№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ақылды әйел туралы тәмсіл

Ақылды әйел туралы тәмсіл


Ертеде көптің көзіне түсе бермейтін, ешкімде шаруасы жоқ, өзіндік ойы, айтар пікірі жоқ, «көп айтса көнді, жұрт айтса болдымен» жүретін бір жігіт болыпты. Ауылда ешбір жан оны адам екен деп елеп, ескермесе керек. Бір күні әлгі жігіт үйленіп, шаңырақ көтереді.
Бұл ауылда ай сайын ауыл адамдары бас қосып, ел ішінде болып жатқан мәселелерді ортаға салып, жиналыс өткізетін дәстүр бар екен. Бір күні әйелі әлгі жігітке:
- Отағасы, сіз бұрынғыдай салт басты емессіз. Түтіні түзу ұшып тұрған бір үйдің егесі болдыңыз. Атқа қонар азамат ретінде ауылдағы жағдайларға бей-жай қарағаныңыз жөн болмас. Ел ішіндегі жиналысқа сіз де қатысып, мәселені шешуге септігіңізді тигізгеніңіз дұрыс болар, - депті.
Әйелінің ақылын құп көрген жігіт сол күннен бастап ауылдағы жиналысқа қатыса бастапты. Содан не керек, ел ішіндегі жағдайлар мұны да алаңдатып, бірте-бірте халыққа пайдасы тиетін, ауылдағы жоқ-жітік пен кем-кетіктің жыртығын жамауға шамасы келетін азаматтың біріне айналыпты.
Ең қызығы, әлгі жігіт жиналысқа келген сайын үйіндегі әйелі артынан ере келіп, күйеуі тоңып қалмасын деген ниетпен астына көрпеше төсеп жүреді екен. Күйеуін жұмсақ көрпеге отырғызып, жиналыс аяқталған соң әлгі көрпені жинап алатын көрінеді. Мұны көрген ауыл адамдары әйелдің ақылдылығына ырза болады. Бір жағынан осы істен соң әлгі жігітке деген құрметтері онан сайын арта түседі. Әйелі осынша қатты сыйлап, алдында құрақ ұшып тұратын, үйде ғана емес, түзде де құрмет көрсетіп жүретін бұл жігіт тегін болмағаны ғой?
Міне, осылайша әлгі жігіт елдің бас көтерер азаматттарының біріне айналып, халқына сыйлы болған екен.
Иә, күйеуінің артына тығыла жүріп, ерінің қара басын хан етіп көтеретін, оның жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын, түймедей басын елге тұлға қып көрсететін – әйел-ана. Қазақ «әр алыптың артында дана әйел тұр» деп бекер айтпаған ғой. Ерінің абыройын аспандатып, ризалығын ала білген мұндай әйел - ортасына үлгі, қоғамға сыйлы! Күйеуін разы еткен әйел – Жәннатқа лайық, ендеше, мұндай әйелдің Алла алдындағы дәрежесі де қашанда жоғары болады емес пе?!
17 ақпан 2020 ж. 1 043 0