№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СТАМБУЛДАН ЖАҢАҚОРҒАНҒА АСПАЗШЫ КЕЛДІ

СТАМБУЛДАН ЖАҢАҚОРҒАНҒА АСПАЗШЫ КЕЛДІ

Бүгінгі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен «Аға сеньорлар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында халықаралық шетелдік ұйымдармен бірлесе іске асырылуда. Яғни, шетелдік білікті мамандар елдегі шағын және орта кәсіпорындардың дамуына көмектеседі.

  Міне, осы тұста Түркияның Стамбул қаласынан келген Ферди Аджар есімді аспазшы «Жаңақорған» шипажайы АҚ-да 10 күндік шеберлік сыныбын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Айта кететіні, дертіне дауа іздеп келген демалушының саулығымен қоса күнделікті төрт мезгіл тамақтанатын дәм-тұзының дәмді бо­луына аспазшылар жауапты. Жер-жер­ден келетін он күндік ауысымына 300-ге жуық емделушінің талғамынан шығу – бесаспап аспазшылар үшін үлкен ыждақаттылықты талап етеді. Міне, осы талғам мен талап үдесінен шығу үшін асқан шеберлік қажет. Кең сарайдай люкс асхананың іші мұнтаздай тап-таза, орындықтардағы жабу тамаша сән берсе, даяшылардың ұлттық нақыштағы киім үлгісі көзтартарлық. Хош. Түрік аспазшымен тілдеспек мақсатта «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының аудан­дық филиал директоры Марлен Нұрта­заевпен бірге шипажайға бардық.
Өзін Ферди Аджар деп таныстырған аспазшы ә дегеннен 24 жылдық тәжірибесі бар екенін тілге тиек етті. Әріптестік меморандум аясында Стамбулдан келгенін айтқан маман жергілікті аспазшыларға тағамдардың сан түрін үйретіпті. Әсіресе, диеталық мақсаттағы балық, тауық етінен жасалатын тағам және жеңіл салаттардың жасалу жолдарынан шеберлік сағатын өткізгенін сөз етті. Шипажайдың люкс асханасының меңгерушісі алдағы уақытта аға сеньор Ферди Аджар көрсеткен тағамдар мен салат түрлері күнделікті ас мәзіріне енетінін жеткізді. Сондай-ақ 13 жылдық тәжірибесі бар асхананың аға аспазшысы Гүлнар Теміржанова 10 күндік шеберлік сағатынан алған әсерімен бөлісті.
– Ұжымның ұйымшылдығы қашанда биік белеске бастайтыны сөзсіз. Сол үшін шипалы балшықтың емінен кейінгі екінші орында асханадағы тағамдардың дәмді болуы ем қабылдаушылар үшін аса маңызды. Бұл орайда, басшылық тарапынан жасалып жатқан қолдау шараларына дән ризамыз. Ферди Аджар өз саласының шын шебері екенін көрсете білді. Кез келген тағам мен салат түрін сәндеп, өзіндік дизайн арқылы ем қабыл­даушының алдына ресторандық үлгіде алып барудың жолын көрсетті. Бір ғана сорпаның 4-5 түрін жасап, жеңіл тамақтанудың адам ағзасына тигізер игіліктерімен бөлісті, – дейді Гүлнар Темір­жанова.
Сонымен қатар кәсіпкерлер пала­тасының аудандық филиал директоры Марлен Нұртазаев бізге жаңашыл жобаның жай-жапсарын түсіндіріп берді.
– Мемлекеттік «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Аға сеньорлар» жобасын жүзеге асы­рудың өңірлердегі операторы – облыстық кәсіпкерлер палатасы. «Аға сеньорлар» жоғары білікті шетелдік ма­ман­дар тарту арқылы бизнесті жүргізудің тың тәсілдерін үйретеді. Жоба бойынша шетелдік сарапшыларды шақыру ақысы, олардың іссапар шығыны мен жалақысы республикалық бюджеттен төленеді. Сарапшының Қазақстанға келгеннен кейінгі шығынын кәсіпкер өз мойнына алады, – деді Марлен Бақытұлы.
Яғни, шығынына тұратын жері, ас-ауқаты,жолақысы, аудармашының ақысы кіреді. Осылайша, ауылдағы бизнестің жұмысын жүргізіп, өндірістік технология мен кәсіптің қыр-сыры жөнінде бар білгенін үйрететін «Аға сеньорлар» кәсіпкерлердің сенімді серіктесіне айналуда.

Самат ӘБДІШ.
19 қараша 2018 ж. 1 899 0