АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?
АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІНДЕ – АТ ТАҢДАУДА ӨНЕР.
Осы төрт түліктің төресі,-адамның сенімді серігі болған жылқы жануары туралы көкемнен бала кезімде естігенім көп-тін. Әкем ат баптап,бәйгеге қосып,көкпар шауып дағдыланғандықтан оның қыры мен сырын көп айтып отыратын. «Ақ төбел мен Қызылкүрең» деген бәйгенің аты мен көкпар атын әкем қолдан шығармай баптап, күтетін-ді. Енді сол жылқы жайлы халқымыздың тәлімгерлігі туралы сөз етейік. Халқымыздың жылқыға деген көзқарасы, сүйіспеншілігі ән-жыр,күй түрінде сақталуымен ғана шектеліп қоймай ,оның жүйріктігін,мінезін,түр-түсін сынап-мінейтін бапкерлер, атбегілер,сыншылар арқылы да ерекше көрінген. Бұл дәстүр де ерте заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа өсиет ғибрат ретінде жетіп, жаңа сипат алып отырғанын көреміз. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың халқына ұсынған Ұлы даланың жеті қыры қазақтың қасиетті жеті саны іспеттес маңызды мақаласы ұлтымызға ұлтшылдықтың ұлағатын ұғындыра бастады. Өзімізді де, келер ұрпақты да халқымыздың қанына сіңісті болған әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізбен сусындату оны жаңғырту міндетіміз . Міне осы маңызды мақаланың аясында бұрынғы көркемдік, сырбаздық, парасат белгісі болған, ақыл-ой, өнер өлкесіне азық ,көрік болған жылқы енді өмірімізге қоян-қолтық енді. Жылқы жайлы жазып тұрудың басты мақсаты осы түлікті көбейту,тарихымыздағы орнын қайта беру, ат баптау, күту, жарату атты таңдай білу сияқты азаматтық қасиеттерге ұрпақты баулу. Өйткені, оның күші де,көркі де, сүті де, жүйріктігі де халықтың біте қайнасқан мұралық қасиеттері. Х1-ғасырдың ескерткіші көптеген шығыс елдері халықтарының тіліне аударылған «Кабуснама» деген кітаптың шығармагеріКей-Кавус; ұлына ат таңдау жөнінде мынандай өсиет қалдырады. «ЖАҚСЫ АДАМ МЕН ЖАҚСЫ АТ ҚИЫНШЫЛЫҚТЫҢ БӘРІН КӨТЕРЕДІ» «Дүние –тіршілік адаммен, адам күні малменен» дейді халқымыз. Жылқының жақсы жаманын ажырата қою оңай нәрсе емес,оны таңдау үлкен өнер. Атбегілердің айтуынша жақсы аттың сырт тұлғасы да жақсы болады. Жақсы аттардың тістері жиі,жіңішке, шоқтығы жазық, сирақты, тықыр жүнді, қара тұяқ және дөңгелек өкше болып келгені дұрыс. Аттың торы,күрең түстісі жақсы. Мұндай ат әрі көрікті, әрі төзімді. Егер шаты,құйрығы қара болса, оның жақсы ат болғаны. Көзі, арт жағы, құйрығы бозғыл, арқасында қара жолағы бар сұр жылқы да жақсы. Аттардың жақсысын танумен қатар,нашар жақтарын,кемістіктерін де білу керек. Иә, тебеген, тістеуік,үркек,ұрыншақ,сүріншек,асау, жаман мінезді аттар да бар. Қара жылқыны ешкім де мақтамайды, одан жақсы ат көп те шықпайды. Атбегілердің айтуынша аттың күндіз нашар көретіні де жақсы емес. Араптар мен парсылар аттың қылилығын жақсы белгі деп санайды. «Дүлдүл де, қыли екен» деген сөз бар. Егер аттың екі көзі де көк болса-ештеңе емес, бір көзі ғана көк болса-кемістік. Шегір көз, тік мойын атты да мақтамайды. Мұндай ат аяқ астына дұрыс қарай алмайды. Маймақ ат та жақсы емес. Егер аттың алдыңғы немесе артқы аяғы ұзын болса, әсіресе ылдидан түсіп,көтерілген де қиын.Қисық құйрық аттар да жамандар тобына жатады. Артқы аяғымен алдыңғы аяғының ізін басып, жүре алмаған да жаман жылқы. Сирақтары ұзын ат жиі ақсайды. Қазақтың батырлар жырында аттың екінші кейіпкер ретінде жүруі жайдан-жай емес. Мәселен; Қобыланды жырындағы ТАЙБУРЫЛ өз иесімен жаны да, тәні де бір кие ретінде суреттеледі. Осы орайда Асқар Оразақынның «Жылқы жылы» поэмасынан үзінді келтіре кетейік.
Қобыландыдай елге қорған айбынды ұл,
Ерттеп мінген ер серігі-Тайбурыл Қарғыған сан қабат-қабат қамалдан,Әлемде оған тең келеді қай дүлдүл?
Алпамыстың бәсіресі –Байшұбар,
Жау көрінсе қос құлағын қайшылар Қан майданға бір бүйірден кіргенде, Дерсің бейне жарқылдаған жай шығар.Белгі беріп ,аттануға шақыра, Ат сезеді шабар жауды қапыда,Бағытынан айырылып адасса, Қазақ сенді жөн табар деп атына – деген өлең жолдарынан жылқы өткен өміріміздің айнасы,елін жаудан қорғаған азаматтың «ЕР СЕРІГІ,«ЕР ҚАНАТЫ» ТӘУЕЛСІЗДІК жолындағы жорықтарда, қиян-кескі ұрыстарда «ер қаруы-бес қарудың» бірі екендігін білеміз.
АТТЫҢ СЫНЫ.ЖАҚСЫ АТТА ОН БЕС ТҮРЛІ БЕЛГІ БАР.
Қай атбегіне, сыншыға құлақ түрсеңіз де жылқы бойынан мынадай белгілерді айтады; Омыртқа шығыңқы бітеді,кең тынысты,сағақты болып келеді.жуан сіңірлі, томардай болып біткен шоқтығы да көзге бірден түседі, тұтаса біткен кең кеудесі бақайын қысқа сияқты көрсетеді. Жайылса желдеп жайылатын,су ішсе –тұнығын қуалап,ағысты өрлей ішетін,оттаса—көк құрақты қомағайлана қарбытып,дәл түптеп қауып отыратын,жетектесең – еріп жүре беретін жетекшіл мінезін,мінсең – тақымыңнан көңіл-күйіңді танып лыпып отыратын,сүрініп-қабынып апырақтамайтын,жар астынан жалп етіп жапалақ көтерілсе де селт етіп сыр бермейтін қасиетін нағыз атбегілер тамсана сөз етіп отырады. Қазақ халқында сыншылар өте көп болған. Өткен ғасырға үңілсек, Бөкей Ордасына әйгілі болған Ауқатым, Шеркеш руынан Айдабол, Жәңгірханның төңірегінде Абылғазы сияқты сыншылардың білгір-зеректігі тарихтан аян. Сондай-ақ, Ақанның Құлагерін шаппай танитын атбегі Күреңбайдың көрегендігін де айтуға болады. «Толыбайдай сыншы бол, Тоқтағұлдай жыршы бол» деген салмақты сөзден бабаларымыздың осындай даңқты болғанын білеміз. «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» сынды өлеңді дүниеге келтірген Абайдың, «Құлагерді» жазған Ілиястың да талғампаз сыншы екенін айтпасқа болмайды.
Маршал Семен Михайлович Буденный бала жасынан ат баптаған. Ол шаруашылыққа қандай,әскерге қандай ат қолайлы,он саусағындай біледі. Оның үстіне,өзі «Буденный жылқысының тұқымы» деп аталатын мақтаулы жылқы тұқымын шығарған адам. «ЖАҚСЫ АТТА ОН БЕС ТҮРЛІ БЕЛГІ БАР»-дейді Буденный. Ол он бес түрлі белгіні үш-үштен бөліп, бес төркіннен алады. Жақсы ат сынының бірінші төркіні—ер мінезді ЕРКЕК. Еркектен алынатын үш белгі; – жайдары мінез, күш,шыдамдылық. Шыдамдылықты көнбістік деп те атайды. Атқа күш пен шыдамдылық қандай керек болса, жақсы мінез де сондай қажет. Жақсы аттың иесіне сенімді серік болуы жайдары мінезден туады. Екінші төркіні – ӘЙЕЛ. Әйелден де үш белгі алынады. Ең алдымен, өкпе мен жүректің ұясы – кеуде кең салыңқы болуы тиіс. Кеудесі шығыңқы,шалқақ келген әйелдерді қораз төс дейді. Бұл әйелден алған бірінші белгісі. Екінші белгісі – әсем жүрісі. Жақсы аттың әрбір қозғалысы ерке әйелдің қозғалысындай ыңғайлы да,әсем болуға тиісті. Өйткені, ат – сәнді көлік. Ол көңіліңді көтеріп,бойыңды сергітеді. Әйелден алынатын үшінші сипат – шашы. Аттың кекілі,құйрық жалы әйел шашы қандай әдемі болса, аттың түгі де сондай болуы керек. Ендігі үш белгі –ҚОЯННАН алынады етсіз жеңіл бас, кең ашылған көз, ұшқырлық. Басы етті жылқы кейде күшті көрінгенімен, өнерсіз, ыңғайсыз болады және бастың еттілігі күштің де белгісі емес. Басы етсіз жылқының бар мінезі көрініп тұрады Екінші белгісі – кең ашылған көз.Аттың көзі жұмық болмай, үлкен болуы керек Айналасын еркін көріп отырса, аяғын да ойнай басады, жүрексінбейді.Үшінші белгісі – ұшқырлық. Ұшқырлық оның бар жүрісінде болғаны абзал. Төртінші төркіні – ТҮЛКІ екен. Азулы аңның ішінде атқан оқтай тік жортатын түлкі. Онан оқтай тік жүріс, құлақтың дұрыс бітуі, құйрығы алынады. Аттың құлағы қояндікіндей қатар бітсе – жақсы емес. Дәл, дұрыс біткенқұлақ – түлкінікі. Онан алған үшінші сипат – құйрығы. Аттың құйрығы да түлкінікіндей түбінен ұшына қарай бір тегіс жіңішке бітсе,сұлу көрінеді. Артқы мүшелері жасырынбай,өзінің әдемі түрін табады. Жақсы аттың бар мүшесі тең келуін көп іздеген маршалдың көзіне есек байғұс та түспей қалмапты. Бұл жануардан алынатын үш белгі – етсіз жақ, тең біткен төрт аяқ, қобыланып дөңгелек біткен тұяқ екен. Түрлі аң мен мал ішінде бастың астыңғы жағы айқын көрініп тұратыны осы момын жануардыкі. Бұл жақтың етсіздігіне байланысты. Етсіз жақ жақы аттың белгісі. Екінші белгі – аяқтарын тең басуы. Тең басатын хайуан есек қана. Бұл – аяқтардың тең бітуіне байланысты. Үшінші белгі-төрт тұяқтың дұрыс бітімі. Табаны өмірде «қазтабандап» жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана. Қандай асыл құқымды деген жылқының тұяқ бітімі есекке әлі жете алған жоқ. Тұяғы осылай біткен жылқы ақсамайды да, аяншақ та болмас еді – деген екен Маршал Буденный. Ия соңғы жылдарысәйгүлік жарататын атбегілер тым азайып кетті. Болса да бірен-саран ғана. Бабаларымыз ержігіттің басынан ажырамаас үш серігін табуын талап еткен: 1- астыңда мінген тұлпарың болсын. 2- шыңдалған ақыл-айлаң болсын.3- айнымас адал жарың болсын деген. Жылқы мен қазақ есімі-егіз ұғым. Өйткені, қазақтың өмірі мен тарихы жылқы үстінде өткен. Жылқының Елтаңбамыздан орын алуы осының айғағы.Ұлттық теңгемізден де орын алды. Сондай-ақ жеті қазынаның бірі. «Жабы ат, жаман әйел, өтпес пышақ, үшеуі ер жігітті қартайтады»-дейді халық өлеңінде. Мұнан ержігіттің ажырамас серігі екенін ұғамыз. Өскелең ұрпағымыз жылқы тарихын танып өсуі тиіс. Қозы жастан өтіп, жылқы жасына жеткенде жастарымыз атқа міну мәдениетін меңгеріп, ат құлағында ойнайтын шабандоз, атты баптай білетін бапкер,атты жарата білетін атбегі, атты сынап білетін ат сыншысы болып шықса, нұр үстіне нұр емес пе?! Атты күтіп-баптау,ат құлағында ойнау ұлттық мұрамыз. Оқыған,білген, санасына түйген дүниелерін сарамандық жұмыста, үйде де түзде де пайдалана берер. Ал тұлпарлар өнер тарихымыздың тарауы. Онсыз ұлы даланы, туған жерді тану, Отанды қапысыз сүю мүмкін емес. Жылқы – біздің тарихымыздың басы.
Ұлғаным Әріпханқызы,
Қарақұм ауылы әжелер алқасының төрайымы.