Сыбайлас жемқорлықтың профилактикасы

Сыбайлас жемқорлық - мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін төмендететін және заң үстемдігі қағидаттарына нұқсан келтіретін жағымсыз құбылыс. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу - тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сыбайлас жемқорлық профилактикасы - құқық бұзушылықтың туындауына себеп болатын жағдайларды анықтау және оларды жоюға бағытталған жүйелі шаралар кешені. Профилактиканың негізгі мақсаты: жемқорлықтың алдын алып, ашықтық пен адалдық қағидаттарын нығайту.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте ашықтықты қамтамасыз ету, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру, қоғамдық бақылауды күшейту және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды құралдары болып табылады. Бұл шаралар азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланысты азайтып, заңсыз әрекеттердің орын алу қаупін төмендетеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда құқықтық сауаттылықтың да маңызы зор. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарауы қажет. Әсіресе жастар арасында адалдық, әділдік және парасаттылық құндылықтарын дәріптеу - болашақта жемқорлықсыз қоғам қалыптастырудың негізі.
Мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіби әдепті сақтау, мүдделер қақтығысына жол бермеу, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдаланбау және заң талаптарын қатаң сақтаунегізгі міндеттердің бірі. Әрбір қызметкер өз әрекетінің заңдылығы мен ашықтығына жауапкершілікпен қарап, қоғам сенімін ақтауға ұмтылуы тиіс.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ерекше маңызға ие. Бұл бағытта бақылау-қадағалау іс-шараларын заң талаптарына сәйкес жүргізу, мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі уақтылы көрсету, қызметтік әдепті сақтау және азаматтармен ашық диалог орнату жұмыстың басты қағидаттары болып табылады.
Жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы -оның салдарымен емес, себептерімен күресу. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын сақтап, пара беруден де, пара алудан да бас тартып, кез келген заңсыз әрекетке төзбеушілік танытуы қажет.
Адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттары қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетіп, құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құруға қол жеткізе аламыз.
Ш.Айдарова,
Жаңақорған аудандық санитариялық
эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы



