№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

УАҚЫТ


Осыдан бес жыл бұрын. Тоғызыншы сыныпты бітіруші түлекпіз. Бар зейін мен уақытты мектеп аралық бақылауға  жұмсадық. Бізді сергіткісі келді ме, тарих пәнінің мұғалімі «дүниедегі ең қымбат не?» деген тосын сауал қойып, тапқан адамға ойланбастан  «5» қоятынын айтты. Шыны керек, ойланатын әрі қызық сұрақ. Әрқайсысымыз жан-жақтан жамырап, «ата-ана», «бауыр», «ағайын», «отбасы», «денсаулық», «өмір» деген жауап айттық. Бірақ, ұстаз айтылған жауапқа қанағаттанбай, бұл дүниедегі ең бағалы – зымыраған уақыт, – деді. 
Адам баласы барлық жоғалтқан дүниесін кері қайтара алады, бірақ  бос өткен уақыт ешқашан кері  айналып келмейді. Яғни, уақыт бір орында тұрмайды, зулайды-зулайды.
Бала кезімде анам – «біздің әжем бұрын бір күні өтсе, бір жылдық ғұмырым бос өтті – ау, деп зарлы үнмен жылай беретін» деп ылғи айтып отыратын. Сол астарлы сөздің мағынасын енді ұққандаймын. Иә, расында бұрынғы қариялар үшін уақыт алтыннан да қымбат болған. Секундтың өзін санап, минутын мәнді  өткізуге тырысқан. Дана қазақ «қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр» деп адам өмірін, уақыттың тығыздығын бағалаған. Ал, біз ше? Біз уақыттың құнын қаншалықты біліп, түсініп, ұғып жүрміз?
«Уақыт өтпей кетті-ау», «тез студент болсам екен», «тез отбасын құрсам екен» деп уақытқа өкініш білдіреміз. Бірақ, біз асықпасақ та, уақыт өз-өзінен  зымырауда. Солай бос қиялмен жүргенде, есейіп, қарттық жеткенін де білмей қалып жатамыз. Демек, уақыт – адам өмірі. Уақытты босқа өткізу – мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өмірді рәсуә қылу. Ал, оны зая қылмау үшін уақытты жоспарлап жұмсай білген жөн.
Бұл туралы асыл дініміз исламда  да – «қаусаған қарттықтан бұрын желкілдеген жастықтың, сырқаттанбас бұрын денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қарбаластан бұрын бос уақыттың, өлместен бұрын өмірдің қадірін біл», деп өсиет еткен. Расында, бұл нығметтің бәрі уақытпен өлшенеді. Мысалы, қария қанша жерден жас болуды армандаса да, жастық шаққа орала алмайды. Өйткені, уақыт өтіп кетті, артқа жылжымайды.
...Тас қараңғы бөлме. Өлі тыныштық. Он ай, он жыл болды. Ол әлі осы тар қапаста. Жарық түсіп, самал жел есетіндей соқыр саңылау да жоқ. Жалғыздық азабы неткен үрейлі еді. Бұл түрмедегі – Төреәлінің  халі.
Ол жас кезінде бостандықты бағаламады. Бос уақыттың құнын түсінбеді. Қыруар ақша, қымбат көлік, зәулім сарай бір сөзбен айтқанда, шалқып өмір сүрді. Ақшаның арбағаны сонша, адам өлтіру ойыншық болып кетті. Міне, сол азғындыққа ұшыраған жалынды жас қазір темір торлы тар қапаста отырып, апталдай азаматқа айналды. Бостандықта жүрген қатарлары екі-үш балалы болды. Ал, Төреәлі әлі жалғыз. Осы жалғыздықта тағы  10 жыл өмір сүрмек. Өмірінің  ең қызық кезеңі осы қараңғылықта, жалғыздықта өтуде. Өкінеді, өкінеді. Өкінгенмен пайда жоқ, уақыт қайтып келмейді. Есіл ер-ай! Қайран ғұмыр! Қараңға кеткен 10 жыл, қараңға кеткен қайран уақыт десеңші...

Түйін. Міне, уақыттың, бостандықтың – қадірі. Біреу түсінер, біреу түсінбес. Қысқасы, әркімнің өз уақыты өз еншісінде. Бір сөзбен айтқанда, біреудің бір сағаты мың теңге, енді біреудікі бір тиын. Ал, сіздің уақытыңыз қаншалықты құнды?...

Ханзада ДОШАН.
13 мамыр 2019 ж. 1 722 0