№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қар астындағы ауыл (әңгіме)

Қар астындағы ауыл (әңгіме)


1951 жылдың 1952 жылға қараған қысы айрықша қарлы болды. Күндіз де, түнде де жауған қар көз жетер жерді түгел басып қалған. Тау да қар, дала да қар... Ал аспанда тіпті қардан өзге ештеңе жоқ дерсің... Әйтеуір, кейде жібектей түтіліп, кейде жапалақтаған қардың бәрі де сол жақтан түсіп жатыр ғой...

Ауылдардың жатағандау тамдарының өзі жауған қармен бірдей болып қалғанда, азаннан кешке дейін қар күреп, ана үй мен мына үйдің арасына жол салудың өзі кәдімгідей бейнет еді.
Бұғалтерлер дайындайтын курсты облыс орталығынан таяуда ғана бітіріп келген Сағымбайдың үйі осыдан екі жыл бұрын халық көптеу тұратын өзеннің бас жағынан жаңа мектеп салынғанда, босап қалған ескі мектептің шеткі бөлмесіне орналасты да, ұзын дәліздегі қаңғыр-күңгір көп үйден бөлініп теріс беттен есік шығарып алған-ды. Шешесі, әйелі, інісі – төртеуіне әуелгіде бұрын класс бөлмесі болған үй әңкиген үлкен, әрі суық көрінді де, жазда әрқайсысы әр бұрышта шашырай жатып, қыста бәрі де темір пеш орналасқан бұрышқа сығылысатын. Төсеген алашалары тылтыйып, өздері жататын бұрышты әзер жапты да, бір кебеже, бір сандықтары бұлардан қарадай үркіп, екінші бұрышта қалып қойды.
«Оқып, шаршап келдің ғой, біраз демал. Әзірге босай қоятын орын көрмей отырмын» деп, басқарма Исабай көңілін басып тастаған соң-ақ Сағымбай үйінің төрінде күзден бастап жатып алған. Ауылда қолдан қолға тимей жүрген екі-ақ кітап бар. Бірі – «Мың бір түн», екіншісі – «Батый». «Мың бір түнді» екі рет, «Батыйды» бір рет оқып шығып, енді не істерін білмей іші пысып, аш қарнын алақанымен сипап жатып бір жолы іштей «Немістермен соғыстың да ерте бітіп қалғанын қарасайшы. Тым болмаса «Қай қала алыныпты?» «Гитлер жеңе ме, әлде Сталин жеңе ме?» деп елеңдесіп отыратын» – дегені бар. Онымен де қоймай, бір топ іші пысқандардың ортасында отырып: «Жұрттың қара қағазын таситын почталық қызметтің де бұйырмай қалғанын қарасайшы» дегені тағы бар. Сонда мұның сөзіне үйіне қара қағаз келмегендер күлді де, үйіне қара қағаз келгендер күле алған жоқ. Сұқ саусақтарымен астарындағы алашаның бетін сызғылап, төмен қараған күйі отырып қалды.
Күнде таңертең Нұрлыбай інісі оқуға кетеді. Шешесі ертеңгі шайдан соң-ақ қолына ұршығы мен бір шүйке жүнін ұстап көршілеріне барады. Үйде оңаша қалған келіншек пен жігіттің әңгімесі біткен бе, тәйірі. Оның үстіне қосылғандарына жыл толмаған болса... Сағымбай әңгіме айтса – Әкүл таң, Әкүл айтса, Сағымбай таң.
Дастарханға жүгері қуырып салып, қайта-қайта шай ішетін әдеттері бар. Ондайда Әкүлдің құйған қара шайы бал татып тұрғандай дерсің. Бұл ауылда бидайдың ұнынан пісірген нанның өзі ілуде-біреудікінде... Кәмпит те күнде көретін нәрсе емес. Қайсыбіреулердің кәмпит орнына құрт тістеп отыратын әдеттері бар.
Ұзақ оқудан кейін қатты сағынып келгенінің әсері ме, бұларға таңертеңнен кешке дейін бірінің бетіне бірі қарап отыру да таң болмай қалған. Дегенмен екеуі қашанғы өбісе берсін, Сағымбайдың кейде ермек үшін келіншегін жоқ жерден ашуландыратын да әдеті бар. Ашуландырарда айтатыны – «Сенен бұрын Көлтоғанның бір қызымен әуейі болғанмын. Сен болмағанда соны алайын деп жүр едім. Серттесіп те қойып едік» дейді. «Сол қызыңа неге үйлене бермедің?» деудің орнына Әкүл жылап қалады. Мінезі ұяң. Күйеуінің әзіліне әзілмен жауап беруге де айласы жетпейді. Соны біліп Сағымбайда жас келіншекке мәтіби болып алған. Көлтоғандағы әуейі болған қызының әңгімесі ескіріп, Әкүлді тағы бір жылатып алғысы келген кезде «Түркістанда да бір қызым бар еді, менен екіқабат болып қалған» дейді. Бұл жолы Әкүл көбірек жылайды.
Сағымбайдың Әкүлді қайта-қайта жылатуды қызық көретіні... кешкісін құрақ көрпешенің үстінде құшақтасып жатып, татуласулары қызық... Тәтті...
Ертеңіне інісі оқуға, шешесі көршілерге қыдырып кеткенде Сағымбай зарлап сөйлеп, құрақ көрпешеге рахмет айтып жатады. «Сен болмасаң Әкүл екеуміз татуласа алмай тарасып кетер ме едік... Сен болмасаң аққудай Әкүлімнен айрылып, арманда қалар ма едім» деп...
Әкүл сылқылдап ұзақ күледі. Күлгені қандай! Күліп әрі ұялып отырып, бір-екі ауыз бірдеңе дегені қандай! Құдайым-ау жас адамдардың сезім құштарлығына дауа бар ма, сірә... Сосын екеуі бірін бірі жаңадан көргендей, ал кеп құшақтасады... ал кеп сүйіседі...
Екеуі үйленерде шешесі тіккен құрақ көрпеше, обалы не керек, бұларға күндіз де қызметін аямады...
Қар қалың түскен соң-ақ Сағымбай қолына күрек алып, қар күреуге кірісіп кеткен-ді. Түске шейін күреді. Кешке шейін күреді. Сонда бітсейші... Оң жақтағы көршіге дейін жүз қадам... Сол жақтағы көршіге дейін жүз қадам... Мал қораға дейін елу қадам. Отын қораға дейін елу қадам. Там жанынан жаңа там соққандай қар дегенің тау болып үйілді де қалды. «Ұзынмын» деп жүрген батырдың өзі дәл қазір тау аралап келе жатқан ергежейлідей ғана.
Келіншегі бір жүгіріп келіп «Тер қатып қалар» деп үстіне күпәйке жауып кеткен... Екінші келіп «Шай қойып жатырмын» деп жұбатты. «Шай қойып жатырмын» деп мақтанғаны бұл аралықта енесі Омар қайнысының үйіне барып, төрт-бес кілә бидай сұрап әкелген. Бидайды Әкүлмен екеуі еденге төгіп жіберіп, тазалап, қол диірменге салып дығырлатып отырып тартты да, ұн екі табаға жететіндей болғанда, енесі қамыр ашытып, Әкүл шай қойды.
Содан Сағымбай да қар күреуден шаршап, жалыққан кезде Әкүл тағы да жүгіріп келіп «Бидай нанды табадан шығардым... шай да қайнады» – деді-ау. Бұл сөз «Етті қазаннан түсірдім, ағаш табақта буы бұрқырап тұр» дегенмен бірдей. Сағымбай енді күрегін иығына салып, үйге қарай жүрді.
Бұлар шай ішіп жатқанда мектептен Нұрлыбай да келді. Кітап-дәптерлері салынған шүберек қалтаны иығынан алмастан, дастарханның шетіне келіп жайғасқан. Аяғындағы етігін де шешер ме еді, шешпес пе еді, шешесі: – Алдымен етігіңді шешсеңші, – деп тастамағанда. Сонда Нұрлыбай етігін шешіп жатып та, көздері таба нанды тесіп тұрды-ау. Дастархан шетіне жайғаса беріп, алғашқы айтқан сөзі де: – Бидай нанды қайдан әкелдіңдер-ей? – болды.
– Қайдан әкелуші едік? Өзіміз қолдан көмдік те, – деді шешесі.
Бидай қайдан келді. Ұн қайдан шықты – Нұрлыбайдың онымен шаруасы жоқ. Таба нанның жартысын опырып алып: – Неге күнде бидай нан көмбейсіңдер? – деді осы сөзімен өзгелердің бәрін айыптағандай қабағын түйе қарап: – Жүгері нан... жүгері нан... Менің жүгері нанды жегім келмейді.
Сағымбай мен Әкүл үндеген жоқ. Жауапты тағы да шешесі берді:
– Шырағым, жүгері нанды да табылып тұрса жерсің...
Енді дастархан басына үнсіздік орнады. Бірақ қарап отырған ешқайсысы жоқ. Бірі нан жеп, бірі шай ішіп отыр. Әлгінде опырып алған жарты таба наннан Нұрлыбай дастарханға қыйқым да қайырған жоқ. Түгел өзі жеді. Қалған жарты таба нанның да көбісін Сағымбай жеді. Ене мен келін бір жапырағын ғана өзара бөліп, ауыз тиген болды.
– Кешке де бидай нан көмесіңдер ме? Жартысын таңертең мектепке ала кететін – деген Нұрлыбайдың сөзіне де ешкім жауап қатқан жоқ.
Сағымбай түс ауа тағы да қар күреуге шығып, отын қораға қарай жол салды. Шешесі шай ішіп отырып: – Омбылап барып, омбылап қайтып сұрағанда бидайды бергеніне де рахмет. Балаларым бір тойды... Күнде-күнде бізге кім бидай бере берер дейсің, одан да отын қора мен мал қораның жолын аш... – деген.
Әлгінде жеген бидай нанның күшімен біраз қимылдаған. Денесі терши бастаған кезде үйден Әкүл шығып «Тер қатып қалып жүрер» тағы да иығына күпәйке жауып, екінші күрекпен ол да қар күреген болды. Жұмысы өнімсіздеу болғанымен әдемі келіншегінің осылай жанында жүргенін Сағымбай жек көрген жоқ.
Ауылда өздері сияқты жаңа үйленгендер де, үйлене алмай сораңдап, жер-көкке сыймай жүрген жігіттер де бар еді. Солардың үйлене алмағандары қар күрей жүріп, анадайдан мойындарын созып, бұларға қарады. Әрине қызықты. Бәлкім қызғанды. Осының өзі не тұрады. Ісі өнбесе де, әдемі көйлек киіп, әдемі орамал тартқан әдемі келіншегі қызыл пүлішпен тысталған жылы әрі ықшам елтірі күртешесімен ана тұстан, мына тұстан көз сұғын қадағандарды қызықтырып, жанында әлі де жүре бергенін қалап-ақ еді, кенет келіншегінің өз-өзінен «іш-ш-шай!» дегені. Деді де қолындағы күрегін қалың қарға қадай беріп, жүгіре басып үйге кіріп кетті. Үйге қарай жүгіре басқанының өзі қандай сүйкімді еді. Дауыстап «іш-ш-шай» деуі де, үйге қарай жүгіре басқаны да бір есептен күйеуіне еркелегені сияқты-тын. Оны Сағымбай түсінді. Түсініп тұрып ішінен: «Осындай келіншекті түнегүні ішім пысқанда Көлтоғандағы қызымды бір, Түркістандағы қызымды бір айтып, жылатқаным-ай» деп өкінді. «Осындай келіншегін де дені сау адам жылатар ма? Өкпелетер ме?» деп бірауық өзіне-өзі ұрысқан болды.
Отын қораның жолын ашып болып, енді мал қораға қатынайтын жолдың қарын күрей бастаған кезде күпәйкесінің бір жеңін сұғынып, екінші жеңін жолай сұғынып, аяғына гөрпілдеген саптама етік киіп, үйден Нұрлыбай шықты. Өзі ашулы. Бұрқылдап, бірдеңе деп күңкілдеп жүр. Бірақ онысын ешкім де түсінбейді. Оның осылай жұрт түсінбейтіндей етіп бұрқылдайтыны да бар. Шамасы шешесі, әлде Әкүл «Сен де ағаңа көмектессейші» деп айтқан. Әншейінде жұмыс істе десең, аяқ астынан басы әлде іші ауырып, болмағанда ұстап отырған кітабының кез келген бетін ашып, оқи қоятын қияңқы ғой. Әкүлден қалған күректі ұстай беріп:
– Сабақ оқиын десең, бір-р, – деді бұл жолы Сағымбайға әдейі естірте күңкілдеп...
Сағымбай үндеген жоқ. Сосын саптама етігін әзер көтеріп, қарды ебедейсіз кешіп жүріп, ол да қар күрей бастады. Күреп жүр деген аты ғана. Қарды бір оң жағына, бір сол жағына шашып жүр. Әттең қолындағы күрегін лақтырып жіберуге ағасынан бата алмайды.
Нұрлыбай қар күреп жүріп те жайына қалмады. Есігінің алдын күреп жатқан құрдасы Мүтәліпті тілін шығарып мазақтаған болып, анау бірдеңе айтып мұны келемеждеген еді: – Ертең мектепке бара жатқанда көресің көресіні, – деді. Ана бала жым болды. Осы кезде қар кешіп, алпа-салпа болған Мүтәліптің иті тұсынан өте қалып еді, қолындағы күрегімен белінен бір салғанда, ит қыңсылап қаша жөнелді.
Одан соң да қарап тұрмай бір кезде шалбарының бауын шешіп үюлі қардың бетіне сиді. Сигені де қызық. Шаптырып тұрып бір жазу жазды, онысы да оңған сөз емес. Сосын жазуды оқып тұрып, өз-өзінен жырқылдап күлді. Күлген күйі әлгі қардағы жазуды күрегімен сипап жіберіп қайта өшірді.
Зілдей саптама етігімен екі шақырым жердегі мектепке барып, қайтып келген соң пеш түбінде етпеттеп жатып сабақ оқыған, сосын қар күреген бала әбден сілесі қатып шаршап, кешкісін ерте ұйықтап қалған. Жетілік шамның түбінде«Мың бір түннің» қайсыбір тұстарын аралап қана оқып отырған Сағымбай бір сәт кітабын жаба беріп: – Апа, осы балаң мектепке барса – мектеп у-шу, асық ойнаса – асық у-шу, мал қайырса – мал у-шу, ержеткенде қалай болар екен өзі? – дей беріп еді, кемпір қиналмастан: – Қатын алған соң басылатын шығар, – дегені.
– Ойпырмай, апа, осы балаңның жыны бір қатынмен басыла қойса қанеки, – деп еді, шешесі бұл сөзіне де абыржымады.
– Бір қатынға жыны басылмаса, екі қатын алар да... Күйеуінің өтірік қиыстырған Көлтоғанның қызы мен Түркістанның қызы есіне түсті ме, кемпір екі қатын алуды айтқан кезде Әкүл қызарақтап қалды. Әкүл қызарақтаған соң Сағымбайдың да үні өшті.
Қар күреу біткен соң Сағымбайдың қолы босады. Оқиын десе оңған кітап жоқ. Қар қалың түскелі ауданмен де байланыс үзілген. Газеттер келмейді. Күзде ғана Ресейдің бір облысынан келген рацияның тілін білетін жалғыз Пәзілбек қана. Оның өзі әлгі темірдің бұрандасын жарты сағат бұрап «Эрфви кратка-а... Эрфви кратка-а... один, два, три, четыре, пять... пять, четыре, три, два, один... Эрфви кратка-а» деп қайта-қайта әлпештегенде аудан орталығынан көп қырыл-дырылдың арасынан:
– Бұл кім әй? – деген дауыс әзер естіліпті.
– Тау қыраны! – депті сонда Пәзілбек колхоздың паролін айтқан болып.
– Әй, «Тау қыраны», тірімісіңдер? – депті әлгі дауыс.
– Тіріміз! – депті Пәзілбек сонда ерекше қуанышпен. – Бәріміз де тіріміз... жолдас... – дей бергенде рация үзіліп қалып, «Эрфви краткасын...» қанша қайталаса да, қайтып іске қосылмай-ақ қойыпты.
«Ол кімнің дауысы екен, сонда...» дегендерге Пәзілбек өз абыройын біраз көтеріп тастау үшін, әлде далбасалап... «Райкөмнің бірінші хатшысының дауысы... секілді» депті. Өзі райкөмнің бірінші хатшысын өмірінде көрмеген жанға да ауылдағылар кәміл сеніп «Біздің Саханың Пәзілбегі ауданның бірінші хатшысының өзімен-ақ сөйлескен екен сабаз... «Тірімісіңдер-әй» депті ғой. Жаны ашыған басшының сөзі осындай-ақ болмай ма?» деп бір-біріне айтып, дуылдатып әкетіпті. Сол дуыл енді басылсайшы. Өзеннің бас жағындағы ауылдарда да осы әңгіме... өзеннің аяқ жағындағы ауылдарда да осы әңгіме... Колхоздың кеңсесінде де... Мектеп пен дүкенде де осы әңгіме... Ағаділ ұстаға арба жасатуға барғандар да осы әңгімені есітіпті. Естіпті емес-ау, өздері осы әңгімені айтып-айтып ұстаханадан ауыздары көпіріп шығыпты. Шығайын деп те шықпаған секілді. «Көп сөйлеп маған жұмыс істетпедіңдер» деп Ағаділ ұста бәрін қуып шығыпты-мыс...
Белгісіз адамның «тірімісіңдер-әй!» деген жалғыз ауыз сөзі тау арасында қар астында қалған «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоздың үлкен-кішісін бір серпілтіп тастады.
Осы сөзге екі-үш адам қосылған жерде мақтанатындар табылыпты. Табылғаны ғой, осы сөзді жуған болып, Пейіздің дүкенінде екеуара бір бөтелкеден арақ алып ішіп, қылжалақтап мас болып қалғандар да болыпты. Сонда «мас болғандар өзара нендей әңгіме айтты екен» дерсіздер-ау». Арманда қалмағаныңызды қалап айта салайық. Бірінші мас бірінші хатшының гүжілдеген даусымен айтыпты:
- Әй, «Тау қырандары», тірімісіңдер? – деп, сонда екінші мас аяғын әзер басып, өзін құлап кетуден әзер сақтап қалтаңдап тұрып, Пәзілбектің шіңкілдеген дауысымен:
– Тіріміз! – депті қуанып. Сосын екі мас қосылып, қол соғыпты да, соңынан құшақтасып сүйісіпті.
«Тірмісіңдер-әй» деген сөзге Сағымбай мақтанған да, малданған да жоқ. Және Пәзілбек ағасымен шынымен бірінші хатшының өзі сөйлескеніне күмәнді-тін. Күмән қылатыны – Пәзілбектің рация хабарын тыңдап отырған да ауданның бір Пәзілбегі екенін ол шамалады.
Қайткен күнде де 1952 жылдың желтоқсанының үшінші онкүндігінде бұл ауылдың ең үлкен жаңалығы – қар астында жатып-ақ рациямен ауданмен байланысқаны ғана болды. Мәскеуде не болып жатыр, Алматыда не болып жатыр, ешкім ештеңе білмейді. Орыс жаңа жылын бұл ауыл өмірі тойлаған емес. Мектеп пен колхоз кеңсесінде ғана «Ертең жаңа жыл екен» деген қаңғыр-гүңгір әңгіме болса болған шығар. Мектептің қабырға газетіне бір суретші баланың елканың суретін салғаны анық. Бірақ анық не үшін салғанын ол баланың өзі де айтып беруі екіталай. Өйткені, бұл ауылда үлкеннің де кішінің де ойында «бұл орыстардың ғана тойы» деген ұғым.
Құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан күні бойы жатып Сағымбай кейде «Ойпырмай, мынадай ішпыстылықтан қалай құтылсам екен, ә?... Не істесем екен ә?» деп қиялдайтыны бар. Көлтоғандағы өзімен әуейі болған қыз бен Түркістандағы өзінен екіқабат болып қалған қызды айтып, соңғы аптада келіншегін екі жылатты ма, әлде үш жылатты ма, анығы есінде жоқ. Әйтеуір сықсыңдап жылап отырып-ақ келіншегінің шай құйып бергені, сықсыңдап жүріп-ақ отын қорадан күйеуі бұтаған отынды құшақтап әкеліп, үй жылыту үшін от жаққаны есінде. Бәрінде де екеуі түнде татуласып, ертесіне келіншегі ештеңе болмағандай жайрандап кеткен.
Ол әңгіме енді ескіріп барады. Қайталай беру өзіне де қызықсыз. Ал «ішпыстылықтан қалай құтыламын» деген қиял басынан шығар емес. Құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан жатқан сайын ойлағысы келмесе де ішпыстылық жайы ойына өз-өзінен орала кетеді. Істерге іс, айтуға сөз іздеп шерменде болған адам да ақыры мұрат-мақсатына жетеді екен-ау.
Өзеннің басқа иінінде тұратын Сейілбек, Рәш деген құрдастары бар-тын. Соларға әртүрлі хат ұйымдастыруды ойлады да, құрақ көрпешенің үстінде әрі-бері аунап жатып, әлгі хаттарынан бірдеңе шығатынына анық көзі жеткен кезде барып, қолына қалам, қағаз алды. Қолы да жазуды сондай сағынып қалған екен, ақ қағаздың бетінде қаламды ой, қақшаңдатты-ау.
Әуелгі хатты өзі сияқтанып жұмыс таппай сенделіп жүрген құрдасы Сейілбекке жазбақ болды. Хатты көрші «Бірлік» колхозының басқармасы, өздерінің туысы Тасболат Жанпейісовтың атынан жазды...

Тынымбай Нұрмағамбетов.
14 мамыр 2020 ж. 831 0