№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОЙЫНШЫҒЫҢ ҚАНДАЙ БҮЛДІРШІН?

ОЙЫНШЫҒЫҢ ҚАНДАЙ БҮЛДІРШІН?

Қай дәуірде болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саналы да парасатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ғұлама ғалым, классик жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген ұлағаты сөзінің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Ал сол бесікті, сол ұрпақты түзу жолға салуға атсалысатын бірден-бір нәрсе – ол ойыншық.
ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ
Қазақтың қай бүлдіршіні болсын ойыншықпен ойнап өсетіні белгілі. Ойыншық тәрбиенің бастауы болса да, үлкендер оны баланы жұбату мен алдап, көңілін аулаудың құралы ретінде пайдаланып, «ойыншық қой» деп немқұрайлы қарап келді. Ал, шын мәнінде, бала мен бірге өзіміз де алданып жатқанды мүлдем аңғармаймыз. «Википедиа» сөздігінде «Ойыншық – баланың дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі, белгілі бір мақсаттағы, ойластырылған әрекетке үйретеді, қиялын дамытып, еңбекке сүйіспеншілігін, білуге құмарлығын қалыптастырады» деп тамаша сипаттама беріліпті. Ал дүкен сөрелерінен дәл сондай сипаттағы ойыншықты табу қиынға соғатыны сөзсіз. Себебі бүгінде ойыншық нарығында шетелдің өнімдері самсап тұр. Осылайша, атыс-шабысқа толы және мүлдем тәрбиелік мәні жоқ «Трансформер», «Өрмекші адам», «Шрек», «Бэтмен», «Спанч боб» сияқты шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері ұрпақ тәрбиесін улап қана қоймай, баланың ұлтжанды, адамгершілігі мол азамат болып ер жетуіне балта шауып отыр. Бұған тосқауыл қоятын ата-ана тым бейқам.
ҚАЗАҚЫ ОЙЫНШЫҚ КЕРЕК
«Тәрбие басы – тал бесік» дегендей, балаға «сен қазақсың, қазақша сөйле» деуді қатырамыз да, нақты іс-әрекетке келгенде «ауызды қу шөппен сүртеміз». Қазақ баласына – қазақы ойыншық керек. Бұл бағытта жасалынып жатқар тірлік мүлде жоқ деуге келмейді. Білуімізше, қазақ бала­ларының ұлттық дүниетанымына отандық ойыншықтар арқылы ықпал ету жолында «Атакәсіп-Астана», «Тәлім-таным», «Балбала» сынды серіктестіктер белсенді атсалысуда. Динара Ахметкәрімованың жетекшілігіндегі «Тәлім-таным» әріптерді қазақша сөйлетсе, Қыдырәлі Болмановтың «Балбаласы» қазақша сөйлеп, қатты қуындырғаны бар. Ал, Сәкен Болыс басқаратын «Атакәсіп-Астана» төл ойыншықтарды түгендеп, түрлендіріп жүр.
Сәкен мырза ұлттық нақыштағы ойыншықтың ұрпақ тәрбиесіне берер маңызын былай деп түсіндіреді: «Адамдар ойыншыққа жай ғана ойыншық деп қарайды. Осы көзқарастың үлкен қателiк екенiн бiле бермеймiз. Өйткенi сол «жай ғана ойыншық» келешекке басталатын соқпақ емес пе? Жеті жасқа дейiн түрлi ойыншықтарды ермек ететiн бала айналаны, қоғамды ойын арқылы қабылдап, түйiндейдi. Мәселен, құрастырмалы ойыншық арқылы «сабақты иненiң сәттiлiгiн» түсiнсе, қуыршақты киiндiре отырып, сұлулық пен жылулықты бiледi.Тiлiнен, дiнiнен, салт-дәстүрi мен дiлiнен алыстаған қазаққа қандай жолмен өшкенiн жандыруға болады деп жүрiп, жiптiң ұшығын тапқандай болдым. Ол мынау – ұлттық ойыншық екен. Бала сәби күнiнен ұлттық аспаптарды көзбен көрiп, қолмен ұстап өсуге тиiс. Атауларын жатқа айтып, құлағына сiңiрген бала ұлтын сүймеуi мүмкiн бе? Сонда мынау асатаяқ, шаңқобыз, жетiген, дабыл, сақпан, кекпiш деп бала күнiнен бiлiп, түсiнiп өсе берсе, атының өзi санасына сiңе берсе, қайткен күннiң өзiнде де ұлттық пайымына әсер етпей қоймайды».
«Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын». Қазақ баласын «ұлттық» ойыншық аясында тәрбиелеуге баршамыз жауаптымыз. Қоғам мен мемлекет те. Отандық ойыншық саласы көш соңында қалып қойғандықтан оған тың серпiлiс беру аз еңбектi талап етпейдi. Бала – болашақтың айнасы деп жүрген Үкіметтегі ел ағалары мен халық қалаулылары ойыншық мәселесіне шұғыл назар аударып, бүлдіршіндерімізді тек қана отандық ойыншықпен ойнатуға ықпал жасаса деген зор үміт бар. Ал, әзірге мәселе шетелден алып келінетін ойыншықтардың қауіпсіздігіне келіп тірелмек.   
MADE IN CHINE
Осыдан бірнеше жыл бұрын елде балалардың ойыншықтардан улануы ғылыми дәлелденіп, «Ойыншық қауіпсіздігі туралы» заң да қабылдадық. Алайда бұл заңға пысқырып жатқан кәсіпкерлер де жоқ. Ал, шетелдік алпауыт компаниялар сапасыз ойыншықтарын өткізуге мүдделі. Мәселен, Қазақстандағы ойыншық нарығының 90 пайызға жуығы Қытайлық өнімдерге тиесілі. Бүгінде Аспан асты елінде 6000-нан астам ірілі-ұсақты ойыншық шығаратын кәсіпорын тіркеліпті. Олардан түсетін таза табыс 15 млрд. доллардан асып түседі екен.
Ащы болса да, шындық. Біз Қытайдың ең сапасыз ойыншық өнімдерін тұтынушылардың біріміз. Еуропа елдеріне Қытай тек қана «ЕС» маркасы бар сапалы ойыншықтарды экспорттайды. Себебі, онда заң қатты, талап қатаң. Бізде шекарадан-ақ жолы кесілуі тиіс сапасыз тауарлар қара базарды жаулап алған. Сапасыз деу жұмсақ айтылған. Құрамында қорғасын, сүрме, мырыш, сынабы бар улы ойыншықтар. Мамандардың айтуынша, қорғасын баланың тірек-қимыл аппаратына, мінез-құлқына әсер етеді. Ал, канцерогенді сүрме элементі өсіп келе жатқан сәбидің жыныстық жетілуіне, өкпе рагына шалдығуына ылып келуі мүмкін. Мырыш теріні зақымдап, қан қысы ауруын тудырса, сынап баланың ақыл-ойының жетілуін тежеп, көру қабілетін нашарлатады. Осы улы ойыншықтарды балалар ауызына салса не болатынын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мамандар тыңдар құлақ болса құрамы күмәнді тауарларға қатаң бақылау қажеттігін айтып дабыл қағуда. Алайда, нәтиже жоқ.
Жалпы, балаларға ойыншық алып беруге келгенде, жағымсыз иісіне мән бермей жалтырақты жағалаймыз. Қалтаның қалыңдығынан емес, амалдың жоқтығынан. Әйтпесе, ауқатты отбасыларға арналған брендті дүкендер жоқ емес. Бар. Тіпті бірен-саран «Айгөлек», «Тазша бала», «Алдар көсе» тағы сол сияқты отандық өнімдердің өзі кем дегенде 7-8 мың теңге тұрады. Бұл қарапайым отбасы үшін аз ақша емес. Осының барлығы кең-байтақ жері бар қазақ елінің ұрпағы, келешекте мемлекеттің тұтқасын ұстайтын бүгінгі кішкентай жеткіншектердің әлжуаз да ауру болып, жат елдің боданында өсуі үшін әдейі жасалып жатқан Қытайдың қитұрқы саясаты болуы әбден мүмкін. Ойлантарлық жәйт.
ТҮЙІН. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ««Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларға жақсы білім беруге ұмтылу керек» – деп қадап айтты. Ендеше, елдегі 1,5 млн. бүлдіршінді дені сау ұлт етіп тәрбиелейік десек, бұл мәселені кейінгі ысыруға болмайды. Ештен кеш жақсы әлде де...
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
арнайы «Жаңақорған тынысы» үшін Қостанайдан.
13 маусым 2018 ж. 966 0