№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Берекенің бағы артық

Берекенің бағы артық

2020-2021 оқу жылының қортындысы ҰБТ-ның нәтижелерінен көрінеді. Яғни талапкерлер тест тапсырып, ұзақ жылғы білімінің сапасын дәлелдеді. Береке Қаржауова мектепте сапалы білім алған білімпаздың бірі. Ол тестілеуден 132 балл жинап, аудандағы ең үздік көрсеткіштің біріне қол жеткізді.
№54 Ж.Қыдыров атындағы білім ордасының түлегі «Алтын белгіге» лайықты екенін көрсетті. Береке ҰБТ-да биология және химия пәндерін таңдаған. Енді медицина факультетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр.
– Тестілеу сұрақтары оңай болды. Жақсы білетін тақырыптар келді. Тест тапсыру кезінде бақылаушылар бәрін қарап жүрді, жоғары балды өзімнің таза біліміммен алып шықтым, – дейді ол.
Өзіне сенімді түлек болашақта дәрігер болуды қалайды. Талапкер қатарластарына да тек өз біліміне сенуге кеңес беріп, сәттілік тіледі.
– Қоғамда дәрігердің беделі биік. Әсіресе коронавирус әлем жұртын қатты мазалаған кезде дәрігерлердің қызметіне сұраныс артты. Бала кезімнен дәрігер болуды мұрат еттім. Осы жолда білім алып, ізденіп, еңбектеніп, тәжірибемді шыңдап, елге белгілі дәрігер боламын, – дейді мұратшыл жас.
Мектеп директоры Мұхтар Мелдебековтен жетістіктің сырын сұрағанымызда:
– №54 мектеп жылдағы дәстүрін жалғап, ҰБТ-дан жоғары жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, Береке Қаржауова 132 балл жинаса, Рысбай Ақтілек – 127, Альбина Ержанқызы – 120, Қарақат Даниярова – 114, Саят Ақшарал – 108, Жанәділ Дінәділ – 104 балға қол жеткізді. Сыр өңіріне белгілі ағартушы Зинабдин Шермағамбетов, Орынбасар Абибуллаев салған сара жолды жалғастырып келеміз. Мұның бәрі біздің ұстаздардың бала оқыту ісіне жауапкершілікпен қарап, үздіксіз ізденуінен деп білемін, – деп жауап берді.
Ол бос уақытында кітап оқығанды ұнатады. Бізбен соңғы оқыған кітабымен де бөлісті.
– Бос уақытымда кітап оқимын. Соңғы оқыған кітабым – «Абай жолы». Романнан ұлттың болмыс-бітімін, қабілет-қасиетін оқып, өз-өзінді тануға болады, – дейді білімпаз.
Бізді таңғалдырғаны, Береке өз-өзіне сенімді жас. Иә, кітап адамның рухани тірегіне айналған кезде, білімі толысып, мұратын айқындай алады.
– Қазір барлық салада робот технология дендеп енуде. Тіпті шетелдік университетте мұғалім болып істейтін роботтарды білемін. Медицина саласында сәтті ота жасап жүрген роботтарды естіп жүрміз. Қай салада болмасын жасанды интеллект иелері жоғары бәсеке тудыруда. Ал, мен бәсекеден қорықпаймын. Адам кәсіби маманға айналған уақытта кез-келген бәсекеге төтеп береді, – дейді Береке.
Тәуелсіздіктің жемісі! Еркін ойлы, мақсаты асқақ жастар өсіп келеді.
Міне, Берекенің бағы неге артық десеңіз, оның нақты мұраты бар. Батыл адамға бақыт үйір болады.
Айкерім МӘДИҚЫЗЫ
25 шілде 2021 ж. 513 0