» » Әлем жұртшылығының есін шығарған екі ай

Әлем жұртшылығының есін шығарған екі ай


Тыныштық сүйген халықтың тышқан жылынан да жақсылық күткені рас. Бірақ амал нешік, оның алғашқы екі айында-ақ әлем жұртшылығының есін шығарған оқиғалар орын алды. Аустралиядағы өрт, Қытайдағы коронавирус, Ақш пен Иран арасындағы теке-тірес, одан қалды Украинағы ұшақ апаты, түрлі ортадағы табиғат – ананың тосын мінезі... Бұл қиындықтар қалай түйінделеді? Қазір көптің көкейінде жүрген сұрақ осы.


Жыл басы қаңтардың алғашқы күні аранын ашқан Аустралиядағы өрттің жалыны әлі күнге сөнген жоқ. Өкініштісі, 2020 жылдың шымылдығын бұл ел үшін тілсіз жау ашты. 1 млрд. 250 млн. жануар тірідей жанып кетсе, қызыл жалыннан 34 адам ажал құшты.
Ал бір-бірімен дүрдараз АҚШ пен Иран арасындағы теке-тірес жыл басында тіпті ушығып кетті. Таяу Шығыстағы қақтығысқа алаңдаған сарапшылар Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетпесе игі деп болжамдарын жасаған-ды. Алайда қос тарап бітімге келмесе де шабуылдарын тоқтатқан сынай танытты.
Араға бір-екі күн салып шашымызды тік тұрғызған оқиға орын алды. Тегераннан Киевке бағыт алған BOING-737 лайнері апатқа ұшырап, әуекеме бортында болған 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі көз жұмды.
«Жығылғанға – жұдырық» дейміз бе, қыбырлап-жыбырлағанның бәрін талғамай жұтатын жанкешті халықтан жаһанға үлкен қауіп төніп тұр. Коронавирус індеті іргемізге келді. Бүгінгі күннің өзінде аталмыш дерттен инфекцияны 78 824 адам жұқтырып, қауіпті індеттен көз жұмғандардың саны 2 788-ден асты. Ал вирус әлемнің 46 еліне тарап үлгерсе, құлан таза айыққан адамдар да жоқ емес.
Қытайда бастау алған инфекцияны нумерологтар 4 санымен байланыстырды. Ал 4 саны Қытайда медицина саласымен байланысты болса, осы саннан қытайлықтар қатты қорқады екен. Себебі, қытай тілінде бұл сан өліммен тең дегенді білдіреді.
Шүкір, бұл бәлекеттен біздің ел аман. Алайда алаңдаушылық та жоқ емес.
Осы орайда, нумеролог құрбым Нұргүл Сұлтанованың пікірін білуді жөн көрдім. Ол – сәуір айының соңына қарай бұл дерттің не емдік жолы пайда болады, не тоқтатылады. Болмаса жойылады, – деп қысқаша қайырды.
Айтпақшы, біздің ел үшін жыл жаман басталды деп айта алмаймын. Бірақ табиғат-ананың біраз мінез танытқаны бар. Қар қалың түсіп халықты әбігерге салып, ауыл тұрмақ Елорда тұрғындарының біразы әуре-сарсаңға түскені рас. Тек біз мұны жақсылыққа жорыдық. Себебі, қар қалың жауса жер нәрленеді, егіс мол болады.
Жылдың екінші айында әлем үшін ең маңызды оқиға, кино саласында өзіндік із қалдырған «Оскар» сыйлығын табыстау сәті болды. Екі жүзден аса мемлекетте 3,5 сағат бойы тікелей эфирде көрсетілген жыл сайынғы салтатанатты шара Лос Анджелоста 92-ші рет ұйымдастырылды. Бұл жолы ең үздік фильм номинациясын Пон Джун Хоның «Паразиты» картинасы еншіледі. Сонымен қатар ең үздік сценарий, ең үздік шетел фильмі атағына да ие болды. Айта кететіні, ең үздік режиссер жүлдесін де осы кинокартина алды. Осылайша 4 бірдей номинация бойынша жүлдеге ие болған фильм көпшілікті таңқалдырумен тарихта қалды.
Біздің елде қаңтар айынан бастап заң ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар еніп, қылмыстық жазаның өтеуі қатаңдатылса, ақпан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығына байланысты халықаралық, республикалық және аймақтық, аудандық деңгейде іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырды.
Осындай жақсылықтардың лебі Жаңақорғанда да жоқ емес. Қаңтар айында аймақ басшысы келіп, он алты ауылдық округты аралап, елдің жағдайымен танысып, мәселелерінен хабардар болды. Тұрғындардың тілек-өтініштері тыңдалып, барлық айтылған мәселелер уақытысымен орындалатынын Қуанышбек Досмайылұлы жеткізді. Ал еріктілер жылының екінші айында «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры игілікті іске ұйытқы болды. Ізгі бастаманы құптаған ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі мен Жаңақорған кентінде ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылған облыстық «Құран жарыс» өтті. Кенттегі «Қум сахаба» мешітіндегі өңірлік жарысқа 60-қа жуық шәкірт қатысты. Оның 38-і Құранды мәнерлеп оқу сайысына, ал 13-і қасиетті Құранның 2 парасын жатқа оқуға қатысты. Құранның 2 парасын жатқа оқудан өткен жарыста бас жүлде бесарықтық Берік Біржанұлына бұйырып, кіші қажылыққа жолдаманы қанжығасына байлады.

ТҮЙІН: Аспан асты, жер үстін ортақ мекен еткен адамзатқа ең қымбаты – тыныштық.

Лаура БИБАСАРОВА
04 наурыз 2020 ж. 561 0