№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАСҚЫР ҰЛЫҒАН ТҮН (деректі әңгіме)

ҚАСҚЫР ҰЛЫҒАН ТҮН (деректі әңгіме)


Ү-у. үу-у-үу. у-үу. үу... Не деген ащы дауыс?! Дала біткеннің иелігі ит тұқымдасының уысында сияқты көрінеді. Жалғыз-жарымның жүрегін ұшыратындай-ақ дауыс. Сес көрсеткені ме екен оның?
Қасқырмен бетпе-бет келген талайдың әңгімесін естігем, өткір көзі, қайратты түгі қаймықтыратын секілді. Лезде бойды қорқыныш сезім билеп кетеді. Мүмкін емес. Оны әкем айтқан. Қасқырдың қайратты қасиетіне қарсы келуге аң атаулының айбары жетпейді. Жаратылысы бөлек. Еркін. Біреудің айтқанына бағынбайды. Өз дегенін орындайтын мәрт. Хайуанаттар саябағы әрең көндіріп келеді, ал, цирк аренасына бірде-бір шыққан емес. Ендеше қасқырдың аты қасқыр.
Шағыл құм төбенің басына шоқиып отырып, өңешін шегіне дейін ширатып, ұлуын алысқа созып үдететін қасқырдың қалыпты әдеті тағы басталды. Күн суыса күшіне мінетін құрғырдың құтырғанын-ай... Малшы ауылға маза бермейді. Қару алып талай адам қасқырға қарсы шықты. Бірақ бөрінің кекшіл мінезі қораның қай бұрышынан болсын, осал жерін тауып, қойды қырып кеткені бір бөлек, ірі қараға ауыз салып кетуін қоймайды.
Бүгін тағы бұзық мінезіне басатын түрі бар. Төбе басынан ұлыған қасқырдың даусы шықты. Енді кімнің қорасына түспек?
Түннің мақпал мезгілін меншіктеп, үстемдік құрған қасқырлардың қыры ұйқыны қашырып, елден қашықтау отырған жалғыз-жарымды секем алдырады. Ол ол ма, мінезі найзағайға ұқсап шарт-пұрт болып, көңіліне жақпаған нәрсеге күйгелектеніп кететін кей кісілердің дегбірін тіптен қашырып, төсектен амалсыз тұрғызады да, «қорадан қой тартып кетпесе игі еді» деген күдігін еселеп кетеді. Сосын әлгі уіл қараша үйге іргелес қор жайдың есік-тесігін бекемдеуге итермелейді. Бөрінің бүлігі тек ащы даусында емес, ісінде де толып жатыр. Қыстың құлашы ұзарған сайын малшы қауымның көрген күні осы, пәлекеттің іс-әрекетіне лағнет айтып көктемде әрең басылады. Сөйтіп тұрап қазекем, қасқырдың қасиетіне қайран қалып, мықтылығын мойындап отыратыны қызық. Бес-алты шалдың басы қосылса «жарықтық, қасекең, ана жерде өйтіпті, мына жерде бүйтіпті» деген әңгімені әрлендіріп, қиқу салған қасқырдың қым-қуыт тіршілігінен түйдек-түйдек тамсана азаны мен қазанын сапырып жатады. Сондағысы түз тағысын кінәлау емес, қайраты мен қайсарлығына шәк келтірмей, қорғаштап қояды.
Қасқырдың қоқаңын көп көретін, шынтуайтын айтқанда, жиі жем болатын малшы қауымы төтеннен тиіп тұратын құмар түз тағысын жақтырмайды-ақ. Атын атаса жер-көкті жапырып кететіндей қасқырды ауыздарына алғысы жоқ. Сондықтан олар бүлікші бөріні жанамалап «ит-құс» дейді. Біреу жарымның басы қосылса «Е ит-құстың тірлігі десеңші» деп көңіл аудармаған болады. Ал, алда-жалда нысанаға түсіп, қанжығасы майланып жатса, жүрісі жер талғамайтын «УАЗ»-дың бортына салады да, «көрімдік» дегендей көрші ауылды аралап, қойшылардан сыбаға-олжасын жинайды. Бұл қақпаншы мен мергендердің қыс бойғы ермегі.
Көне тарихтың көмбесінде түркілердің түпнегізін көкбөрімен байланыстыруы аса айшықты дәстүрге ие. Қасқыр арасында көк аспан түстес және ақ түстесі де кездеседі. Ақ түсті қасқырды киелі деп есептейді. Кейбір деректерде ақ қасқырдың соңғы тұяғы Сыр бойында атылған деген аңыз бар. Мұның қаншалықты рас-өтірігін ешкім дөп басып айта алмайды.
Ал, енді ежелгі Қытай жазбаларында мынадай бір дерек кездеседі. Кезекті бір шайқаста ғұндардың бір бөлігі қатты жеңіліс табады. Қарсылас жау сол соғыста бүкіл ғұн атаулыны қырып-жойып тастайды. Ең аяғында жалғыз ер бала ғана қалады. «Ит қорлықпен өлсін» деген мақсатта дұшпандары оның аяқ-қолын шауып кетеді. Елсізде қалған баланы бір қасқыр тауып алады да өз сүтімен асырайды. Адам аяғы баспайтын биік бір таудың ішіндегі үңгірде бала өсіп, ер жетеді. Осы баладан қасқыр жүкті болып, он ұл тауыпты. Түркі халықтары осы он ұлдан тараған дейді. Мына бір аңызда: «айдай сұлу бір ару бөлмесінде ұйықтап жатқанда, оған бір көкбөрі келіп, қосылады. Күн сәулесі кейпінде келген көкбөріден қыз жүкті болады. Түркілердің түпнегізі осы қыздан тараған деп те айтады. Осы сықылды ескі сарындағы ауызекі әңгіме түркі халқының қасқырмен жақындығын баян ете отырып, өзара туыстық белгісін байланыстырады. Әрине, аңыздың да шығу тегі бар. Әлдебір жағдаятқа сүйенетін де негіз болуы ықтимал. Өйткені, қасқыр асыраған бала оқиғасы «Маугли» секілді тағы басқа да телебейне сюжетке арқау болмас еді.
Иә, қасқыр – қайсар, аса сақ аң. Қайсарлығы – оның кез-келген айқаста жеңбейінше және жеңілсе де «жамбаспен жерге жата кетпей» соңғы демі қалғанша күресетін намысқойлығы. Ал аса сақ, аса қулығы әр түрлі әрекеттеріне байланысты айтылған. Бірде бір сұр қасқыр ауыл-үйдің арасына кіріп кетеді. Қиқулап қуа жөнелген топ алдында ғана келе жатқан қасқырдан демде көз жазады да қалады. Ары іздейді, бері іздейді,  өзі жоқ. Кейін артынан анықтап білсе, арлан қасқыр ауыл арасында тұрған электр желісінің бағанасын құшақтап, тікесінен тік тұра қалған екен. Сұр бағана мен сұр қасқыр ешкімнің назарына да ілікпепті. Қасқырдың ақылдығына танданысқан топ, бастарын шайқаса тарқасыпты. Дәл осындай оқиға шағыл құм ішінде де кездеседі. Қасқыр жермен жексен болып жата қалғанда оны құмнан бір мысқал да айыра алмас едің. Тек осы қулығын қайратты тік құлағы ғана сездіріп қояды.
Сыр бойында қалың қамысты мекен еткен жолбарыстан бастап, қасқыр, шибөрі секілді жыртқыш аң аз болмаған. Аңшысы соңына түсіп аулап, олардың жалпы саны азайып, тіпті, жойылып кеткені де белгілі. Ал, бөлтірікті бағындыруға құмар Тілек деген кісіні жақсы танимын. Ол көзін ашпаған күшік кезінен қолға үйретуге ниеттенген. Сөйтіп түз тағысын қолға үйретуге ерекше ден қойды, бірақ, адамның аялы алақанына да көнбейтініне көзі жетті. Бұл бөлтірік адамға сескенбей ұмтылуды шығарды, басы қарға баудан босанса тірі пендені бос қоймайтынын білді де, иесі оны атып тастады. Қимай жүрді, қиналып жүрді, ұмыта алмай жүрді, алайда амалсыз барғаны үшін өзін кінаудан арашалап алды. Оқта-текте есорсоқ «итін» есіне алып тұрады. Шіркіннің мысы бөлек-тұғын. Айналаның иісшіл иттері төңіректей алмай, безіп кеткені ше. Тіпті, төңіректеп келіп үруге шамасы жетпеген еді. Қасқырдың аты қасқыр екен, қайратына қарсы келетін қабаған ит қайда, іңірден ілбіп басып, ізін салуға мұршасы болмады. Тілектің айтуынша, қасқыр торға сыймайды, шұбат ыдысқа сыймайды. Бұл ешқашан көнбейді дегені еді.
Кейбіреулер қазақы сырттан төбеттер қасқыр алады деп жатады. Рас онысы, бірақ өздігінен бас салуға төбеттің табандылығы жоқ. Тайсалады. Жанында иесі тұрғанда ғана сенімі күшейіп, қорқынышты ұмытады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысына барған бір сапарда Тарбағатай тауын жайлаған малшылар ауылын аралап, Аягөз ауданы Ғаббасов атындағы ауыл тұрғындары айтқан бірнеше оқиғаға қаныққанбыз. Әрине, қызығы да, таңданарлық жәйі де болды. Бірақ көзбен көргенге не жетсін, ойымызға осы оралды. Оны топталып отырған ауылдан емес, елден ат шаптырым қашық отырған, жаз жайлау қоныстағы Серік шопанның аузынан сұрағанды жөн көргенбіз. Себебі күнделікті бетпе-бет келетін түз тағысы туралы оның айтары аз емес.
Есік алдында тайқардан кем түспейтін төбет жатты. Үстінен басып кетпесең мыңқ етпейді, мінезі ауыр. Ит болып үріп, сырт адамға сес көрсететін ниеті де білінбейді. Жатқан орнынан тұрмайды. Бақсақ, көзінің бірі ағып түскен, бір аяғы сынық. Әйтеуір дел-сал. Үй иесі көңілдегі «қызығушылықты» сезіп қойған болар, сұрамай жатып әңгімені өзі бастады.
– Жайлауға шыққанда шөбі шүйгін, құйқалы жерді таңдаймыз. Бағымызға бұйырған жердің маңайында қасқырдың апаны болса, тіпті тамаша. Отарды сыртқы «жаудан» қорғайды, жақын-жуыққа жолатпайды. Бірақ біз тоқтаған орында ондай мүмкіндік болмады. Қойға қасқыр қырғидай тие берді. Ататынын аттым, қақпанға да түсті. Алайда тауысу мүмкін емес.
Бірде кездейсоқ қасқа жолдың үстінде қасқыр мен төбетім түйісіп қалды. Алғашқыда итім азулы аңға бата алмай тұрды. Сонан кейін барып маған сенгені болар, ырылдасып, өткір тісін қайрағандай болды. Бір сәт көзбен арбасып, бетпе-бет «күш сынасқан» кейіпте тұрды. Қанша дегенмен ит кетіп қалмады дегендей иесіне жалтақтай береді екен. Сөйтіп сүт пісірім уақыт ішінде «сойқан соғыс» басталды. Алқымнан алып тартысады, біресе шабына жабысады, екеуі де осал көрінбеді. Иттін еті қызған соң жасқануды ұмытты. Алқымнан алды. Қасқыр да қайраттанды. Бірақ адамнан аяқ тартып тұрғандай аздап шегіншектейді. Алайда өткір азу бас салған жерін бос жібермейді, жұлып түсірер жағдайда. Қас пен көздің арасында төбеттің оң көзі ағып түсті. Ол еті қызумен сезбеді де. Арпалыстан қалыс қалмаудың қамында. Енді бірде сол жақ аяғын қасқыр шайнап тастады. Сынды білем, сүйек қышыр-қышыр етті. Алайда итім именер емес, тіпті жанына батқан жаралы жеріне ауырсынуға мән бермей, онан сайын жігерлене ұмтылды. Қылығы құдды қазаққа ұқсайды, шабына тимесе орнынан қозғала қоймайтын қалыбымызды табанда еске салды. Айқас жарты сағаттан асып кетті. Шаршау білінбейді. Қайта ширады. Бір кезде ғана оңтайлы сәт туды да қасқырды астына басып алды. Сол басқаннан босатпады. Арланның соңғы демі тоқтады. Арада бір сағат өткеннен кейін төбет жер бауырлап жатып қалды. Денені басқан зіл оның шаршағанын да, жарақаттың сызын күшейткен болар, тамақтан тәбеті қашты, шарасыз күй кешті. Бірақ, қасқыр алған қайсарлығы үшін өзі-өзін кінәламайды, қайта қайраттанып, иесі үйден сыртқа шықса елп етіп басын көтереді де намысты кейпін көрсеткендей сынай байқатады. Қазақы төбеттердің әдеті осылай. Егесіне құрметпен қарап, сенімді серік болатынын білдіреді.
Бірде қасқыр кезікті. Түп-тура қара жолдың бойында. Астымызда су жаңа «Газ-53» автокөлігі. Қасқырда жолсызбен жорту жоқ, ізін соқпақтан оғаш баспайды. Осы әдетін біліп, оны қуа жөнелдік. Бес-алты шақырым өткенде бөрінің алаөкпе екпіні бәсеңдеді. Бірақ көліктің тұмсығынан екі метрдей озып келеді. Он шақырым жүрдік, ол шыдап бақты. Терезеден көз алмай, әрбір қимылын қалт жібермей отырмыз. Кенет... Иә қасқыр шалт бұрылды да көлікке қарай қарсы шапты. Кабинада отырсақ та өткір жанары бойды қарып өтті, асау қорқыныш аңдаусызда селк еткізді. Тежегішті бастық. Ол капотқа бар екпінім ұрылды. Кілт тоқтап, көліктен шықтық. Сізге өтірік, бізге шын, қалың қалыңтырлы капотты үш тырнағы тесіп өтіпті. Мұндай қайратты күш қасқырға ғана тән екенін сонда білдік. Соңғы демі қалғанша сыр бермей, ақырғы сәтке дейін арпалысып қалатын қасқырдың өжеттігі таңдандырды.
Қасқырдың абаданы әуегейіндегі тәрбиеге де тыңғылықты қарайды. Ол бір ғана отбасына ие және бөлтірік тәрбиесін толықтай өз мойнына алады. Ауыздандыру, бөлтірігін көкжалға айналдыру, бәрі-бәрі – осы ата қасқырдың құзырындағы міндет. Өзге хайуандарда жоқ осы қасиет киелі жаратылысын даралап тұрады.
Бүкіл дүниежүзілік ғылыми орталық ақылды хайуанға дельфинді, маймылды, итті және жылқыны жатқызады. Олар қасқырды ақылды хайуанға қоспайды. Дегенмен кейбір оқиғаны есітіп отырып, оны ақылсыз деп айта алмайсын.
Семейлік аңшылардың айтуына қарағанда, ірілігіне қарай емес, өткірлігіне байланысты қасқырдың ішінде көкжал ең қауіптісі. Денесі шағын, шымыр, жылдам, отарды бір өзі жайпап кетуі мүмкін. Ал, ауылға емін-еркін кіріп, қорадан қой тартып кетуінде үлкен мән бар. Мұны ауыл иттерінен деген дұрыс. Ұрғашы иттің ұйыған сәтін тауып, «махаббат» ойынын құратын көкжал өзіне еріксіз қаратып алуды бағады. Былайша айтқанда, «ерлі зайыпты» өмірді бастап кетеді. Содан ұрғашы ит «күйеудің» қамын жасайды ғой. Қай жерде ұрымтал мүмкіндік бар, қай қораның қамыты осал, осының бәріне бастап жүретін әлгі ұрғашы. Қасқырда осындай ойды іске асыратын қулық жетерлік.
Аңшы қауым жақсы біледі, қасқырлар арасында жер бөліс деген жағдай бар. Шекара шетіне тырнақ ізін салып, нәжісін тастап отырады. Бұл «менің шекара белгім осы жерден бітеді» дегенді білдіреді. Сол себепті бөгденің аймағына екінші біреу емін-еркін кіре бермейді. Ал, аңшылықта топ құрап, бірлесе кіріседі.
Сыр бойында алпысыншы жылдары мал шаруашылығын дамытуға деген серпін туындап, адамның ізі жетпеген Қызыл мен Қарақұм бойында құдық қазылып, шопандар үй тікті, жаз жайлау сонда көшіп барды. Мал басы еселеп көбейген тұста адамға да, дала жыртқышына да ет жеткілікті еді, кейінгі нарыққа бейімделу барысында шаруашылықтар жекешелендіріліп, баяғы берекелі мал да бітті, ескі қыстау-қоныстар қаңырап бос қалды, қасқыр атаулы енді ауылға жақындап келді...
...Иә, қасқыр ұлыған түн қорқынышты. Қорқасың да, осыдан бір пәлекет келмесе дейсін. Біз осылай ойда тұрып, тағы да оны мықты деп мойындаймыз. Сонда біз қазақтар, қасқырдың еркін, қайратты қасиетіне ұқсас байсалды, батыр мінездің иесі екенімізді аңғарамыз ғой. Мүмкін солай шығар...
Айтпақшы, қасқырдың ең үлкені, ең қайсары ақ қасқыр болғанын айтады. Оның соңғы тұяғы Сыр бойында атылған деген көнеден сөз бар. Рас болар. Ұлы өзеннің бойында қай аң тіршілік кешпеді дейсің. Дегенде оның түсі ақ болсын, сұр болсын, түбі бір бөрі ғой. Тағының қайраттылығына, қайсарлығына ешкім шәк келтірмейді. Қазақ ұлтының батырлығына ұқсастығы осы. Содан да біз одан үрейленеміз. Әсіресе, алыстан талып жеткен ащы дауысы ғой.
Ү-у..үу-у-үу..у-үу..үу...
Қаныбек ӘБДУОВ.
20 шілде 2018 ж. 5 208 0