№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЖЕДЕЛ ІШЕК АУРУЫ: НЕГЕ ЖИІЛЕП КЕТТІ?

ЖЕДЕЛ ІШЕК АУРУЫ: НЕГЕ ЖИІЛЕП КЕТТІ?

Бүгінде ауданда балалар арасында жедел ішек инфекциясы және диарея аурулары көптеп кездесуде. Оған себеп, ми қайнатар шіліңгір шілденің мезгілі жетіп, аптап ыстық алқымнан алуда. Жеміс-жидек пен қауын-қарбыздың мерзімінен бұрын пісуі өзіндік қолайсыздықтарға әкеліп соғуда. Қолда бар мәліметке сүйенсек, маусым айында жедел ішек инфекциясымен 81, ал шілде айының алғашқы он күндігінде 48 науқас аудандық жұқпалы аурулары бөліміне тіркелген. Мәселенің анық-қанығымен, жеке бас гигиенасының алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанын білмек мақсатта аудандық емхананың дәрігер-эпидемиологы Асқан Отарбековты сөзге тарттық.
– Асқан Бердіұлы, тұрғындар арасында, әсіресе жас балаларда іш аурулары көбейіп жатыр. Басты себебі, неде?
– Жалпы жұқпалы жедел ішек ауруларының белең алатын кезеңі осы жаз айлары. Көбею себебі, жеке бас гигиенасына салғырттық танытудан бастау алады. Оның ішінде, нәрестелерді тамақтандыру ережелеріне жас аналар лайықты деңгейде мән бермеуі. Өйткені, жас аналардың көпшілігі бала емізу мәселесіне немқұрайлы қарайды. Яғни, емізуден көрі қосымша тамақтандыруға басымдық беріп жатады. Ана сүтінің құрамында бала денсаулығының дұрыс дамуына тікелей әсер ететін, сондай-ақ баланы жұқпалы аурулардан сақтайтын түрлі дәрумендер мен микроэлемент қоры мол. Сондықтан қосымша тамақтанудан гөрі баланы емшек сүтімен қоректендіруге басымдық беру қажет. Екіншіден, ауырған баланы ата-аналардың өздігінен емдей бастауында. Бала ауыра бастағаннан емдеу ұйымдарының көмегіне жүгінген дұрыс. Себебі дәрігер мамандармен тағайындаған емшаралар аурудың бетін тез қайтаруға септігін тигізеді. Жалпы, кез-келген ауруды ерте сатысында анықтап, ерте ем қолдану арқылы түрлі асқынулардың алдын алуға болатынын ұмытпау керек. Осы орайда аймақтық мейірбикелер үй аралау жұмыстары барысында бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің толық есебін алып, оларды күнделікті медициналық бақылаумен қамтамасыз етіп тұрулары тиіс. Айта кету керек, маусым айында жедел ішек инфекциясымен 81, ал шілде айының алғашқы он күндігінде 48 науқас аудандық жұқпалы аурулары бөліміне тіркелген. Оның басым бөлігі ауызбен суландыратын ем-дом шараларын қабылдап, үйлеріне жіберілді.
– Жедел ішек ауруларына ауа райының қатты ысып кетуінің әсері қандай немесе қауіптілігі қаншалықты деңгейде? 
– Ауа райының, қоршаған ортаның, күнделікті өзіміз  тұтынып жатқан тағамдардың, ауыз судың, жеміс-жидектің санитариялық талаптарға сай болмауы, экологиялық және эпидемиологиялық ахуал, тағы да басқа көптеген факторлар адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Күннің аптап ыстығына келетін болсақ, ол біріншіден адам ағзасының сусыздануына жол ашып, дене қызуын көтеріп организмдегі қажетті микроэлементтердің жоғалуына соқтырып, бактериялар мен вирустардың көбеюіне алып келеді. Сәйкесінше иммунитетті жоғалта отырып, жұқпалы аурулармен күресу қасиетінен айырады. Ауа райының бүгінгідей қатты ысуы жедел ішек ауруларының көбеюімен қатар, жүрек-қантамыр ауруларының асқындырып жібереді. Сондықтан ауа райының мұндай жағымсыз уақытында кез-келген адам барынша күтінгені жөн және минералды соктарды, сусындарды көптеп пайдаланғаны жөн. Күннің ыстық кезеңінде алкоголь ішімдіктерін пайдалану аса зиян екенін ұмытпаған дұрыс.
– Жедел ішек ауруларынан сақтану жолдарына тоқталып өтсеңіз?
– Мейлінше жеке бас гигиенасын қатаң ұстануы тиіс. Өйткені, аурудың көзі адам болып табылады. Оған қоса, арудың қоздырғышын тасымалдайтын да адам. Сондықтан әрбір қарапайым дүниеге қырағылық танытқан абзал. Мәселен, дәретханаға барғаннан кейін, даладан үйге келгеннен кейін қолды сабындап тазалап жуу керек. Көкөністер мен жеміс-жидектерді пайдаланбас бұрын ағынсу астында мұқият тазалап жуған жөн. Сусынды пайдалану барысында да мүмкіндігінше қайнатылған суды салқындатып немесе сусынның сапасына кепілдік бере алатын арнайы ыдыстағы дайындалған суларды ішкен дұрыс. Сонымен қатар, аурудың алғашқы белгілері байқала бастаған сәттен, уақыт өткізбей медициналық ұйымдардың көмегіне жүгіну қажет. Әсіресе, қазіргідей күннің құбылып тұрған кезеңінде түннен қалып кеткен тағамдарды мүлдемпайдалануға болмайды. Тез бұзылатын кондитерлік өнімдерді арнайы тоңазытқыштарда сақтауды ұмытпаңыз. Тағамдар мен көкөністерді, түрлы салат өнімдерін арнайы белгіленген санитариялық талаптарға сай сауда орындарынан алған абзал. Қарап отырсақ, мұның барлығы қарапайым ғана қағидалар. Осы қағидаларды бұлжытпай орындау арқылы түрлі аурулардың алдын алуға болады. Қорыта келгенде айтарым, медицина қызметкерлеріне күнделікті үй аралау барысында тұрғындар арасында осындай ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуге баса мән беруді ұсынар едім.
– Рахмет сұхбатыңызға.
Әбдісамат ӘБДІШ.
14 шілде 2018 ж. 1 393 0