ЖАСТАР СЛЕТІ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ
Сыр өңірінің түрлі саладағы үздік жастары «Облыстық жастар слеті» аясында Ақүйк ауылдық округінде бас қосты. Хаттамалық қағидалардан тыс, емін-жарқын өткен кездесуде Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов белсенді жастармен толғандыратын тақырыптарында әңгіме өрбітті.
Жастар – ұлттың басты капиталы. Олай болса, жастарды озық істерде жігерлендіріп, мақсат-мұраттарын шыңдау маңызды. Мұндайда тәжірибе алаңдары жастарға мотивация беретіні түсінікті-ақ. Ал, Ақүйікте жастарды берекелі жұмысқа үндейтін бастамалар көп. Алдымен Қызылорда облысының түкпір-түкпірінен келген жастар сондай бастамалармен танысты.
Аудан тұрғындары Ақүйікте Наурыз мейрамы жоғары деңгейде өтетінін мойындайды. Әрі ұлттық мереке тойлауда ортақтасып жүреді. Ауылдық округ әкімі Әскер Мұсаев наурыз өтетін алаңды таныстырудан бастады.
– Стадионда 300 орындық бастырма салынған. Наурыз тойындағы бес киіз үй сонда тігіліп, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Жылда қолдан келгенше жастар осы алаңға жөндеу жұмысын жүргізіп, мүмкіндігінше заманға сай жабдықтар алынады. Наурыз кезіңде ұлттық ойын түрлерін өздері ұйымдастырып, мерекенің жоғары деңгейде қол ұшын береді, – деді ауыл әкімі.
Иә, «мың рет естігеннен бір рет көрген» артық демей ме? Расында, ауыл үшін, туған өлкенің өміршеңдігі үшін жастардың жасап жатқан жұмысына қонақтар таңырқай қарады. Қазір ауылда 2700-дей тұрғын бар, оның ішінде 661 жас бар. Негізгі еңбек көзі мал шаруашылығы саналатын ауыл халқының түтіні түзу, тұрмысы қалыпты. Жыл сайын ауыл үшін әр жылғы туылған азаматтар 20 000 теңгеден жинап, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысады.
Одан кейін, жастар ауылдағы мешітке бет алды. Алла үйіне ауыл жастарының тартуымен танысты. Ең қайырлысы, жастар тұрғындардың діни сауаттылығын ашу мақсатында қаражат шығарып, арнайы ұстаз шақыртқан. Ораза кезінде кітапхана жасақталды. Алла үйінде берекелі орталыққа айналдырған ақүйіктіктер біз барғанда ас беріп жатыр екен. Иә, 1979 жылы туылған азаматтар өмірден озған жора-жолдастарына ас беріп, рухына Құран бағыштады. Жастар ондағы шынайы ықыласты, қонақжайлылықты, ынтымақтастық пен береке-бірлікті көріп, таңданыстарын жасырмады.
Бағдарлама бойынша ауыл жастарының бастамасымен құрылған баққа бардық. Елді мекен шетінде қоршалған 5 гектардың 1 гектарына жастар 390 түп алма көшетін отырғызыпты.
– Алма ағаштары келер жылы жемісін береді. Күтімі жақсы, суаруы уақытылы. Баққа ауыл жастары жиналып арнайы қарауылын, яғни бағбанын дайындап, жалақысын төлеп отыр. Ал, арасында өсіп тұрған шөптерді піскеннен кейін жинап, ауылдағы тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға тегін таратып беріледі. Жастар жыл сайын жеміс ағашын көбейтуге мән бермек. Оған жер көлемі жеткілікті. Бұл да жастардың бірлігін арттыратын бастама деп білемін, – деді ауыл әкімі.
Одан кейін слеттің пленарлық отырысына ұласты. Оған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда қызмет етуші жастар, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері, жас кәсіпкерлер, мүмкіндігі шектеулі жастар қатысты. Облыстық дәрежедегі тренер Ардақ Аукенов төрағалық еткен жиынды Қуаныш Қуантқанұлы ашты.
– Бірінші слет өткізу үшін Ақүйікті неге таңдадық? Соған тоқталсам. Былтырдан бастап зерттеу жұмысын жүргізіп көргенде таңқалғанымыз ауылдағы кез-келген жиын немесе бір қамқорлық шарасы болсын ауыл жастары бастамашыл болады. Олар билікке иек артпайды, барлық істі өздері тындырады. Бір сөзбен айтқанда, ақүйіктік жастардың жұмыла көтеріп жүрген жүгі көпке үлгі болады.
Енді жастар слеті не үшін керек? Біріншіден, өңірдегі жастардың басын бір арнаға қосып, тәжірибе алмасып, ортақ жұмысты жұмыла көтеруге үндеуге. Екіншіден, туған жердің түтінін түтетіп, келбетін көркейте түсу азаматтық парызы екенін ұғындыру. Бізге мемлекет емес, біз сол мемлекетке не береміз – соны ұғындыру керек. Бәсекеге қабілетті жастар қалыптастыруда білікті, білімді болуы тиіс. Ол үшін жастардың санасына серпіліс жасау маңызды. Шараның негізгі мақсатының бірі осында, – деп ашты. Ал, ауылдағы жасалынып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды жастар ісі жөніндегі маман Арайлым Исматова таныстырды.
– Біз бүгін атқарылып жатқан игі істердің барлығына бастамашыл болып, жол көрсеткен ауылдағы 1971 жылы туылған азаматтар еді. Содан ұрпақ сабақтастығы жалғасын тауып келеді. 1994 жылы қолға алынған бастама жақсы нәтижесін беруде. Әсіресе, наурыз мерекесі халықтық деңгейде өтеді. Былтыр «Zhas projekt» жобасы аясында 4 жоба ұтып алдық. Мен ментор болдым. Сол жобаның үшеуі қайта кәсібін кеңейте бастады. Жалпы алғанда ауылда тындырымды тірліктер, тың жобалар өте көп, – деген Арайлым ауылдағы әр жылғы туылған азаматтардың жасаған қызметін тізбектеп берді.
Ал, одан кейін «Айналайын» шаруа қожалығының төрағасы, жас кәсіпкер Серік Бақытұлы сөз алды.
– Табысты болудың сыры – ерінбей еңбек етуде, ізденуде және тынымсыз тірлікте жатыр. Кәсіпкер болу кез келген жастың қолынан келеді. Алайда, оны ары қарай дамытып, жетілдіру үлкен күшті талап етеді. Қаншама қажыр-қайрат, маңдай тердің арқасында жетістікке жету шын бақыт. Өмір – адамға бір-ақ рет беріледі. Сол өмірді өзің қалағанша сүру әркімнің өз қолында. Бұл слет жастарға ой салып, тәжірибе алмасу үшін ғана емес, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту үшін керек, – деді жас кәсіпкер.
Одан кейін, мемлекеттік қызметшілер байқауында «Үздік мемлекеттік қызметші» атанған Жасұлан Бейсенбеков сөз алды. Жиын соңын шараның өтуіне ұйытқы болған аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Әкімбек Әлібек қорытындылады.
– Шыны керек, бүгінгі слеттен көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, ауылдың бүгінгі ахуалы мені тәнті етті. Өте жақсы ұйымдастырылған шара. Мүмкіндік болса тәжірибе алмасуға тағы да келетін боламын. Осындай игі бастамалар көп болсын, – деді елордадан арнайы келген Луиза Узарова.
Слет жұмысы Жаңақорған ауданындағы Үсен бауында «Ұлттық ойындар фестивалімен» жалғасты. «Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ-нің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жастар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру әлеуметтік жобасы аясында «Азаматтардың бастамаларын қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұлы дала елі» атты жастар фестивалін өтті.
Айта кететіні, аудан әкімі жастардың бастамасын белсенді қолдайтынын көрсетіп жүр. Өткен жылы Қызылорда облысы бойынша «Zhas projekt» жобасы ең көп алған жаңақорғандық жастар болды. Жас кәсіпкерлердің буыны қалыптасып келеді. Мұның бәрі Ғалым Әміреевтің жастарға деген оң көзқарасының нәтижесі. Ендеше ауданда жастар слетінің жоғары деңгейде өтуінде аудан басшысының ықпалы бар.
Қорыта айтқанда, көпшілік қауымның көшпелі отырыстан көргені мен түйгені көп. Жиналған жұрттың ендігі серті – жастық жалынын сүйікті Отанға арнап, егемендік жолында еселі еңбек ету. Өйткені, заман жастардыкі. Олай болса, іске сәт, тек алға!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.