№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сыпыра сыйлық

Сыпыра сыйлық


Оқыс дауыстан селк етіп оянып кеттім. Сопақ басым басын басып кеткен кетпеннің сабындай болып, қақшаң етіп, жастықтан үркіп тұр. Сыртқа есік ойбайлап ашылып, іле-шала «ыңқ» етіп оңдырмай жабылды. Зеңбіректің зіркіліндей зіл батпан. Төбедегі шам: «Праваңды тесейін бе» дейтін МАИ-дың көзіндей ежірейіп, тас төбемнен төніп тұр екен.
Бөтен бөлме, айналаның бәрі бейтаныс. Айран-асырмын. Кілегейленген көзімді уқалап-уқалап, жан-жағыма тінте қарадым. Оу, бұл қай жер? Қайда келгенмін? Миым ашып отыр. Көзіммен сүзгілеп отырып, аяқ жағымдағы жуындыға тойған күшіктей, қыртыс-тыртысты жазыла маймиып тұрған қара сөмкемді көргенде барып, есіме түсе қойды.
...«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз көмекейіме көне кетіп, денсаулығымды тексертіп көрейінші, деп салып ұрып емханаға барғанмын. Алғандарың ас болғырлар, «башбайымнан бақа басыма» дейін мүше-мүшеге бөліп, жүздеген кабинеттерде тергеп-текшеп «өліп-тіріліп» қарады. Қойны қонышымдағы түрлі қағазды ақтарып көрген бас дәрігер: «Бүйрегіңнің бүлкілінде бүлік бар. Бауырың ауыр тарқан. Өт жолың өндіріп өткізбейді, кедергі-кеден, себебі неден? Емделу керек. Емнің алдында минералды су ішіп, ішек-қарынды шайып, шайқау қажет, ақаңнан аулақ қонып, байқау қажет» деген секілді қорытынды жасап, емделу жолдамасына шимайлап, мөрін тарс еткізген.
«Қожа бір іс қылды, мәсісін кесіп кебіс қылды» демекші, содан шипалы судың тесіп шығып жатқан көзіне кеше кешкісін келіп құлағанмын. «Балық жеген су, су дер, қос айдаған шу-шу дер» деп су ішетін маңға жақын жерден жамбас пұлын төлеп, бір үйге жайғасқам. Үй егелері балалары қалада жұмыс істейтін кемпір мен шал. Өзіме жайлы секілді. Менен бұрын бір кісі орналасыпты. Кешкілік жөн сұрасып, танысып алдық. Жылы жүзді, әңгімешіл, жайдары кісі екен. Зейнетке шығуына бірер жыл қалыпты. Бір шаруашылықтың бас агрономы болып, сонау жігіт кезінен істейтін көрінеді. Өспеген де, өшпеген де, доптай домаланып, ширек ғасыр жүре беріпті. Шайды сораптап, әңгімені ерсілі-қарсылы гөйітіп, әлден уақытта жатқанбыз.
Миымды солқылдатып отырып, осыларды лезде есіме түсіріп шықтым. Жаңағы сыртқа шыққан сол – Әбекең болды. Қыт-қыттаған иауықтай қыдырып жүрген көңілім байыз тауып, саршұнақтай қаздиған басым жастыққа қайта «посадка» жасады. Бірақ ұйқым келмей қайта ұйымады. Жарық шақшиған күйі шаңшылып тұр. Түннің ортасы. Шайқайнатым мезгілде серігім де даладан да оралды-ау. Есіктерді сатыр-сұтыр жауып, ырсылдап-пырсылдып, «атаңа нәлет-ай!» деп біреуді күйіне боқтай кірді. Тәп-тәуір боқтайды екен, ысылғандығы білініп-ақ тұр. Ұйқым іріп, мылжа-мылжа болып мен жатырмын. «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра» дегенді білсек те:
– Әбеке , кімді боқтадыңыз? - деп бір аунап түстік.
– Ей, әлгі кім ше, атаңа нәлет, біздің директор ше, соны деді Әбекең пысылдап , қайта шешініп жатып.
– Не жазығы бар оның?
– Жазығы сол, аперис. Мені мақтап-мақтап, жұмсай берген. Мен есірік «қайтсем күрішті мол аламын» деп суды жалаңаяқ кешіп, есіріп жүре бергенмін. Ақыры міне, мынау. Бүйрек бозабразит етеді. «Ала тауық сабан шашар, өз сырын өзі ашар» демекші, оңайлықпен зәр жүрмейді. Далада тұр тұр-еп, тұр-еп, өліп-талып шала-пұла іс бітіріп кіріп тұрғаным осы. Әлгі неме мен өсірген күріштің арқасында кейіннен ауданға хатшы болып кетті, атаңа нәлет!
«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» демекші, күлкім күлкілдеп, бөртіп келсе де «отбой» беріп, басымды тарс бүркеніп, бүк түстім. Көзім ілініп барады екен. Жарық жарқ ете қалды. Тағы да Әбекең! Борбайынан бастап, басына дейін киініп жатыр. Ішкі-сыртқы шалбарын, көйлегін, жемпірін, тонын, бөркін түгел киініп алып, құнтиып шығып кетті. Свет шақшиып, есік «ойбайлап» үһілеп бір кезде қайта кірді-ау. Қарап кірмей, тағы да боқтай келді. Үйреншікті сұрақты алдына тастай салдым.
– Әбеке , кімді боқтап келесіз?
– Е, әлгі кім ше, директорды.
– Жаңа ғана боқтап қойып едіңіз ғой. «Ой кеше екенсің ғой» дейтіндей көзқараспен маған тесіле қарап тұрып:
– Ол бірінші директор болатын. Бұл одан кейінгі директорға арналған «порсы», – деді.
– Маған жаман водовозды мақтап-мақтап мінгізіп, күндіз-түні жұмсай береген. Мен комбайн, трактордың асты-үстіне түсіп, орақ орғызып, сүдігер жыртқызып, ылғал жереге аунап жата бергенмін. Мынау соның «рахаты». Көзімнен жасым шырт-шырт шығып, өкіріп өлдім-ау, жөніне кетті, атаңа нәлет, оңбаған! Не керек, екінші директордың да көрапасын көрсетіп, зорға жаттық.
Бір кезде шошып ояндым. Жарық тағы да жарқрап тұр. Әбекең зорға киініп, аударылып, төңкеріліп сыртқа шығып кетті. Бір мезгілде келді-ау, әйтеуір. Тағы да боқтай кірді. Менің ояу екенімді біліп, өзі түсіндіріп жатыр.
– Бұл – үшінші директорға арналған «премия!» Ол да мені мазақ етіп, жұмсай-жұмсай, егістікті көрмей-ақ, ауыл шаруашылық басқармасының бастығы болып өсіп кетті. Менің жүрісім мынау, ауым сірне-сірне, атаңа нәлет-ай! Үйге же жарымаппын. Баяғы екі бөлмелі үйді үлкейтпеппін. Жақында балам үйленіп, санымды сонда бірақ соқтым ғой. Осы кезде өз бөлмесінен үй иесі де шықты.
– Сендер тым дамбырлап кеттіңдер ғой, өзі.
Біз жамырай сөйлеп, жаппай боқтап, түсіндіріп жатырмыз. «Ақылсыз сұрақ беріп, ақылды жауап күтпе деген» деп ол кісі өз бөлмесіне қайта кіріп кетті. Біз де жата қалыстық. Бірақ жатып жарымадық. Әбекең таң атқанша тағы да төрт рет далаға шығып, қызметтес болған басқа төрт директорды түгенлеп шықты. Жетеуіне жеті табақ , сорпасымен сыбағалары толық тартылды. «Ақсақпен жол жүрсек, жолға алаң боларсың» деп мен де ол кісілермен едәуір «таныс» болып қалдым, атаңанәлет!
Таңертең соғыстан қайтқан солдаттай қалжырап, әлтек-тәлтек басып, суатымызға жөнелдік. Одан соң батпақ жағу, шлангы жұту дегендермен жағаласып, тынбаймыз. Кешке сілеміз қатып, сілелеп келеміз. Түнемелікке албастымен алысқандай, баяғы Әбекеңнің бастықтарын боқтап, әбіржіп шығамыз. Қазіргі мендегі арман: «Аштан өлгенше, жарылып, өлген абзал» деп бір рахаттанып ұйықтасам деймін. Оған қайда! «Жолдасың қара қарға болса, жегенің жоқ болар» дегендей, Әбекең түнімен кіріп-шығып бұрынғы бастықтарына сыпыра «сыйлық» таратып әуре. Мен көзім бақырайып жатамын да қоямын.
Жетінші күні таңертең тапақ-сапақта атып тұрып, «бүйтіп емделгені құрысын!» деп ауылға жөнелдім. Қарап кетпедім, «Әбеке! Күндіз кездессек те түнде жолықпайықшы. «Радиаторыңыздағы» суыңыздың сарылдауына тілектеспін» – деген біржапырақ қағаз қалдырдым.
Ол кісіге дауа жоқ, маған да сыртымнан бір сыйлық арнады ма, кім білсін. Кейде құлағым қараптан-қарап шыңылдап қоя береді...
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 078 0

Ұқсас жаңалықтар: