№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақылды жігіт атқа да мінеді, таққа да мінеді

Ақылды жігіт атқа да мінеді, таққа да мінеді


13-14 жастағы балғын жастарды көкпарға баулып жүрген бауырымыз туралы естіген бір бөлек, көзбен көріп қайтуға бекіндік. Айналаны аппақ шаңға айналдырып, атой салған көкпаршылардың ойыны қызып жатыр екен. Тақымы мықтылары мәреге дейін түсірмей жетем дегенше келесі топтың мықтысы қолынан алып үлгеруде. Оған барынша беріспеуге тырысқан жақтастарының бірден топтаса қалғанын қарасаңшы. Тартыса жүріп шетке ығыса қалғанда оңғарылуы да қиын екен. Серкесі жерге түсіп кеткен болу керек, барлық көкпаршы бір жерге топтаса қалды бір кезде, бұрқыраған шаңнан  мықтысы суырылып шықты. Астындағы торысы да жүйрік екен. Барып салымын салғанда біткен іске масаттанғандай жануар қайта шаба жөнелді.
Айналасы 70 баланың басы қосылған көкпар осыдан бірер ай бұрын оншақты баламен басталған болатын. Содан бері үйде телефон ұстап, күнұзақ теледидар аңдыған бала саны азайды. Бес-алты оқитын баладан бозбалаға айналған жігіттерге дейін сенбі, жексенбі сайын тегіс осында жиналады екен. Көкпаршылардан бөлек, көрушілердің өзі бірталай. Салымға бәйгесін тігіп балалардың шабысына қызыға қарап тұрған үлкендерді көріп қуанып қалдық. Осындай іске мұрындық болып жүрген азаматқа іштей алғыстарын айтып тұрғандардың бірін үйдегі жалқау баласының «Маған ат әперіңіз» деген қолқасы қуантыпты. Ат алып берген екен, енді атының бабын жасап жүріп, аз ғана уақытта еңбекқор балаға айналғанын айтып отыр атасы.
Енді осы «көсегесі көгергір» жігіттің өзін көргім келді. Бойында кісіліктен гөрі кішілігі басым замандас ағамен сөйлесудің реті келді.
– Әкем бұрыннан ат ұстаған, талай жүйріктің бабын тапқан кісі. Сол кісіден көргенімізді, кейінгі буынға үйретсек деген ниеттен туған іс бұл. Құр жүрген балалар қылмысқа баруға бейім келеді. Одан қала берді, көк экранға үңілген балалар, айналасына мән бермей, мәңгүртке айналып бара жатқанын талай жеңгелерімізден де естіп жүрмін. Атқа мінген балалар мүлдем бөлек болады. Ер бала атқа мінсе, рухтанып кетеді. Мұндайда қазақ «Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер» дегені атқа мінген баланың болашағының зор екенін меңзесе керек. Расымен жылқының адам денсаулығына пайдасы барын, бүгінгі ғалымдар зерттеп жүр емес пе?! Біздікі, сол елдің ертеңгі болашағы жастарға атқа мініп, ұлттық өнерді дәріптеп, айналаға жанашыр болуды дәріптеу ғана..., – деді Мұрат Сүйіндікұлы.
Жалқы мен қазақты егіз көрген ұлтымыз «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» десе, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атқа міну мәдениетін қалыптастыру қажеттігімізді алға тартқан. Ұлы даланы мекен еткен қазақтың қамшысы төрінде ғана емес, ат жалын ұстаған ерінің қолында болу қажеттігін баса айтқан. Ат десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қоятын жылқы мінезді қазақтың жігіттерінің атқамінерлері көбейгені қуантты. Қауіптілеу болса да бұл спорт түрі ынжық болмай, керісінше өр мінезді болуға баулыйтынын білгендіктен «атұстарың», «атқамінерің» бар ма деп сұрайтыны да содан болса керек.
Жиналған қамшыгерлер ыстық қуырдақты жеп болып, келесі аптадағы болатын көкпарды аз-кем ақылдасып, келе жатқан ұлық ай – Рамазандағы тарапыға тұруды да ақылдасып жүр. Бұл ретте иман жолына келуге ниеттеніп жүрген жастар да біртіндеп «Мен де биыл ораза ұстасам деп ниеттеніп жүр едім» деген ықыласын білдіріп жатыр. Сырттай қараған жан іштей риза кейіпте.
Қашан көрсең игі істің басында ұйытқы болып жүрген Сүйіндік ақсақалдың Мұратын ауылы сыйлап, көшеміздің депутаты дейтінге ұқсайды. Былтырлары жарамсыз күйге түскен көпірдің құрылысын да көше болып қаражат жинап жөнге келтірген болса, көл-көсір қоқысқа айналған атшаптырым жерді тазалатып, тегістетіп көкпар шабатын алаңқайға айналдырудағы істің басында осы азаматтың өзі жүрді.
Түйін. Ұлы даланың тереңде жатқан тарихы мен мәдениетінің қай бетін парақтасаң да атқа мінудің сонау ықылым заманнан бүгінге жеткен бүкпесіз беттерін оқисың. Атқа мінгенде кеудесіне нан піскен күштілерден тайсақтап, жау ығысарын оқығанда құмарың қанып, бабалардың ерлігіне бас иесің. Тақымы тастай батырлардың шеберлік пен шымырлықтың үлгісі болып бүгінге жеткен ұрпағы екеніңді мақтан тұтасың. Біз қазанатты түлетсек бүкіләлемді аузымызға қаратар ек деген ой келді. Және бұл бүкпесіз ақиқат еді...
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
11 сәуір 2021 ж. 927 0