№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Бір тамшы тер


Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. Ал, еңбек сөзінің парқын, түпкі мағынасын, негізгі идеясын түсіну үшін бірнеше сала мамандарымен әңгіме өрбіттік. Дидарласудың барысында «Еңбектің наны тәтті» деген ұлағатты ұстанымның мағынасын ұққандай болдық.  Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен екен. Мәселен, спорт, өнер мен білім ізденісінде жүрген жастарымызды алып көрелік. Алысқа бармай-ақ өзіміз танып біліп жүрген, саңлақтарды сөз етсек.

Спорт – өмір
«Тәні саудың – жаны сау», демей ме қазақ? Ал, сол спорт саласындағы саңлақтардың бірі – еркін күрестен Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Ниязбеков. Жастайынан күреске әуес болып өскен ол қазіргі таңда әлемнің таңдаулы спортшыларының қатарында. Талапты жігіт табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында бес рет ел чемпионы атанды. Мұндай атақ-абырой оған бірден серік болмады. Бұл жолда спортшы бозкілемде талай күш жұмсады.
– Спортта түрлі қиыншылықтар болады, демек жарақат алу, жеңілістің ащы дәмін тату дегендей. Ал, ел біріншілігі болсын, әлемдік турнирлер болсын жеңіске жету үшін дайындалып, спорттық бапты сақтау керек-ақ. Ол үшін бапкерімнің берген тапсырмаларын тиянақты орындап, еңбек етудің арқасында әлемдік додаларда үздіктер қатарында жүрмін. Десек те, босаңсуға болмайды. Алда Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада Ойынына жолдама беретін әлем біріншілігі бар. Олимп шыңына шығу үшін еңбекті үдете түсемін, – деді талантты спортшы Д.Ниязбеков.
Музыка – бір әлем
 «Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы әнмен тәтті күй» – деп кемеңгер ақын Абай бекер айтпаса керек. Расында ән тыңдағанда адамның жан дүниесі тербеліп, рухани азық алатыны хақ. Осы музыка саласында өзіндік даусы бар, орындаушылық стилі қалыптасқан жас таланттың бірі – Серік Ибрагимов.
– Халықтың көзайымы болып, сүйікті әншісі атанып жүргенім мені биік шыңдарға жетелейді. Өнердің майданына түскелі елімізге еңбегі сіңген аға-әпкелерден тәлім-тәрбие, өнеге алып келемін. Әрине әр әншінің туа біткен таланты, өзіндік ән айту стилі болады. Киелі сахнаға шығып өнер көрсету өте жауапты іс, сол сахнада мені танымал еткен өзімнің саксафон аспабым екенін баршаға аян. Бұл аспапты үйреніп, елге танылуым да тынбас еңбектің нәтижесі, – дейді жерлес жас әнші.
Қазір қазақ эстрадасында әншілер өте көп екені белгілі, ал солардың көбі өз орнын таба алмауда десек артықтық емес. Бұл кедергі Серікті де айналып өтпегені рас, алайда ол біршама жыл ішінде қажырлы еңбектің арқасында елдің еркесіне айналды.
Білім – теңіз
«Білім – инемен құдық қазғандай» деген нақыл сөздің мағынасы тереңде. Қиын болса да инемен құдық қазып, қазыналы білім жинап, елдің абыройын асқақтатсам, деп жүрген білімпаздың бірі Ақниет Жәрімбет. Ол  №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектепті, «Алтын белгімен»  бітірген болатын. Қазіргі кезде Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде шет тілі мамандығы бойынша білім алуда. Болашағынан зор үміт күттіретін Ақниет мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен зерек екенін ұстаздарымен бірге оқыған сыныптас достары айтты.
– Мемлекеттік грантта оқып жатқаным мен үшін үлкен мәртебе, әрі қуаныш. Мұндай мүмкіндік алуыма еңбекпен қарулануым оң әсер етті. Яғни 11 жыл бойы ұстаздарымның берген тапсырмасын ыждағаттылықпен орындаудың нәтижесі. Алда ауыр сындар, нағыз шыңдалатын сәттерден өтуге әзірмін. Өйткені мен еңбектенуден қашпаймын, – деді білімді студент.
Түсінгеніміз, биік шыңға шығу үшін адам қажырлы еңбек етуі тиіс. Мұны пікірлестеріміздің басты құндылығы деуге болады. Олардың барша жетістіктері бір тамшы тердің арқасында келіп жеткені үлкен жетістік. «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір» деген дана халқымыз ұрпағын еңбекқорлыққа тәрбиелесе игі.
09 қазан 2018 ж. 1 291 0