№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үшінші әкімнің үлгілі ісі

Үшінші әкімнің үлгілі ісі

Уақыт бәріне төреші. Ұлттық мұрат жолында қызмет еткен қайраткерлердің барлығы бірдей халықтың жадына жаттала бермейді. Ақындар да солай. Жүздеген өлең жазғанымен халықтың көңіліне бір өлеңін жаттата алмаған қаламгерлер де бар. Әкімдерді де солай сараптауға болады. 1996-1998 жылдары әкім болған Салқадин Мырзабековтің тұсында ауданда қандай оқиғалар орын алды?
Ел экономикасын қайта құрып, жаңа құрылымдық жүйеге үйрену оңайға соқпады. Ортақ қазынамыз қаржы да көп болмады. Қарқындаған өндіріс те жоқ. Айлық алудың өзі мұң болды. Осы кезең туралы толық ақпарат алу үшін аудандық мұрағат бөліміне барып, шаң басқан сары қағаздармен таныстық. Қол машинкасымен терілген құнды құжаттар сол кезеңдегі тыныс-тіршілігінен хабар береді.
Салқадин Мырзабеков ауданға басшылыққа келгенде ең алдымен егіншілікті ұйымдастыруды қолға алыпты. Егін орағы науқанын зор ұйымдастырушылықпен өткізу туралы қарар қабылдады. Егіншілер жұмыс сағатын ұзартып, күнделікті жұмыстың ақпарын кешкі сағат 20.00-21.00-ге дейін тапсыруды міндеттеді. Ол кезде жұмысшы бригадалар саны да артты. Мәселен, Қожакент пен Түгіскенде – 6, Сунақата мен Келінтөбеде – 5, Қыркеңсе мен Өзгентте – 4, Жаңарық пен Баспақкөлде – 3 күріш бригадасы еңбек етті.
Кооперативтерге бөлінген шаруашы­лықтарға мүліктерді жекешелендіру жүргізілді. Ауылшаруашылық техни­каларын жекеге өткізу қолға алынды.
Салқадин Мырзабеков аудандағы әкімдер арасында су жаңа көлік тізгіндеген екен. «Волга» ГАЗ №31029 маркалы автомашина ауданға алғаш рет келіп, елдің көбі осы көлікпен бірге суретке түскен екен.
1997 жылы осындай ұйымдас­тырушылық жұмыстардың арқасында Сыр өңірінде алғаш рет «Үздік аудан» атанып, күріштен мол өнім жинады. Сол қуанышты күннің жәдігері ретінде салтанатты жиында табысталған «Самсунг» теледидары аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.
Ауданда жұмыс орындарының аздығы жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына кедергі еді. Жоғары оқу орнына түсу де, оқып келген маманға тұрақты жұмыс тауып беру де күрделі мәселеге айналды. Сол уақытта тоғыз жылдық білім алушылар қатары артты. Жоғарғы сынып оқушыларына мемлекеттік гранттар бөліне бастады.
Жұмыс орындарының аздығы ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын тұралатып, құқық бұзушылық саны артты. 1996 жылдың 8 айында қылмыс 1,9 пайызға өсті. Қылмысты іздестіру мен ашу саласына айтарлықтай жүк артылды. Қылмыстың көбі ауыл аймақтарда орын алған. Әсіресе, мал ұрлығы көбейді.
Қылмысты ашуда аудандық ішкі істер саласы тындырымды қарекет еткені тарихи құжаттарда анық көрсетілген. Сол кезеңдерде «Жаңақорған тынысы» газетінің «Қылмыс хроникасы» айдарына мемлекеттік мүлікке қолсалғандар туралы жиі жазылды. Бұл да болса, құқықбұзушылықты тыюға септігін тигізді.
Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Ө.Тақырбасов, Ж.Жәнібеков, кент әкімі Б.Әбутүрапов, аудандық халықты әлеу­меттік қорғау бөлімінің басшысы С.Тумырзаев әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларды халыққа түсіндіріп, іс атқарғанын аудандық газеттің тігіндісінен оқуға болады.
Сол кезеңдегі құрылысты сөз етер болсақ, мемлекеттің қаражаты шектеулі болғандықтан қарқынды құрылыс болған жоқ. Көбіне асар әдісіне сүйеніп, құрылыс жүргізілді.
Жаңақорғанның шипажайы көптен бері ісі тоқтап, есігінде құлып салынып тұрған еді. Салқадин Мырзабеков осы нысанды қайта ашуға ықпал етті. «Жаңақорған шипажайы» АҚ Аманкелді Абдуллаевқа табыстайды. Іскер азамат алғашқы жылдары шипажайдың билеттерін алыс-ақын аймаққа өздері аралап сатып, халыққа батпақтың шипагерлігін түсіндіреді. Ауданның иммиджіне айналған «Жаңақорған шипажайы» сол кезден бастап дамудың жолына түсті. «Үш ата», Қылауыз (Жақып Ата) әулиенің мазары тазаланып, жаңа сипатқа кеңеледі.
Академик Мұхтар Әлиевтің қаржылай демеушілігімен Кеңес ауылында «Құрбан Ата» мешіті бой көтерді. Оның құрылыс заттарын табу да сол кезде оңай шаруа болмады. Кірпіш өндіретін кәсіпорындар болмауы, құрылыс материалдарын шығаратын цехтердің болмауы да көп қиындық туғызғаны елдің есінде.
Бұл жөнінде еске алған Салқадин Мырзабеков:
– Кірпіштерді құлаған үйлерден терімшілеп жүріп жинап, құрылыс заттарын іздеп, сол мешіттің бой көтеруі үшін күш салдық, – деді .
Салқадин Мырзабековтің ел басқару ісінде қолдағы барды ұқсата білуді, ел мүддесі жолында уақытпен санаспай еңбек етудің үздік үлгісін аңғардық. Жаңақорған дегенде ерекше ыстық ықыласын білдіріп жүрген ағамыз зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы Қызылорда облыстық департементінің директоры қызметін атқаруда. «Жаңа­қорған жастық жылдарымның куәсі» дейді ел ағасы.
Мақпал МАРҚАБАЙ
21 ақпан 2021 ж. 1 122 0