Қос қарлығаш
Шіркін, сонау балалық күндерге жетер не бар дейсің. Ауылдың қызыл құмында ойнап, таяқты ат қылып мініп, алақайлап, кең далаға жарыса шабатын едік қой. Ол кезде біздің Қызылқоға ауданындағы, «Комсомол» кеңшарына қарасты, «Бүйрек» елді мекені таң атқаннан қара кешке дейін қарлығаштардың базарына айналатын. Жер құдықтың ішін жағалай тескен жар қарлығаштары тоқ бағананың арасындағы сымға қаз-қатар келіп қонақтағанда, бос жер қалмайтынды.
Өзіміз бала болған соң ба, басқа ермек таба алмағандай арасында қарлығаштарға тас лақтырып маза бермейтін едік. Сондай күндердің бірінде қасымызға көрші қария атамыз келіп: «Шырақтарым, бұл құсқа тимеңдер, олар әуелден адамның досы саналған» деп ойын балаларының бәрін бір жерге жинап, «Қарлығаш пен маса» ертегісін айтып берген. Сол күннен бастап бала біткен бұл құсқа тимейтін болдық. Кейбір үлкендер «құс екеш құстың бірі қарлығаштың өзі берекесі тасыған жерді мекен етеді» дейтін. Иә, шындығында біз тұрған алақандай отызға жетпейтін үй қоныстанған №1 ферма орталығында қасиетті қарттарымыз көп болатын.
Олар атақты күйші Айтбай ата, көзі тигенді құлан-таза жазатын, аруақты Алтай ата, темірден түйін түйген шебер ұста Берді аға, кез келген жанды жараны емдеп жазған Қапура апа, тазы тұқымын ұстаған Қабдол ата, өзі шаршаса да жер құдықтан қауғалап су тартып, үйдің бес-алты сиырын суара сала бөтен малдардың бәрін айдап әкеліп су беріп шөлін қандырған менің әжем Камен Төребекқызы, бәрі де бір ерекше жаратылған жандар еді ғой. Мүмкін, осы бір болмысы мен бітімі бөлек келген асыл текті қариялар жүрген мекенге қарлығаштар да үйір келген шығар. Кейін уақыт алға озып, қарттарымыз өмірден өтті де, ауылда жастарды ортаға жинап, ақыл айтатын да жан қалмады ғой.
Осыны сезгендей көп ұзамай төбемізді жанамалай ұшып қалықтаған кішкене құстар да көзден ғайып болды. Жылдар жылыстап, біздер де есейіп, оң-солымызды танып, мектеп бітірдік. Бірақ әрбіріміздің оқуға барамыз деген арманымыз аяқсыз қалып, «шұбартаулықтардың» бастамасымен өз еркімізбен туған ауылымыздағы «Жасқайрат» жастар бригадасында шопан ата таяғын қолға алып, еңбек еттік. Көзді ашып-жұмғанша екі жыл да өте шығып, шопандықты аяқтап, ақыры өзім бала жастан арман еткен Алматы шаһарынан білім іздеп бір-ақ шықтым. Ондағы ойым КазГУ-ге түсіп, журналист болып шығу.
Алайда бір орынға сегіз үміткерден келіп, білімі мен тірегі мықтылар студент атанды да, біздердей қарабайыр, ауылдан жаңа барған жастар тауымыз шағылып, туған жерге кері оралдық. Сол жылдың күзінде әскер қатарына алынып, оны да абыроймен атқарып келдім. Байқап қараған жанға өмірің кейде кедергіге толы болса, енді бірде жолың ашылып сала беретіні бар. Міне, оқуға түсе алмасам да, газет шығарудың қыр-сырын білсем деген ойымды орындап, Атырау қаласындағы №9 баспаханаға әп-сәтте жұмысқа орналасып, он жылдай еңбек еттім. Өстіп күйбеңі мол күйбең тіршілікпен жүргенде оқу дегеннен де қол үзіп қалыппын-ау.
Ақыры 1988 жылы, осыдан тоғыз жыл бұрын армандаған КазГУ-ге қайтадан жол тарттым. Бұл барған сапарымда да көздеген мақсатыма жете алмай, баспаханадағы жұмысыма кері оралдым. Менің бұл арадағы еңбек ететін орным кәдімгі домна пештеріндей, ескі қорғасындарды ток станокта балқытып, оның бетіндегі шлагын тазалап, тазасын бөліп алып, әріп теретін машиналарға арнап дайындау болды. Көктемнің айналаны мамыражай шуаққа бөлеп жаңадан басталған кезі еді. Сөйтіп, қайнаған еңбектің бел ортасында жүрген күндердің бірінде мен жұмыс жасайтын көк түтіннің ішіне екі қарлығаш келіп, жоғарыға ұя салды. Иә, кәдімгі сонау бала кезімде ауылымда көрген қарлығаштар. Шықылықтаған дауысының өзі тұла-бойымды шымырлатып, арасында шабытыма шабыт қосатындай. Себебі мектепте жүрген сәттерімде аздап өлең жазатыным бар-ды. Қарлығаштар күн өткен сайын маған бауыр басып кеткендей әсер қалдырды. Күн сайын жұмыс орныма келгенде әуелі қос қарлығашты іздеймін. Олар жүрсе көңілім жайланып, жұмысқа да белсене кірісемін. Желді күндері ашылған терезе жабылып, айыр құйрық құстарым кіре алмай қалмасын деген оймен терезе жақтауын жабылмайтындай етіп байлап қойдым. Сол жылы қос қарлығаш балапан шығарып, олар да қанаттанып, ұша бастады. Бұл құстың басқа құстарға қарағанда ерекшелігі ұясын ерінбей балшықтан қалап салады да, балапандарын құлап кетпесін деп аяқтарынан аттың қылымен байлап қояды.
Міне, ілкіде екеу болып келген бауырмал құстарым енді балапандарын өсіріп, қастарына ертіп, төртеу болып аспан көгіне көтерілді. Мен болсам бейне бір туысымды алыс сапарға қимастықпен шығарып тұрғандай соңдарынан көпке дейін көз алмастан қарап тұрдым. Қарлығаштар да ішкі ойымды сезді ме қайдам, іле-шала кері оралып, қалықтаған күйі терезе алдын бір айналып өтті де, ақша бұлттардың арасына сіңіп кете барды. Арада салқын тартып, қоңырқай күз де келді, ол мезгіл де кейін жылыстап, айналаны ақ қарға орап, қытымыр қыс басталды. Ал өзімнің ойым «көктем қашан келер екен, ақ тамақ қарлығаштарым тағы да қайтып қасыма оралар ма екен?» деп сансыз күндерді өткіздім. Осындай қалың ойдың жетегінде жүргенде Атырау өңіріне мамыражай көктемнің келгенін байқамай да қалыппын.
Бірақ, құс біткен жылы жаққа оралып, өзен сулары арнасына толып, айнала жасыл желекке бөленгенімен мен асыға күткен қос қарлығашым қайтып келмеді. Тек білетінім, бір жерге балапан шығарған олар екінші рет ол орынға қоныс теппей, тыңнан ұя салады дегенді естігенім бар-ды. Тағы да жүрегім алып ұшып, оқуға тапсырмақ болдым. Бірақ бұл жолы Алматыға баруға жағдайым болмай, өзіміздің Атырау педагогикалық институтының филология факультетінің сырттай бөліміне құжат тапсырдым. Ол кезде ауызша, жазбаша сабақтардан емтиханнан өтсең ғана оқуға қабылданасың. Аз күнде емтихан да аяқталып, сынақтан өткендердің тізімін білмек болып ертемен институтқа жол тарттым. Бара сала тақтадағы ілулі тұрған көп үміткерлердің ішінен өзімнің де аты-жөнімді көріп, қуанып кеткенім соншалық, өз көзіме сенер-сенбесімді білмей, қайта-қайта қарай бердім. Иә, сол нақ өзім. «Міне, әп-сәтте студент атану деген осы екен ғой» деп қоямын ішімнен. Бұл журналист болуға бет бұрғанның бір нышаны болар. Мүмкін өткен жылғы қос қарлығаштың жұмыс жасаған жеріме келіп ұя салып, балапан шығарғанының пайдасы тиді ме екен?
Бұрынғылардан естуімше, қарлығаштар да кез келген жерге ұя салмайды дейтін. Мен жоғары оқу орнын бітіріп, мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасып, төрт жылдай еңбек еттім. Сонда да ішкі жан дүнием журналист болуға құштар болды. Кейін жеке газетте жұмыс жасасам, араға бір жыл салып, өзім бала кезден арман етіп келген саланың бірі облыстық «Атырау» газетіне орналастым. Онда жүрген кезімде де арасында мақала, өлең жазып тұрғаным болмаса, негізгі жұмысым жарнама бөлімі. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып, өзім жеке газет ашып шығаруды қолға алдым. Ондағы мақсатым қолыма қалам алып, өмірдің еркіндігіне бағыт ұстап, халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап, қолдан келгенше жанашырлық таныту болды. Көп ұзамай ойға алғанымды орындап, жазуға да төселген сыңайлымын. Енді, міне, маған үлкен үміт артып, жанашырлық танытқан жаны ізгі жандардың нұсқауымен жылқы жылының күзінде Исатай ауданындағы «Нарын таңы» газетінен бір-ақ шықтым.Сырт қарағанда өзге өңір маған ілкіде тосын көрінгенімен, ауыл адамдарының жылы мейірімі мен сырт жанға құшағын айқара ашқан қонақжайлылығы жаныма жылу ұялатып, бұл өлке енді менің екінші туған жеріме айналды.
Жұмыс деп жүргенде арада жарты жыл зымырап, киелі Нарын өңіріне де көктем келді. Бірде өзім тұратын үйдің дәлізіне кіре бергенім сол еді қарлығаштардың шықылықтаған үні еріксіз бойыма күш бітіргендей әсерде қалдым. «Бұл өңім бе әлде түсім бе? Кең дала тұрғанда көп қабатты үйді мекен еткен қайдағы қарлығаштар?» деп бейне-бір барлаушыдай айналама еріксіз көз жібердім. Сөйтсем, мен тұратын үйдің дәлізінде қарлығаштар ұшып жүр екен. «Мүмкін олар күннің ыссылығына шыдай алмай шөлдеп жоғарыға келіп қонақтап жүрген шығар» деп те ойладым. Алайда екі қарлығаш біз тұрған дәліздің төменгі қабатындағы екі пәтерлік үйдің мен жақ бетіндегі маңдайына ұя салуды бастапты.
Көп ұзамай олар тұмсығымен балшық тасып тынымсыз еңбектің күшімен ұяларын да бітіріп, жұмыртқа басып, қос балапан шығарды. Сол сәт осыдан жиырма жеті жыл бұрынғы баспаханаға келіп балапан шығарған қос қарлығаш есіме түсті. Сонда қалай болғаны? Мүмкін мен жүрген жерге тағы да қарлығаштар келіп ұя салғаны бұл да бір жақсылықтың нышаны болар. Алла Тағала жаратқан он сегіз мың ғаламның адам баласы үшін ашылмаған тылсым сырлары әлі де жетерлік. Ең бастысы, адам мен қарлығаш арасындағы ықылым заманнан бері келе жатқан тығыз байланыстың барын маған сездірген тәңірімнің құдіреті ме? Қалай десем де, қос қарлығаштың балапандарын аман-есен қанаттандырып, оларды көк жүзіне ұшыратын кезін асыға күтіп жүрмін. Мүмкін, мені алда тағы бір ойға алған арманым тосып тұрған шығар.
Фархат БАЛҒОЖИЕВ