Топ-баннер

№13 (8927) 17

17 ақпан 2026 ж.

№12 (8926) 14

14 ақпан 2026 ж.

№11 (8925) 10

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 
» » Соттың оң имиджін қалыптастыру – жаңғыру жолындағы жүйе

Соттың оң имиджін қалыптастыру – жаңғыру жолындағы жүйе


Қоғам дамыған сайын сот жүйесіне деген талап та күшейе түсуде. Бүгінде азаматтар соттан тек әділ шешім ғана емес, ашықтықты, қолжетімділікті және жеделдікті күтеді. Осы тұрғыда соттың оң имиджін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тек бедел мәселесі емес, құқықтық мемлекет құрудың маңызды алғышарты.
Мемлекетімізде соңғы жылдары сот жүйесін жаңғырту бағытында бірқатар жаңашылдықтар енгізіліп, халық сенімін арттыруға нақты қадамдар жасалуда. Соның бірі сот саласындағы ең үлкен өзгеріс – цифрландыру үдерісі. Бүгінде талап-арызды онлайн жолдау, сот отырысына қашықтан қатысу, сот актілерін электронды түрде алу мүмкіндігі бар. Бұл бастамалар Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бастамасымен жүзеге асырылып келеді.
Сондай-ақ, «Сот кабинеті» электрондық сервисі арқылы азаматтар өз істерінің қозғалысын қадағалап, қажетті құжаттарды жолдай алады. Онлайн форматтағы сот отырыстары уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, шалғай ауыл тұрғындары үшін сот төрелігіне қолжетімділікті арттырды.
Сонымен қатар, сот жүйесінде процестік мерзімдерді қысқарту, істерді қараудың тиімділігін арттыру бағытында нақты реформалар жүргізілуде. Дауларды сотқа дейінгі реттеу, медиация институтын дамыту – сот жүктемесін азайтып, тараптардың өзара келісімге келуіне жол ашады.
Сонымен қоса, соттың оң имиджін қалыптастыруда ашықтық принципі айрықша рөл атқарады. Бүгінде сот отырыстарының басым бөлігі ашық форматта өтеді. БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуына жағдай жасалған. Соттардың ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы қабылданған шешімдер, түсіндірме материалдар жарияланып отырады. Бұл халықтың құқықтық сауатын арттырып, сот жұмысы туралы түсінігін кеңейтеді.
Бүгінде сот органдары азаматтарды қабылдау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, брифингтер мен баспасөз конференцияларын ұйымдастыру арқылы халықпен тұрақты байланыс орнатуда. Қоғамдық кеңестермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен кездесулер сот қызметінің ашықтығын арттырып, сын-ескертпелерді ескеруге мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар сот жүйесінің қоғам пікіріне бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды қадам.
Иә, сот жүйесіндегі жаңашылдықтар бір күндік науқан емес, ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт. Қазіргі таңда сот төрелігінің сапасын арттыру, кадрлық іріктеуді жетілдіру, жас судьяларды даярлау ісіне ерекше мән берілуде. Өйткені, сот – әділдіктің символы. Оның беделі қоғам сенімімен өлшенеді. Сондықтан соттың оң имиджін қалыптастыру тек ақпараттық жұмыс емес, нақты реформалар мен нәтижелі қызметтің жемісі болуы тиіс.
Бибайым Нәлібаева,
Жаңақорған аудандық сотының сот әкімшісі.
19 ақпан 2026 ж. 129 0