Қазақстандық суретші тележобада көзін байлап алып мүсін жасады
Ол «Россия 1» телеарнасындағы «Удивительные люди» жобасының үшінші маусымындағы сегізінші көрсетілімінде көзі байлаулы күйінде, картина салған болатын. Жобаның осы маусымына таңғаларлық қабілеті бар әлемнің 56 адамы қатысты. 10 адам финалға өтті, солардың тек біреуіне ғана жеңімпаз кубогы мен басты жүлде 1 млн рубль бұйырады. Талап бойынша жеңімпазды студиядағы көрермендер таңдайды. Сондай-ақ оларға көмекке жобаның қонағы, тележүргізуші Ольга Шелест, хореограф, биші Евгений Папунаишвили, бокстан кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы Наталья Рогозина мен Когнитивтік нейроғылымдар институтының директоры Василий Ключаров келеді. Тартыс мыналардың арасында өтті: Захар Герман, 6 жасар, Омбы қаласынан (Ресей), Артур Микаелян, 12 жаста, Раздан қаласынан (Армения), Венцел Грюс, 15 жаста, Бремен қаласы (Германия), Цюй Цзяньюй, 13 жаста, Сямынь (Қытай), Сафия Салимова, 11 жаста, Анталия (Түркия), Джон Грэм, 32 жаста, Солт-Лейк-Сити (АҚШ), Ренат Елубаев, 35 жаста, Астана (Қазақстан), Руслан Гаврюшенко, 44-те, Кисловодск (Ресей), Артем Мартиросов, 16-да, Мәскеу (Ресей), Осман Делибаш, 25-те, Мәскеу (Ресей). Финалда суретші Ренат Елубаев өз талантының жаңа қырын көрсетуі керек болды. Бұл жолы ол мүсіншілік қабілетін танытты. Қазақстандық өзіне берілген мүсінді көзі байлаулы қалпында қолымен сипап-танып, оны саздан көшіріп, айнытпай жасап шығуы тиіс еді. Жобада Ренат тұңғыш рет мүсінді көрмей тұрып жасауға тура келді. Жоба қонақтары Ренаттың жасаған мүсініне келгенде екідай пікір білдірді. Евгений Папунаишвили мен Наталья Рогозина дайын мүсін түпнұсқаға ұқсайды десе, Ольга Шелест пен Василий Ключаров әріптестерінің пікіріне қарсы шықты. Жобаға қатысушылардың барлығы өз таланттарын көрсетіп болған соң, көрермендер дауыстарын екі үміткер - армениялық Артур Микаелян мен ресейлік Руслан Гаврюшенкоға берді. Соңғы таңдауды жоба қонақтары жасады. Олар Руслан Гаврюшенконы үздік деп таныды. Руслан кубок пен бас жүлдені иеленді.
www.inform.kz.
www.inform.kz.