№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Кітанұшқан» оқиғасы

«Кітанұшқан» оқиғасы


Қарт Қаратау қаншама тарихи оқиғаны ішіне бүгіп жатқан киелі тау. Яғни, талай тылсым сырды, құнды мұралар мен деректерді қойнына сыйдырып жатыр. Оның дәлелі көп. Мәселен, ерте-ерте замандарда ұрпағына аманат ретінде жазылған хаттарды табуға болады. Жау әскерімен кескілескен соғыстардың қаншамасына қарт тау куә. Осылай айта берсе тым көп. Сондай оқиғаның бірі – Кітанұшқан оқиғасы.


Жалпы, «Кітанұшқан» жайлы түрлі деректер кездеседі. Мәселен, №54 Октябрь (қазіргі Жүсіп Қыдыров) атындағы орта мектепте ұстаздық еткен Таңқашбек есімді ұстаздан естіген едік.
– Кітан тарихта болған адам. Мүтан есімді жарлы кісінің жалғыз ұлы. Мүтан жалғызының бетінен қақпай өсіріпті. Қолына қыран ұстап, Қаратаудың қиясы мен жырасын шарлап аң аулап саятшылық жасаған. Сондай-ақ, серілік те жасап, жиын-тойда сөз бастаған. Саз аспаптарында шебер ойнап, жап-жақсы ән айтады. Ол жиын-тойлардың бірінде байдың қызына ғашық болады. Кітан қызға құда түспек болғанда бай бір шарт жасайды. Яғни, таудан қыранының балапанын алып келіп беруді тапсырады-мыс. Қыран ұясын іздеген жігіт «Бесарық» өзенін жоғары қарай жағалай жүріп, бір құздың қасына тоқтайды. Сөйтіп төменнен жоғары өрмелеуге аяқ тұмсығын тірер бұдыры жоқ тік жартастың орта шеніндегі үңгірдегі ұядан балапанды алу керек. Кітан жартастың сыртын айналып жоғарыдан төмен түсуге бекінеді, – деді ардагер ұстаз.
Одан ары Таңқашбек ұстаз әңгімесін былай жалғастырды: – Қолындағы шылбырдың бір ұшын жота төбесіне бекітіп, бір ұшын беліне байлаған ол арқанмен саумалап төмен түсе бастайды. Тау тыныштығын бұзған дыбысты естіген қыран ұясынан ұшып шыққанда, оның ұясына қарай жоғарыдан түсіп келе жатқан адамды байқап, ұясына жеткізбес үшін оны шабуылдайды. Салбырап келе жатқан адамға шүйлігіп келіп қанатымен оны ұрып өтеді. Бүркіттің соққысынан Кітан теңселіп кетеді де тастың жақпарына тиіп тұрған арқан қажалып тіндері үзіле бастайды. Айналада қол ұшын берер пенде жоқ, дауыс жетер жерде елде жоқ. Шарасыз жігіт амал жоқ өздігінше қорғанып бағады. Бүркіттің бірнеше шабуылынан қорғанған Кітаннның беліне байлаған жібін тас қиып ақыры ол құздан ұшып кетеді. Жүз метрдей биіктіктен құлаған Кітан сол арада мерт болады. Аңшы жігіттің кешіккенінен секем алған ауылдастары оны іздеп келіп мәйітін табады. Қаза болғанына біраз уақыт өткен мәйітті алып жүруге болмай оны сол орнында жерлейді. Кейін бұл жер Кітанұшқан атанып кетіпті.
«Кітан ұшқан» тарихы жөнінде тағы бір нұсқаны белгілі қаламгер Адырбек Сопыбековтің «Жаңарған Жаңақорған» (тарихнама) кітабынан таптық. «Қаратау кереметтері» бөлімінде орын алған екен. Ал, ақын, сазгер-күйші Жүсіп Қыдыровтың Сырдария кітапханасы сериясмен шыққан «Ақбоз атты ару» кітабында «Кітанұшқан» атты өлең шығыпты. Адыкең көне қөз қариялардың айтқан аңыздары бойынша, ал, Жүсіп Қыдыров өз атасының айтуы бойынша өрнектеген.
Екі қаламгердің де шығармаларында оқиға желісі Кітан атты аңшы жігіттің жүйрік атының қолды болуына байланысты өрбиді. Аталмыш қос шығармада да саятшылықты ермек еткен бай Кітанға бүркіттің балапанын алып келген жағдайда аттың дерегін айтатындығын мәлімдейді. Атының дерегін естіген Кітан бүркіт балапанын әкеліп беретін болып тауға кетеді. Іздеп жүріп бүркіт ұясының қайда екенін көреді. Бүркіт адам аяғы жете бермес биік құз жартастың орта беліндегі үңгірге ұя салған екен. Төменнен жоғары өрмелеуге тас бетінде аяқ тірер бұдыр жоқ. Амал жоқ құзды сырт айналып тегіспен құздың төбесіне шығады. Төмендегі ұяға тек арқанменен түсу қажет. Қыл шылбырды жоғарыға бекіткен Кітан жіптің екінші ұшын беліне байлап арқанды саумалап төмен түсе бастайды. Адырбек Сопыбековтың жазған шығармасында адамды ұясындағы балапанына жеткізбеу үшін бүркіт оны екі рет қанатымен қағады. Осы арада Кітанның беліндегі арқан ширатылып, жоғарғы жағы тасқа қажалып, ақырында арқан үзіліп, Кітан құздан құлап, мерт болады.
Ал, Жүсіп Қыдыровтың шығармасында Кітанның қолын шылбыр қиып, балапан ұясына жақындағанда қыры тышақтай өткір тасқа қажалған арқанның үзіліп, аңшы жігіттің құлауымен аяқталады. Осы бір сәтті ақын қаламынан
– Қалды – ау жүйрік қол жетпей,
Бір қарады сүзіліп.
Қош деуге де үлгертпей,
Кетті арқан үзіліп, – деген жолдардан ұғуға болады.
Міне, «Кітанұшқан» оқиғасының бірнеше нұсқасы болғанымен, ақиқаты біреу. Ол – бүркіт балапанын алуға барған Кітан таудан құлап, мерт болады.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
19 мамыр 2019 ж. 1 243 0