ЦИФРЛАНДЫРУДА ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ
Цифрландыруды жүзеге асыруда аудан әкімдігінің талпынысын қолдауға тұрарлықтай. Мәселен, аудан басшысы Ғалым Әміреев «ашықтық пен жариялылықты» қолдап, әлеуметтік желіні қолданды.
Тікелей эфир арқылы атқарған жұмыстары жайлы есеп беріп, жос-парларымен бөлісті. Сала басшыларына да халыққа әлеуметтік желі арқылы есеп беруді тапсырды. Тікелей эфир барысында аудан тұрғындары көкейіндегі сұрағын қойып, оған тұщымды жауап алды. Бүгінде интернет ресурсында аудан әкімдігінің ресми сайты бар. Сайтқа кез-келген тұрғын ғаламтор арқылы кіріп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар, оның ішінде экономика және бизнес, мемлекеттік қызметтер, инфрақұрылым, қоғам және т.б. саланы бақылай алады. Сонымен қатар, фейзбукте «Оpen janakorgan» парақшасы белсенді жұмыс жасайды. Аталмыш парақшаға кез-келген азамат кіріп, аудан басшысына сұрағын жолдауға мүмкіндігі бар. Келіп түскен сауалдарға аудан әкімі үш сағаттың ішінде жауап қайтарып, мәселесінің оң шешілуіне бағыт-бағдар береді. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, халық пен билік арасында қолжетімді байланысты нығайта түспек.
Сондай-ақ, ауданда мемлекеттік мекемелер арасында цифрлануға өзіндік үлесін қосып, әлеуметтік желіде белсенділік танытатындары көп. Олардың қатарында, аудандық ішкі саясат бөлімі, спорт бөлімі, білім бөлімі, мәдениет бөлімі, аудандық орталық аурухана және аудандық сот, прокуратура сынды бірнеше мемлекеттік органдар бар.
Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір мәселе – сот төрелігінің әділдігі. Себебі, осыдан халықтың сотқа деген сенімі туындайды. Цифрландыруға көшу бұл мәселенің де түйінін тарқатқандай болды. Өйткені, бүгінгі соттың жұмысы баршаға мәлім. Қазір заманауи технологияның көмегімен әр азамат электронды түрде сотқа арыз-шағымын ұсынып, оның қозғалысын кедергісіз бақылай алады. Яғни, арыздың сот өндірісіне қабылдануы, істің тағайындалуы, ол бойынша шығарылған шешімдер жөнінде толық мәлімет алып отыруға болады. Осы тұста, аудандағы сот саласында да цифрландыру жұмыстары жүзеге асып, «сот кабинеті» сервисі іске қосылған. Аталмыш сервис арқылы азаматтар сотқа талап арыздарды, апелляциялық шағымдарды, сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттарды сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады. Нәтижесінде, сот жүйесіне қолжетімділік артып, барлық әкімшілік кедергілер жойылады.
Бүгінгі халық сұранысын тудыратын басты саланың бірі – медицина. Оның цифрлануы – денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсетудің сапасын арттыра түседі. Осыған орай, 2004 жылы елде Ұлттық телемедициналық желі құрылды. Аталмыш желі елдегі 204 денсаулық сақтау объектісін біріктіріп, оның көмегімен аудандық деңгейдегі медицина қызметкерлері облыстық және республикалық ауруханалар мен орталықтардағы әріптестерімен тәжірибе алмасып, кеңестер ала алады. Мәселен, аудандағы орталық ауруханада да дәрігерлер телемедицинаның көмегіне бірнеше рет жүгініп, нәтижесінде емделушілер сапалы медициналық қызмет алған. Бұл жайында аудандық аурухананың телемедицина орталығының дәрігері Бақытжан Сапаров:
– Ауданда телемедицина жүйесі бірнеше жылдан бері пайдаланылып келеді. Соның арқасында облыстық медициналық орталықтармен кеңесіп, науқастың жай-күйімен бөлісіп отырамыз. Мысалы, өткен жылы 136 телеконференция, 123 телеконсультация өткіздік. Нәтижесінде, 14 науқасты облысқа ауыстырдық. Телемедициналық кеңестің көмегімен 90 пайызға жуық пациентке ем дайындап, оң нәтиже аламыз. Дегенмен, денсаулық сақтау саласы әрі қарай жаңғыруды талап етеді. Өйткені, оның жедел дамуы адам өмірінің жақсаруының бірден-бір кепілі, – дейді ол.
Сонымен қоса, білім саласында да цифрлануға бетбұрыс байқалады. Елбасының бастамасымен қолға алынған «электронды журнал мен электронды күнделік» білім беру процесіне қатысушылардың барлығына тең қолжетімді болу мақсатындағы жоба. Ауданда бұл бетбұрыс қолдау тауып, «электронды бағалау» жобасы бойынша 12 білім ошағы «электронды күнделікпен» бағаланады.
P.S.: Әлем елдері дамудың тетігін цифрландырудан тауып, өркендеудің формуласы ретінде тиімді қолдана бастады. Оған АҚШ, Жапония, Сингапур сынды мемлекеттердің жолы үлгі. Әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрландыруы озық елге айналдырды. Ендеше...
Е.Райымбек.