№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ИБН СИНА ОБАНЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢДІ?

ИБН СИНА ОБАНЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢДІ?



Ғұлама ғалым Ибн Синаның медицина ғылымының негізін қалауда еңбегі ерен. «Авиценна» атты көркем фильмде ғалымның осы еңбегі арқылы оба індетімен  күресудегі амал-әдісі көрсетіледі.
Әбу Әли әл-Құсайын ибн Абдуллаһ ибн Әли Сина 980 жылы Бұқар қаласының маңайындағы Афшана деген жерде туды. Ол 5 жасқа толған уақытта әкесі Бұқара қаласына көшіп келеді. Осы уақытта өзі зеректігімен, тапқырлығымен ерекшеленіп, Құранды жатқа айтатын болады. Оның зерек болып өсуінде шаңырағында алыс-жақын елдерден келген қонақтардың әсері болады. Меймандар түнұзақ ғылым, білім тақырыбында әңгіме шертеді. Ибн Сина болса бұл әңгімелерді тыңдап қана қоймай, санасына тоқып өседі.
Еңбек пен ізденісінің арқасында өз заманының білімдар адамына айналады. Бұл жолда ескі грек философиясы мен физика, астрономия және тағы басқа ғылымдармен танысады. Медицина іліміне назары ауып, Гиппократ пен Галеннің шығармаларын, шығыс ғалымдарынының медицина жайында жазған түрлі еңбектерін қолына алады. Білімін жетілдіріп, адамдарды емдеу ісімен айналысады.
Бір күні Бұқардың әмірі Нух ибн Мансур қатты науқастанып қалады. Сарай маңындағы емшілер басшының ауруының емін таппайды. Содан Ибн Синаны шақыртады. Жас емші патшаның аурудан айығуына себеп болады. Әмірші қалағанынды сұра дейді. Сонда Ибн Сина сарай маңындағы кітапхананы таңдап, сонда тұруға рұқсат сұрайды.
Шығыс және батыс философтары мен оқымыстыларының кітабына бай кітапханада жас ғалым ілімін жетілдіреді. Алайда жаугершілік кезінде Саманид сарайындағы бұл кітапхана жалын отқа айналады. Кейіннен жадында қалғанын қағаз бетінге түсіріп, соны тәжірибе жүзінде өзі іске асыра бастайды.
Арада біраз жылдар өткенде Ибн Сина Үргеніш қаласына келеді. Мұндағылар ғалымды зор қошеметпен қарсы алады. Осы кезде Хорезмде алғаш рет «Мамун академиясы» деп аталатын ғылыми орталық ашылған болатын. Орта Азияның сол кездегі көптеген атақты ғалымдарымен Ибн Сина да осы жерге жұмысқа орналасады. Онда Әль-Фараби, Әль-Хорезмидің еңбектерімен танысады. Әсіресе осы академия басшысы Әл-Бирунимен өте жақын дос болады.
Аталмыш академияда жұмыс жасай жүріп жас ғалым өзінің аса бағалы екі еңбегін жазып шығарады. Оның бірі «Медицина ғылымының заңдары», екіншісі «Денсаулық сақтау кітабы» деп аталады.
Осы екі кітап Ибн Синаның атын әлемге танытады. Бұл еңбектерінде оба, холера, сары ауру туралы жазды. Әсіресе олардың шығу себептерін, нышандарын талдағаны құнды саналды. Асқазан жарасы, диабет және көптеген басқа аурулардың емдеу әдістерін талдап көрсетті. Сондай-ақ ол көздің бұлшық еттерінің құрылысын анық түсіндіріп берді. Бәрі оған дейін көз фонарик тәрізді, ерекше сәуле шығарады деп ойлайтын еді. Ибн Сина болса, бұл пікірді теріске шығарып дәлелдеді.
Хирургия саласында өңешті тесу, сыртқы ісіктерді алып тастау операцияларын бұрынғыдан гөрі жетілдіріп, иық буыны шыққан жағдайда оны орнына келтірудің жаңа әдістерін қолданды. Көне дәуірде Книд аралында қолданған балшықпен емдеу әдістерін қайтадан жандандырды.
«Дәрігерлік ғылымның ережесінде» еңбегінде Ибн Сина ерекше назарды баланы тәрбиелеу мен тамақтандыруға, физикалық жаттығулар мен дұрыс тамақтануға аударады. Оның еңбегінің соншалықты жоғары болғаны, ол «Ережені» жазып біткен соң, ол дүние жүзінің барлық елдерінде  таралып, медицина энциклопедиясына айналды. ХХІІ ғасырдың өзінде-ақ араб тілінен латын тіліне аударылып, көптеген қолжазбамен тарады.
Ал 1017 жылы ғалымның жемісті жолы кенеттен тоқтайды. Өйткені, Ғазна шахы Хорезмнің ішкі ісіне араласып, ғалымдар қуғынға ұшырайды. Солардың арасында Ибн Сина да бар еді. Алайда ол қашып шығады. Бірақ бұдан кейінгі өмірі үнемі қуғын үстінде өтеді. Өмір азабы мен тауқыметін, жоқшылығын сезіне бастайды. Емшілік жасау арқылы ғана күнін көреді. Қатты қиналған уақытта дәрігерлік дарынын бағалаған достарын паналады. Бірақ осының бәріне қарамастан ғалым жұмысын жалғастырудан таймады. Жиырма жылға созылған қуғын сүргін уақыт ішінде ол жүзден аса ғылыми еңбек жазды. Осы аралықта денсаулығы да сыр беріп, әл қуаты кемиді. Ақыры «ғалымдар атасы» атанған Орта Азияның оқымысты, атақты дәрігері 1037 жылы небәрі 57 жасында қайтыс болады.
Сол заманда Ибн Сина «қара өлімнің» емін тазалықты және жеке бас гигиенасын сақтауда деп бағалап, мыңдаған адамның қатерлі індеттен аман қалуына себеп болады. «Авиценна» атты көркем фильмде осы жөнінде тамаша эпизод бар.
Қаланы барлық адамдар тастап қашады. Сонда қатерлі қалаға Ибн Сина барып, сондағы халықты емдеудің жолына бастайды. Яғни қаланы дезинфекциялауға мән беріп, адамдардың бір-бірімен қарым-қатыныс жасамауына кеңес береді. Әрбір адам үй жағдайында отыруды тапсырады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындары оба індетін жеңеді.
Коронавирус індетіне де ескірмейтін осындай тәсілді қолдану керек. Оның басқа жолы жоқ. Осыны түсінсек, ұтарымыз көп.

Лаура БИБАСАРОВА
01 сәуір 2020 ж. 713 0