КӘСІБИ БАҒДАР: МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН ОНЛАЙН ЖҮЗДЕСУ
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қызылорда облыстық филиалының мамандары Жаңақорған кентіндегі білім ордаларының оқушыларымен онлайн форматта жүзесу өткізді. Аудандық білім бөлімінің ұйытқысымен ұйымдастырылған «Zoom» конференциясына 10-нан аса мектептен ұстаздар және 9-11 сыныптың оқушылары қатысты.
Негізгі мақсат жас буынға мамандық таңдауға кеңес беру. Филиалдың сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Ержан Усманов білім алушыларға жол құрылысы туралы білген-түйгенімен бөлісіп, түлектерді жолшы мамандығын таңдауға шақырды. Себебі, бүгінде жол саласында мамандар тапшы. Мәселен, республика бойынша жыл сайын 3 мың шақырымнан астам жол жөнделіп, қайта салынады. Алайда, жұмыс ауқымы көп болғанымен салада білікті кадрлар жеткіліксіз.
Кеңес Үкіметінен келе жатқандардың алды еңбек жолын аяқтап, қазір зейнет демалысында. Сондықтан, жол инфрақұрылымына қатысты үлкен жобаларды жүзеге асыруда отандық компаниялар көбіне шетелдік мамандарды шақыруға мәжбүр. Жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені Парламент Мәжілісінің отырысында көтерді. «Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет»,- деді Президент. Яғни, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауда кешеуілдеп келеміз. Ол үшін болашақ мамандарды мектеп қабырғасынан тәрбиелеу керек. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы екі жылдан бері еліміз бойынша «1000 мектеп» жобасын қолға алып, жолшылар жастарға мамандық таңдауда кәсіби бағдар беріп келеді. Жаңақорғандық оқушылармен онлайн жүздесу соның бір парасы ғана. Конференция барысында жол саласына қызығушылық танытқан білім алушылар Ержан Орынбасарұлынан мол мағлұмат алып, ашық ой-пікір алмасты. Алдағы уақытта аудандағы өзге де мектептермен карантиндік талаптарға сай, оқушылармен онлайн форматта жүздесулер жалғасатын болады.
Жол активретінің ұлттық сапа
орталығының баспасөз қызметі