы жұмыс сапарымдағы кездесу қорытындысымен тұрғындардан түскен ұсыныс тілектерді ескере отырып, Үкімет пен Министрліктерге тиісті шараларды қабылдауды ұсынатын боламын, – деді Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары.
13 шілде 2021 ж. 972 0