ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙЫҚ!
Қазақтың көшпелі өмір салтын баяндайтын «Соңғы көш» фильмін көрдім. Қытайдағы қандандастар түсірген фильмде ұлттық әдет-ғұрып пен салт-сананы қапысыз танисыз. Сондағы бір эпизод есте қалыпты.
Қи жинап жүрген бала:
– Әже, қазір қи жинайтын заман ба? Қыста ағашты қолдансақ қайтеді? – деді.
Сонда әжесі:
– Жоқ. Болмайды. Талды кессең құс келмейді. Құс келмесе шегіртке көбейеді. Сосын жер тақырға айналып, төрт түлікке өріс таппай қалмаймыз ба? – деп жауап қатады.
Қи жинап жүрген бала:
– Әже, қазір қи жинайтын заман ба? Қыста ағашты қолдансақ қайтеді? – деді.
Сонда әжесі:
– Жоқ. Болмайды. Талды кессең құс келмейді. Құс келмесе шегіртке көбейеді. Сосын жер тақырға айналып, төрт түлікке өріс таппай қалмаймыз ба? – деп жауап қатады.
Бұл – табиғат аясында ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың ұстанымы еді. Олар табиғаттың бір бөлшегі ретінде қоршаған ортаға зиянын тигізбеуді ұрпағының санасына сіңірді. Мұндай үрдісті кешегі ата-әжелеріміз де басшылыққа алып еді. Тек біз ғана аспаннан түскендей ата жолынан жаңылдық, табиғат байлығын аяусыз сарқа пайдаланып, қоршаған ортаны бейберекет ластаудамыз...
Жақында Еуразиялық медиа форумға қатысып, журналистиканың бүгіні мен келешегі жайлы ой түйгенімді жазған едім. Форумда News-Decoder білім беру сервисінің негізін қалаушы Нельсон Грейвстің (Франция) «Экологиялық журналистика» тақырыбындағы дәрісі ойға келді.
Нельсон журналистер де экологиялық ғылым мен қоғамның арасын байланыстыра алатын үлкен күші бар екенін сөз етті. Әсіресе, экологиялық мәселені зерттегенде табиғаттағы тепе-теңдікке назар аударуды ұсынды. Мәселен, АҚШ-тағы бір паркке (атауы есте қалмапты) бұғылар жіберіледі. Ауа-райы жайлы, шөбі шүйгін аймақта бұғылар тез көбейеді. 2010 жылы 32 010 басқа жетіпті. Бұғы санының күрт артуы табиғи тепе-теңдік заңдылықтарының бұзылуына әсер етеді.
Қалай? Бұған бұғының қандай қатысы бар? Тағы басқа осы сынды сұрақтар туындайтыны белгілі...
Себебі, парк бақа-шаян, құрт-құмырсқа және сан түрлі құстарымен ерекшеленетін. Бірақ, бұғы, маралдың күрт көбеюінің салдарынан шөптің кейбір түрлері жойыла бастайды. Бұл жәндіктерге де әсер етеді. Құстар өздеріне қажетті қорек түрлері азайғандықтан басқа жақтарға кете бастайды. Нәтижесінде өзеннің де суы тартылып, ағысында өзгерістер пайда болады.
Тығырықтан шығатын жол қандай? Не істеу қажет?
Мамандар ақылдаса келе парктің аумағына қасқырларды жібереді. "Табиғаттың экологы" қасқырлар әлсіз, аурушаң сүтқоректілерді қорек етіп, бұғылардың санын азайтады. Нәтижесінде құстар қайтып ұшып келе бастайды. Өзен суының ағысы қалпына келіп, құрлық және су жәндіктері табиғи ортаға қайта келеді...
Жақында орманшы ауылда жабайы ара қаптап кеткенін айтып:
– Тоғайға обал болды-ау, дегені бар ма?
– Тыныштық па? Араның тоғайға не қатысы бар? – деп сұрақтың астына алдым.
– Негізінен ара мияға ұясын салады. Ұясыз ара, үйсіз адам секілді. Панасыз болғандықтан олар да безіп кетеді.
– Неге бұлай дейсіз?
– Тоғайда мияны тамырымен қопаруда. Браконьерлерді ұстайсыз. Бірақ, одан не пайда? Қазір ұясы оталған аралар ауыл-ауылды аралап жүр. Кеше байқадым қорама аралар ұя салыпты. Тоғай жайлы болса мұнда келіп несі бар?
– Тоғай мен араның байланысы неде?
– Құдайдың жаратылыс заңдылығын қолмен бұзуға болмайды. Табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, аралар өсімдіктер алғашқы гүл аша бастағаннан гүлден тозаң мен шырын жинайды. Осылайша оларды будандастырады. Бұл функцияны өзге жарғаққанаттылар атқара алмайды. Тоғайдан араның кетуінен көптеген өсімдік түрлері жойылып кетуі мүмкін. Мәселе, осында... – деді.
«Соңғы көш» фильміндегі әлгі эпизод пен Нельсонның айтқаны ойымда жаңғырды да тұрды.
Біз қандай қатігезбіз?
Табиғат аясында өмір сүрген ата-бабалардың ұстанымдарын қалай тез ұмыттық?
Біз шетелдік таңсық тәжірибелерді енгізуде жан салмаймыз. Оның қажеті бар болар. Бірақ, ең қажеттісін алсақ қой!
Бір ғана мысал, «Еуропаның орман цехы» атанған Финляндияның орман өсіріп, одан табыс табуын неге үйренбейміз?
Расында, Финляндия экономикасының негізгі табыс көзі – орман. ХХ ғасырдң 70-80 жылдары ағаш өңдеу мен қағаз өнеркәсібін жолға қойды. Әлемде целлюлоза мен тілінген тақтай шығарудан 4-орында, қатты қағаз бен қағаз экспорты жөнінен 2-орында тұр. Жиһаз жасаудан да бюджетіне қомақты қаржы түсіріп отыр. Ондағы «UPM-Kymmene», «Stora Enso», «Metsä Group» компаниялары әлемнің ең ірі орман өңдеп шығарушы компанияларының тізімінде.
Міне, осы Финляндия әлемдегі озық отыз елдің қатарында. Табиғи ресурстық байлығынсыз-ақ адами капиталдың арқасында орман шаруашылығын қажеттіліктеріне икемдеп отыр.
Айтайын дегенім, миядан табыс табуға болатынын білсек, Қытай нарығында мияға сұраныс жоғары болса неге қолдан мия алқаптарын өсірмеске. Болады ғой! Әлде тек қопара беру ғана қолдан келеді ме? Егер мияны өсіруді бизнеске айналдырсақ, табиғатқа зиян тигізбеуші едік.
Не болса да, табиғаттың тепе-теңдігін бұзбайықшы.
Табиғатты аялай білейік, ағайын!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.