ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫС
Жыл басында әлем бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес деңгейін зерттейтін Transparency International ұйымы 180 елді қамтитын рейтинг жариялады. Онда Дания (88 ұпай), Жаңа Зеландия (87), Финляндия (85), Сингапур (85) көш бастады. Қазақстан 31 ұпаймен 124 орында тұр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі сатыға төмендегенін көрсетеді.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Оның дәлелі, жылда жауапты тұлғалар ұсталып, заң жүзінде жазасын алып жатыр, әйткенмен парақорлық тыйылған жоқ. Президент Қысым-Жомарт Тоқаев экономикалық дамуда негіз болатын он бағытты белгілеп, екіншісінде сыбайлас жемқорлықты жоюды міндеттеді.
– Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс, – деді Мемлекет басшысы.
Одан бөлек Президенттің пәрменімен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесетін, және тергеуді жүргізетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Ведомоство Қазақстан Президентiне тікелей бағынады және есеп береді.
Осы ретте, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде әлемнің көшбасшы елдерінің тәжірибесін сөз етсек.
Дания – Transparency International жыл сайынғы рейтингісінде бірінші орыннан жиі көрінетін, әлемде коррупциялану деңгейі ең төмен ел. Оның сыры неде? Сарапшылардың сөзінше, Данияда жемқорлыққа қарсы мамандандырылған мекеме жоқ болса да, басқа еуропалық елдерге қарағанда сыйбайлас жемқорлық 8 есе аз орын алады. Онда ішкі сыбайлас жемқорлық істерін тексеруді полиция қызметі атқарса, халықаралық ауқымдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар прокуратураның құзырына жатады.
Данияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы әсерінің тиімділігі – жемқорлыққа қарсы еңбек келісімшартының болуында. Мұндай келісімге қол қоймаған қызметкер жұмысқа қабылданбайды. Ең бастысы, азаматтық қоғам жемқорлықпен күресуде саналы қарайды. Баспасөз де жемқорлықпен күресте маңызды рөл атқарады.
Азия елдері ішінде сыбайлас жемқорлықпен күресте Сингапурдың тәжірибесі ерекше. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Британиядан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде құрылған елдің жаңа басшысы Ли Куан Ю «Егер билік басындағы жемқорлықты құртпаса, онымен күресу еш нәтиже бермейді» деп жүйелі жұмыс жүргізеді.
Сингапурде құрылған Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы дербес мемлекеттік орган ретінде тек Премьер-Министрге ғана бағынады. Бюро мемлекеттік шенеуніктер арасында болған жемқорлыққа қатысты жағдайларды тексеріп, тиісті органдарға қажетті шараларды қолдану үшін хабарлап отырады. Оған қоса сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жақын мемлекеттік органдардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін басқару жүйесіндегі «әлсіз тұстарын» айқындау мақсатында зерттейді.
Сингапурде жемқорлықты құрықтаудың тиімділігі жеке тұлғалардың құқық бұзушылыққа әрекет жасауға мүмкіндіктерін болдырмауға тырысуында. Мәселен, пара беруші де, алушыға да қатаң шаралар қолданылады. Мемлекеттік лауазымдық тұлғалардың мүлкі, активтері, қарыздары туралы жыл сайын тексеруші есеп жүргізіледі, сыбайлас жемқорлық жағдайлары туралы хабарлаған адамдар жайлы құпия ақпараттарды қатаң сақтайды, шенеуніктерге жоспарланбаған тексерулер жүргізіледі және әкімшілік кедергілерді жойған. Төрт-бес жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүргізілген шараларға мониторинг жүргізіліп отырады.
Сингапурде мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық дерегі үшін айыпталып, кінәсі дәлелденсе, оған 100 мың сингапур доллары көлемінде айыппұл салынып, дүние-мүлкін тәркілеп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Халықаралық ұйымның рейтингісі бойынша сыбайлас жемқорлықты құрықтауда алғашқы орындарда тұрған елдердің тәжірибесіне қарағанда, құқық бұзушылықпен күресте күшті саяси ерік-жігер мен қоғам тарапынан түсінушілік пен қолдаудың болуы маңызды екенін көреміз.
Айтқандай, сыбайлас жемқорлықтың салдарын азайтуда ата-бабаның ұлағатына мән беріп, аманатына адалдық танытудың қажеттігін түсінетін кез келді. Ұлы Дала елінің ғұламасы Жүсіп Баласағұн ер басына Құдайдың сыйлар ең үлкен құт-бағы – ел игілігі үшін қызмет ету деп насихат қылады. Құдайдың берген осы бағының қадірін «құт иесі» білсін дейді. Осы құттан айырылып қалмаудың шарты – жүрек көзін, рухани таным көзін ашу, қу құлқынды тыя білу, нәпсі үстемдігінен құтылу екендігін айтады. Өз нәпсісінің құлдығынан құтылған адам ғана елге иелік жасай алады дейді ежелгі даналық.
Біз осының мәнісін түсінбей, нәпсінің құлына айналдық. Бұл – қауіпті құбылыс, себебі құлқынның құлы көбейген сайын қауіп-қатер де, үрей де көбейетіні сөзсіз.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.