Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сығанақ-Отырар – қазақ өркениетінің өресі

Сығанақ-Отырар – қазақ өркениетінің өресі

Ұлы дала елінің тарихына қатысты айтар болсақ, ең алдымен ортағасырлық Сығанақ және Отырар шаһары ойға келеді. Сондықтан Сығанақ қаласының тарихын Отырар қаласымен салыстырмалы түрде баяндауды жөн көрдім.

Қазақ архитектурасының негізін салушы Т.Бәсенов өзінің «Архитектура және қала құрылысы» еңбегінде Қазақстан территориясындағы тұрақ-қоныстарды мынадай типтерге жіктеп, бөледі:
1. Қалалық қоныстар хандардың және басқарушы-бектердің ордалары;
2. Керуен жолдарындағы қалалық қоныстар даладағы сауда кәсіп орындары;
3. Басқарушылардың оқшау тұрған сарай-қорғандары мен жеке қоныстарды өзара байланыстыратын  тұрақ ретіндегі керуен сарайлар;
4. Ауыл шаруашылық қыстақтары.
Бұл осы тарихи құрылыстардың ерекшеліктеріне берілген ғылыми талдау, тұрақ-қоныстардың басым белгілеріне сай бөлінген. Алайда бұл белгілердің кейбіреуі бір қаланың өзінде-ақ жалғасып, қайталануы мүмкін. Сырдария қалаларының ішінде екі қалаға Отырар және Сығанақ қалалары осы топтағы басты қалалар, себебі керуен жолдарының тоғысқан жерінде орналасқан.
Бұл жөнінде В.Бартольд («История культурной жизни Туркестан») Сығанақ жайлы «Фараб аумағында орналасқан кішігірім бай қаладан басқа өңірлерге садақ тасымалдайды» деп жазған.
Сығанақ қаласы да ішкі сауда қаласы ретінде туып, содан кейін керуен жолдарының тоғысқан торабына айналды. Ал ХІІІ ғасырдан бастап Ақ Орда орталығы болып қалыптасты. Бұл туралы алғашқы деректі Х ғасырда Махмұд Қашқаридің «Түркі тілінің сөздігі» атты шығармасында «Сығанақ Саманидтер мемлекетінің қалаларына жақын орналасқан оғыз қалаларының бірі» деген дерек келтіреді.
Осыдан ІХ-Х ғасыр бұрын Сығанақтың ірі өңір болғаны жайында түрік шежірешісі Әбілғазы баһадүр хан: «қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді...» деп көрсетеді.
Сығанақ қаласын ортағасырлық автордың «Дешті Қыпшақтың айлағы» деп атауы Қыпшақ хандығының қалыптасуымен байланысты болса керек. Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол ежелден бері Қыпшақ хандарының астанасы» деп жазылады.
XI ғасырдан бастап Сығанақ қаласы Қыпшақ мемлекетінің саяси орталығы болып қалыптасады. Бұл қаланың гүлденген уақыты. Жер асты құбырлары арқылы Сырдария өзенінен ауыз су келіп тұрған. Қала халқының суармалы егіншілікпен айналысуы, қолөнершілер мекеніне айналуы – отырықшылыққа бетбұрғандығының бірден бір белгісі. XII ғасырда қыпшақтар арасына ислам діні ене бастады. Жазба деректерде мұнда мұсылмандану процесі жүріп, қала құрылымындағы өзгерістері жайлы нақты айтылады. Өзінің «Михман-наме Бұқар» («Бұқара қонағының жазбалары») атты еңбегінде ортағасырлық жылнамашы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани «Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылатыны туралы»аса құнды дерек келтіреді.
Бұған қазба жұмыстары көрсетіп отырғанындай, дәлел бола алады. «Қазіргі Сығанақ жұрты екі бөліктен: шахристан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабаттан тұрады. Оның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан шахристан кезінде пішімі бесбұрышқа ұқсайтын мықты қамал болған, оның өлшемдері: солтүстігі 275 метр, солтүстік-батысы 175 метр, оңтүстік-батысы 190 метр және оңтүстігі 175 метр, ал оңтүстік-шығысы 320 метр өлшемінде. Биіктігі 1,5 метр. Қала 6-7 метр шығыңқы 15 төбешікке айналған және мұнара іздері сақталған, қасында Сунақ-Ата мешіті бар. «Қаланың шығыс жағындағы қақпасының алдынан 100 метр қашықтықта күйдірілген кірпіштен (25х25х5 см) жасалған алғашқы кезде ХІІІ ғ. аяғында сағана салынып, оның жанына табынатын ғимарат кейінен ХІV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында мешітке айналдырылған, оған басты дәлел ғимараттың оңтүстік қабырғасын тесіп михраб жасалған. Осы кезден бастап ғимаратты айналдыра кіші бөлмелермен жалғаған. Соған қарағанда, ғимараттың қолданыста болған соңғы уақытында мешіт медресенің де рөлін атқарған тәрізді. 
Қаланың құрылымдық белгілері Сығанақ құрылысының түзу, жүйелі болғандығын көрсетеді. Академик В.В.Бартольд  біздің заманымыздың VІІ ғасырдағы Түркістанның мәдениетінің ІV ғасыр Түркістан мәдениетінен  айырмашылығы жоқ деп көрсетеді. Академиктің мәдениетке қатысты келтірген дәлелі, мәдениет пен тел дамып келе жатқан ғылымның бардық салаларына қатысты, оның ішінде архитектураның дамуында да орынды факты. Сығанақ қаласындағы салынған мәдени құрылыстар хандар арасындағы дүркін-дүркін болған шапқыншылықтан жиі-жиі талқандалып отырған. Соған қарамастан, Сығанақ еңсе тіктеп, мәдениетке ерте қол жеткізген, іргелі елге айналады.
Қалалар қай кезде де білім мен мəдениеттің орталығы, ошағы болған. Отырар ерте кезден-ақ, мәдени, ғылыми орталық болып саналған. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл Фараби өзінің туып өскен Отырар қаласындағы медреседен жан жақты білім алып, оқыған-ды. Медресе діни оқу орыны. Онда қыпшақ, парсы, араб – әлемдік үш тілде оқытылды. Діни оқулармен қатар астрономия, геометрия, музыка дағдыларына үйрету дәрістерін берген. Бұл жөнінде деректер көптеп кездеседі. Отырар қаласының мәдени, ғылыми даму процесіне, халықаралық саяси және сауда қатынастары тұрақты жүргізілуіне керуен жолдары өзінің әсерін тигізгені көрінеді. Х ғасырда өмір сүрген араб географы Әл-Мукаддаси еңбегінде Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Бұл ақпаратты кейінгі жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі де дәлел болып, көп ұқсастықтар тапқан.Сығанақ қаласының солтүстік-шығыс қақпа алды көтерілмелі көпірдің ажыратылмалы механизмі зерттеліп, Самарқан қақпалары секілді қыш тақташалармен безендірілген қақпаның жайма порталы анықталған. Сондай-ақ, Отырардың бас қақпасына ұқсас, қақпа алды қабырғаларының қақпа алды көтеріңкі жерінің көлемі үлкен деп көрсетеді. Өркениеттің негізгі қызметтерінің бірі – қарым-қатынас десек, бұл қарым-қатынасты Ұлы Жібек жолы бастап берген болатын. Бұл аймақтардың жұртшылығы бір-бірінен бөлек өмір сүрген жоқ. Мәдениеті мен білімі, шаруашылығы өзара байланыс пен қарым қатынаста еді.
Сығанақ қаласы да ерте кезден-ақ, үлкен білім орталығы болғаны бізге жеткен шетел мұрағаттарынан табылған әдеби мұралар дәлел бола алады. Сығанақ топырағында туған әйгілі ақын Хусамаддин әл-Сығанақи дарынды- лығымен өз замандастарынан оқшау көрініп, туған жұртына тамаша естелік-жырлар қалдырып кеткен. Сығанақидің салмақты да салиқалы еңбегі «Нихая» («Хикаялар») болып саналады. Әл-Сығанақиға байланысты, әрі сол кездегі қазақ-қыпшақ елінің астанасы Сығанақ туралы Стамбул кітапханасынан табылған мына өлең жолдары әсерлі де қызықты мағлұмат береді.
«Ен далада мекендеген еркін, ерке ел едік,
Жұртымызды жеті қаттың ілімімен жебедік.
Мұнда «Нихаяны» жазған ақын туған,
Мұнда «Хидаяны» талдаған ғалым тұрған.
Болса тәңір екінші өмір қиғандай:
Сығанақта көз жұмар ек қиналмай».
Әрине тарихи деректерді салыстыра сабақтап, Қазақ даласындағы шаһарлардың сырын ашуға болады. Әрі археологиялық қазба жұмыстарын жүйелі жүргізіп, «Отырар-Түркістан-Сығанақ» бағытында туризмнің жаңа бір қырын ашуға мүмкіндік бар. Бұл – қазақ ұлытының бай тарихын танытумен қатар, табыс көзі болар еді.
Мөлдір ДЮСЕНБАЕВА,
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері,
тарих магистрі
06 қазан 2020 ж. 807 0