№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » «Олимп», «Playstation» сынды ойынханалар мен клубтарға жіпсіз байланған жастар

«Олимп», «Playstation» сынды ойынханалар мен клубтарға жіпсіз байланған жастар

  Жастар – елдің ертеңі. Қоғамның қозғаушы күші! Жастық шақта ерік-жігері мен қабілет-қарымыңды Отанды дамытуға арнаған абзал. Алайда, мұндай мақсат-мұратты бүгінгі жастардың бойынан көріп жүрміз бе? Осы сұраққа жауап іздеп, сауалнама жүргіздік. Сұраққа тартылған 100 тұрғынның көбі «Жастар уақытты тиімсіз қолданады. Түнгі уақытта букмекерлік клубтарда жүреді» деп жауап қатты. Яғни, жастар жаңғырған санаға ұмтылуды емес, қаңғырған көшемен қоштаса алмай жүргенін айтты. Әсіресе, соңғы екі-үш жылда «Олимп», «Playstation» сынды ойынханалар мен клубтарға жіпсіз байланған жастар саны көбейіп баратыны белгілі болды. Сенбесеңіз өздеріңіз барып көрсеңіздер болады...


   Алдымен «Жастардың түнгі өмірі қандай? Қалай өткізеді?» деген сауалға жауап алдық. Бізге жауап қатқан 100 адамның 80-і жастардың күні де, түні де ойынханалар мен кафелерде өтетініне қынжылды. Соның бірі зейнеткер Жұмаш Тастемірқызы.
– Біз қара нанның қадірін біліп өстік. Сондай зұлмат қиын шақта он-он бес адам бір табақтан татулықпен, бауырмалдылықпен та­мақ іштік. Яғни, бос ақша шашу, ысырап деген болмады. Бүгінгідей кеңшілік заманда жастар бардың бағасын білмеуде. Әке-шешенің бейнетпен тапқан қаржысын құмар ойынға тігіп, ысырап етуде. Егер қоғам болып бір шарасын көрмесек болмайды, – деді.
Қария сөзінің жаны бар. Неге десеңіз, жастар тәуелділік синдро­мына шалдығып, психоло­гиялық ауытқулар орын алады. Мұның бәрі денсаулыққа кері әсер ететіні түсінікті-ақ.
Тіпті, беймезгіл уақытта бук­ме­керлік орталықтарды мектеп оқушылары да жиі-жиі паналайды. Мұны полиция қызметі де растайды. Сауалнамаға қатысқан ата-аналар да балаларының ақша тігетін ойындарға баратынын жасырмады.
Мәселенің мән-жайын аудандық ЖПҚб-нің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Ғани Төлешов түсіндірді.
– 22.00-ден бастап барлық ойынханалар мен кафелерге рейд шараларын жүргіземіз. Кейінгі кезде рейд уақытын біліп алған жасөспірімдер 22.00-ге бес минут қалғанда үйіне қайтатынды білдік. Ата-аналар баласын бейберекет жүруден сақтандырса екен. Себебі, ата-аналар арасында баласының ақша тігетін ойындарға барып, тәуелділікке ұшырғанын біле тұра шара көрмейтіні бар. Мұның соңы құқық бұзушылыққа, қылмысқа әкелетіні анық, – деді полиция қызметкері.
Маманның пікірінше, ауданда жасөспірімдер ісімен айналысатын 7 инспектор жұмыс жасайды. Біреуі – Төменарық ауылында болса, алтауы – кентте. Таңғы сағат 9.00 де басталған жұмыс түнгі 01.00-ге дейін апта бойы демалыссыз жүргізіледі. Негізгі міндеті – сағат 22.00-ден соң қоғамдық орындарда, 23.00-ден кейін жалпы үйден тыс жерлерде заңды өкілсіз жүрген жасөспірімдерді анықтау. Жыл басынан бері мұндай құқық бұзушылық 132 рет анықталып, арнайы шара қолданылған.
Сауалнама жүргізгеннен кейін жастардың түнгі өмірі қызықтыра түсті. Сосын кенттегі бір букмекерлік орталыққа бас сұқтым. Алғашында әйелді көргеніне таңырқағандар болды. Бірақ, бәске қаржы тіккендер назарын мониторға аударып, командасына жанкүйерлік танытуда. Менде бос тұрған жерге отырып, Аргентина-Колумбия ойынына көз тіктім. Бұрың-соңды футболға қызықпағандықтан командалардың әлеуетін білмеймін. Неге екенін білмеймін, көзіме Колумбия ыстық басылды. Таңдауым колумбиялық футболшыларда.
Іші ығы-жығы әңгіме. Көбі Мессиға жанкүйер. Ол доп алғанда мониторға кіріп кетердей у-шу болады. Мен Месси кім екенін де білмеймін. Қасымдағыдан сұрап, бүгінгі футболдың жұлдызы екенін ұқтым. Уақыт өте өзімнің де ойынға кіріп кеткенімді байқадым.
Ондағылардың бәрі Аргентинаға болысып отыр. Мен ғана Колимбияның ұтқанына мүдделімін. 71 минутта Колумбия есепті ашқанда «Г-о-о-о-л-л-л» деп айқайлап жібергенімді өзім байқамай қалдым. Араға 15 минут өткенде есеп еселене түсті. Менің қуанышымда шек жоқ.
Орталық ішіндегі жанкүйерлер Аргентинаның футболшыларын боқтап-боралап, Мессиға ренішін білдіруде. Арасында әйелдің отырғанын ұмытып кеткендей. Естуімше, бір жігіт 150 мың теңге тігіпті. Не деген ақша? Біздің айлап жүріп табатын қаржы ғой! Не бәрі 90 минутта бала-шағасының несібесін көкке шашты. Ал, мен болсам 13 мың теңге ұтып, үйге қайттым.
Арнайы тапсырмамен жастардың түнгі өмірін бақылағаныма бірнеше күн өтті. Бірақ, менің бар ойым, жүрегімнің бір бөлшегі сол букмекерлік орталықта қалғандай. Қу дүние-ай! Санамда тағы ақша ұтатын сияқты жаңғырық естіледі.
Сосын арнайы психологқа барғанымда адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар екенін білдім.
Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі виртуалды өмірге жақын болу, өз сезімін басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер.
Ал, дерттен қалай емдеуге болады?
– Тәуелділік синдромына ұшыраған адамды әлеуметтік қолдау да маңызды. Яғни, достары мен жақын туыстарының қолдауы, ыстық өзара жылы қарым-қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары қауқары мен сенімі болғаны дұрыс, – дейді психолог Ардақты Камак.
Одан бөлек түнгі клубтар мен кафелердің есігін ашып, ондағы жастардың өмірін көрдім. Армандарын сұрап, тілдік қолданысын зерделедім.
Бір сөзбен айтқанда, бірнеше күн елдің келешегіне балап отырған жастардың мақсатсыз, мұратсыз өмірімен таныстым. Көргенім мен естігенімнің бәрін тізбектеп жаза берсем жастардың бей-берекет өмір-салты жирендіріп жіберетіні анық.

P.S.: Түйткілі көп түнгі өмірдегі сылаңдаған сылқымдардың жүріс-тұрысын, құмарлыққа желіккен жастардың ой-өрісін емдемесек ертең кеш болады. Қазір ойланбасақ жынойнақтың ордасына айналған орындарда мезгілсіз қаза мен зорлық-зомбылықтың түрлері көбейе береді, көбейе береді. Ендеше, ойланайық, қорытынды жасайық...


Ханзада ДОШАН.

18 маусым 2019 ж. 641 0