Қойын дәптер құпиясы
Біздің қолымызға еңбек майталманы, кезінде социалистік жарыстың жеңімпазы болып жоғары марапаттарды иеленген Айша Наубаева апамыздың қойын дәптері түсті. Кезінде озат комбайнер-тракторист ретінде комсомолдық жолдамамен жетпіс жетінші жылдары Венгрияға дейін саяхаттап қайтқан еңбек адамының жолсапар күнделігін аттай қалап сұрап алып едік. Оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. Сонымен қойын дәптер төмендегідей сыр шертеді:
Туған өлкеге саяхат жасау адамдардың ой - өрісін кеңітіп табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырады. Ұлы саяхатшы Н.М.Прежевальский «Өмір сүрудің тамашалығы сол, әрқашанда саяхат жасауға болады» – деген екен. Қазақстанның кең байтақ жерінен өтеміз дегенше түн болып кетті. Вагон толы туристер. Әлі бір-бірімізді танымаймыз. Қалада үш күн лекция тыңдағанда да танысып үлгергеніміз жоқ. Обком партияның қабылдауында болатын күні Үнзила апай «Мына қызға гостиницада орын болмай тұр, бірер күн екеуің бірге болыңдар» деп жаныма бір қызды қосып берген. Қуана келістім. Өзім сияқты қыз екен, қаладағы туысымның үйіне ертіп келдім. Өзі ешкімді жатырқамайды, тез танысып кеттік. Есімі Манат екен. Түстен кейінгі обком қабылдауында ертеңгі Москва-Фрунзе пойызына мінетіндігіміз хабарланды. Сол жерде бізді алып баратын Ғалия Абдуллақызымен және Азамат Серіковпен таныстырды. Ертеңгі күнді ойлап үйге келген соң ас батпай қойды. Жолға жиналдық. Үйге ертең кететінім туралы хат жаздым. Ертемен Манат екеуіміз тамақтанып алған соң әпкем екеумізді шығарып салды. Ол екеуміз 8-купеге орналастық Манат купеден шығып кетіп еді, екі қыз ертіп келді. Айман, Зәмзегүл, сонымен төртеу болдық.
Қыздардың таңқалған даусынан оянып кеттім. О, дүниеде пейіш деген болса біз де сондай бір пейішке кіріп кетіппіз. Көк майса жолдың екі жағасы көкпен таласқан ағаш. Табиғатына тамсанып бұл қай жер болды екен деп купеден шықсам, дәлізде Қожа тұр екен. Россияның жері, кештетіп Волганың үстінен өтеміз деді.
Көз ұшына дейін көк майсаға орнаған төбелерді, ол жерде еңбек етіп жүрген құрыш білекті адамдарды, К-700 -дердің жерді жыртып жүргенін көргенде бір сәт ауылдағы егінжайымыз, оны суға бастырып жатқан кез есіме оралып көңілімді сағыныш кернеді.
Кешкісін бір үлкен көпірдің үстімен жүріп келеді екенбіз Волга өзені осы екен. Бұл жерге табиғат ана өз сыйын аямай-ақ төккен екен, ақ, сары, қызыл маржандардан шашу шашқандай гүлдерден жер көрінбейді.
Жол бойы әсем қала, тіл жетпейтін, сұлулығымен көз тартқан Волга. Неткен керемет. Жерге түсіп, пойыз көп аялдайтын болғандықтан біраз ұзадық.Табиғат көркіне сүйсіне көз салып келем. Бір бейтаныс аға «Ұлтың кім?» деп сұрады.
«Ұлтым – қазақ» дедім.
«Бала шешеге аян, әкеге күмән» деген біздің ұлтқа қатты ұқсайды екенсің. Дұрыс, – деді ол ағам. Нені дұрыс дегенін түсінгенім жоқ. Сол сөйлемеген қалпым өзімді күтіп тұрған қыздарға келдім.
Біз алдымен Москваға келдік. Метро арқылы Қызыл алаңға шықтық. Ленин мовзолейі. Белгісіз солдат қабірі. Мәңгілік алау. Кремльдің съездер сарайы. Бәрі де өз ерекшеліктерімен өте қымбат, жүрегіңнен берік орын алады. Апайымыз түнгі 11-де Киев вокзалында кездесеміз деген. Түнгі 9-ға дейін аралап Киев вокзалына келдік. Сол жерден Украинаның астанасы Киевке жүріп кеттік. Таңертең Киевке келіп түстік. Бізді күтіп тұр екен. Табиғат бізді жауынымен қарсы алды. Тамақтанып алған соң Киевті аралауға шықтық. Көрікті жерлері мен музейлерді араладық. Одан әрі Венгрияға сапар шектік. Бізді солдаттар тексеріп өткізді. Жолдарың болсын деп шығарып салды. Автобус іші ән, әзіл, күлкі. Барлығымыз 33-піз. 19 қыз, 14 жігіт.
Кешке Ленинск деген жаңадан совет-венгер студенттерінің салған әсем қаланың жанымен өттік. Достық мұнай құбыры көзге ыстық көрініп бізбен жарыса созылып жатыр. Түнделетіп Будапештке келіп кірдік.
Қаланың түнгі көрінісі өте керемет. Ертегілерден оқыған қалаларым нақ осы қаладай болар. Бізге, еш нәрсеге таң қалмаңдар деп ескерткен, таң қалмау мүмкін емес. Біраз қаланың көрікті жерлерін көрсеткен соң, автобустың шоферынан “болды енді, жабыңдар ауыздарыңды” деген ескерту де алдық. Бізді қаламен таныстыратын әйел адам бізді жастардың күткенін, келмеген соң тарқап кеткенін айтты.
Бізбен өзін таныстырған соң алдымен тамақ ішіп алайық, деді. Тамағын ішкіміз келмеді. Шыға салысымен “өлетін шығармыз мына тамақпен, ауылға қайтарса қайтайық” деп жатыр жігіттер жағы. Жаяулатып «Экспресс» гостиницасына келіп.орналастық.
Ертеңіне гүлге оранған гүл қала деп атайтын Будапештпен таныса бастадық. Буда және Пешт деп аталатын екі қаланың ортасын көгілдір Дунай бөліп өтеді екен.
Дунайдың екі жағы қашан келсең де демалушыларға толы. Көгілдір Дунай суына қарап отырушылар көп-ақ. Мен де күнделікті көгілдір Дунайға келіп, табиғатын су бетінің құбылысын, қызықтап жүрдім. Дунайдың үстінде көпір бар екен, көпірдің екі жанында кіреберіс ауыздарында арыстанның басының бейнесі қойылған, соған қарап отырамын.
Будапешт екі қаламен қосылған. Қазақстанның жерінен 28 есе кіші, яғни 99 мың шаршы километр жерді алып жатыр.
Буда жағындағы таудың ең биігіне совет жауынгерлерінің Азаттық монументі тұр. Венгер достарымыз Будапешті азат еткен совет жауынгерлеріне осы ең көрікті, ең биік, ең қасиетті жерін беріпті.
Ескерткіш авторы совет әскерлерінің азаттық әкелуші ерлігін осы бір мүсін арқылы мәңгіге қалдырған.
Ескерткішті ерекше күтімге алған, оған күнбе-күн алқызыл гүл қойылады екен. Өз өмірлерін, бүгінгі гүл жайнаған отанын неміс-фашистерінен азат еткен совет жауынгерлеріне деген шексіз сүйіспеншілігін олар осылай өрнектеген.
Будапешті азат еткенде құрбан болған адамдардың ұзақ тізімі жазылған. Қазақ бауырларымыздың есімдерін оқыған сәтімде туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, келер ұрпақ үшін өздерін құрбан етіп өзге жердің топырағында жатқан боздақтар есіме түсіп көзіме жас алдым.
«Адамзат енді қайтып от кешпесін.
Бауырын жер ананың оқ теспесін»
Аманов, Муратов, Атаманов деп, тізім осылай жалғасып кете береді.
Будапештің өзінде 2 миллиондай адам тұрады. 29 жоғарғы оқу орны, 19 театр, 20 музей бар екен.
Кешке футболдан жолдастық кезхдесу өткіздік, 5-2 есебінен жеңіліп қалдық. Кешке қалың тоғайдың арасынан алаң жасап от жағып, би биледік.
Айша НАУБАЕВА,
Түгіскен-Венгрия
1977 жыл
ТҮЙІН: Айша апамыздың күнделігі бас-аяғы 24 күнге созылған қызықты саяхат туралы әлі де көп сыр шертеді.
Көрген-білгендерін құрғақ баяндау емес, тарихи деректермен қамти отырып жазғаны аңғарылады.
Мүмкіндік болса алда жалғасын беретін боламыз.