Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КҮРЕҢ ҚАСҚАНЫҢ КИЕСІ

КҮРЕҢ ҚАСҚАНЫҢ КИЕСІ

Шаруаның адамы таң атпай тұрып, күні бойы атқаратын жұмысын жоспарлап үйреніп алған.  Құрмаш  әдеттегідей таңғы алтының шамасында оянды. Терезеден даланы қарады. Түн әлі түңлігін түрмеген екен. Таңның атуына әлі біраз бар. Қап, мұндай кезде уақыттың өтпей кететіні де жаман! Әрі аунады, бері аунады. Ұйқысы қанып қалыпты. Сосын Ілиястың «Құлагерін» қолға алды. Шіркін, қаламгердің ой ұшқырлығы неткен көркем десеңші. Аханның Құлагерге деген махабаттын аунытпай суреттегені сонша, атбегі кітапқа үңілген күйі таң боз бергенін де байқамай қалды. Шығарманы тауысар-тауыспа осыдан бірнеше жыл бұрын болған оқиғаны есіне алды. Әрине, Құрмаштың бұл күнді ұмытуы мүлде мүмкін емес. Әлқисса былай өрбіген еді...
Қаңтардың қақары ауған шақ. Түнделетіп толассыз жапқан аппақ қардың малтасы тобыққа дейін жеткен. Қара жердің бетін бүркеген аққұба ару сияқты үлпілдеген ақ ұлпа  ауыл маңына сән бергенімен, солтүстік беткейден соққан ызғырық жел өмейден өтіп барат. Құрмаш таңсәріден қораға қарай бет алды. Әр қадамнан шыққан сықыр-сықыр дыбыс сайын тоғайдағы жылқыларды ойлап, жаны жай табар емес. Бар ойы үйірдегі жаңа туған құлындардың жағдайы. «Күрең қасқаның» қорасына барды да, міністегі малдың жем-шөбін беріп, суғарды. Денесін күндегідей мейірлене сипап тұрып, жылы жабуды жапты. Кейіннен, ер-тұрманды алып, ерттей бастады. Арасында онымен тілдескендей, «жануарым жаурама, бүгін сенің бауырларыңа барып, мұз ойып қайтамыз» деп қояды. Ал, тілі жоқ болса да есті жануар бірнәрсені ұққандай орнында тұрып, осқырына кісінеп, иесіне қарай басын қайта-қайта иіп, тулап қояды. Бәлкім, қуанғаны шығар. Дархан даланың бауырында ойнап, төскейінде тулағанды ұнататын жүйрік жануардың жаратылысынан қалайтыны да қорадан гөрі алаңқай ашық дала емес пе?...
Иә, осылайша «Күрең қасқа» мінген Құрмаш ой мен қырды асып, қалың қармен жорта жөнелді. Жағалай алаңқайды көзбен сүзгенімен, үйірдегі жылқылардың қарасы да көрінер емес. Жазық пен өзекті, ойлар мен қыратты қарады. Үйір көзге ілінбеді. Мезгіл екінті уақытынан да аса түсті. Өкініштісі, үйірдегі жылқылар әлі де жоқ. Ал, жазық дала болса, бет қаратпай уілін күшейтіп барады. Осылай, ен далаға елеңдеп, үйірді таба алмай жүргенде жылқышы сары кабинаны басып өткенін де байқамай қалды. Уілдеген желдің ызғары айналаның бәрін ызыңды дауысқа бөлеп, Төренің бетін үстіріп барады. Денесінен сыз өтіп, үсік шалса да «қайтсем де жылқыларды табамын, кішкентай құлындарды  суыққа қалдырмаймын» деген ниетінен таяр түрі жоқ.
Ақшам уақыты. Құрмаштың қарны ашып, әлі құрып, әбден қаужырады.  Күн ызғарын төккен сайын оның да  уайымы күшейіп барады. Ал, бұл уақытта кеш қарайған. Даланың ызғырған желіне уылдап шулаған шибөрілердің дауысы қосылды. Жапан далада жалғыз адамды қорқытатындай жат дауыстар. Құдды қалың орман арасынан әлдебір күш немесе елес шығып қалатындай. Төренің есіне «қорыққанға қос көрінер» деген мақал оралды. Дегенмен, өз ерік-жігеріне сенсе де, қою қара көлеңкелі тоғайдағы қорқынышы басылар емес.
Аттылының  қалың орманды «Мұхтар тоғайын» енді басып кіргені сол, өзектің арасын паналап тұрған бір топ үйірге көзі түсті.  Төре үлкен жарықшамды тоғай ішіне  тіке түсіріп үйірлі жылқыға қарай жақындады. Бар үміті осыларда. Бірақ,  бұл үйір де бөтен екен. Көңілі құлазыса да, бәлкім менің жылқыларым да осы маңда болар деген үмітпен тоғайды барлай берді.
Ал, бұл уақытта Құрмаштың үйде қалған келіншегі бала-шағасымен уайым түбіне түсе бастады. Тұманды түнде айдалада бір пәлеге ұрынып қалды ма, әлде адасып, аштан қалды ма деген жаман ойлар Фатиманың ойынан кетер емес. Есі кіріп, оңды-солды танып қалған үлкен қызы Арай болса «Аллам,  асқар тауымдай әкемді қауіптен сақташы, үйге аман оралсын» деп тілеп, дұғасын үзбей отыр. Кенже ұлы Дархан  «әкемді сағындым, әкемді тап» деп анасына дамыл берер емес. Енді келмесе, ауылдың ер-жігіттерін жинап, тоғайды кезетін ойлары бар.
Құрмаш атты әбден болдырдым деп шамалы суытып алғысы келді. Арғымақтан түсіп, жібін тарта бергені сол, алдындағы үлкен тасқа сүрініп, ылдиға қарай құлап кетті. Төменгі жақта сарылдап аққан ағын судан аман қалмайтынын сезіп, жүрегі дүрсілдеп, бір Алладан медет күтті. «Я, Жаратқан! Бала-шағамның келешегі үшін бұл ажалдан аман алып қал» деген сөзге тілі келмей, іштей егіліп әлек. Қақаған аяздағы ағын су жылы болсын ба, биіктен құлап түскен оның оң аяғы сол сәтте-ақ  сынып, жансызданған еді. Ендігі ағысқа қарай жүзуге қауқары да жетер емес. Сарылдаған топан су мұны қайда апарып соғары бір Аллаға ғана аян. Алайда, тірі пенде қалай күдерін үзсін, перзенттері үшін тыраштанып бақты. Қолы тірелген бұтаны ұстап, бар күшін салып, жиекке қарай еңбектеп келеді. Ал, иесінің көз алдында суға аққанын көрген «Күрең қасқа» жаны байыз таппай, осқырынып, ышқына сол жағалауға жетіп келді. Толассыз аққан мұздай су аш адамды әбден әлсіреткені сонша, жансыз аяқпен арғымаққа міне алар емес.    Е-е, расында жылқы текті жануар емес пе? Бұл жолы тектілігін ғана емес қамқорлығын да таныта білді. Тілі жоқ болса да, есі бар киелі мал иесінің үстіне міне алмасын сезіп, жерге төрт аяғын тіреп, бауырлап жатты. «Бол, маған мін» деген сыңай танытып, көзіндегі мөлтілдеген жасын тоқтаусыз төгіп қояды. Есті малдың ақылға сыймас қамқорлығын көрген Құрмаш егіле жылап, пырағының маңдайынан сүйе берді, сүйе берді. Бабалардың «ат – ердің қанаты», «есті малдың киесі күшті» деген тәмсілін ойына алды. Айдалада қалдырып, қашып кетпестен, жаңа өмір сыйлаған тұлпарын еркелетіп қояр емес. Енді қандай қорқыныш болса да құтқаратын жан серігім бар деген сенім күші Төрені жол бойы жігерлендіріп келеді.
Иә, «Күрең қасқа» осылайша иесін ажал аузынан арашалап қалды. Төренің басынан өткен бұл оқиғаны білетіндердің осы күннен бастап жылқыға деген құрметі ерекше.  Не десек те, ата-бабаның игілігіне қызмет еткен жануардың киесі мен қасиеті күшті. Бұған ешкім шүбә келтіре алмас, сірә!
 Ішсең – сусын, жесең – азық, мінсең – көлік болған осынау сұлу да, сымбатты жаратылыстың тума тарихы қазақы өркениетпен тұтас ұштасып жатқаны ежелден мәлім. Жалпы, сәйгүліктің  естілігін, киесі мен қасиетін айғақтар дерек есте жоқ ескі заманнан бүгінге дейін жазылып та, айтылып та келеді. Біз әңгімеге арқау еткен бұл оқиға да жылқының естілігінің дәлелі болар бір ғана мысал.
Ханзада ДОШАН.
27 мамыр 2018 ж. 1 462 0