№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

№31 (8845) 29

29 сәуір 2025 ж.

№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Белі кеткеннің берекесі азар

Белі кеткеннің берекесі азар


Соңғы кездері әлеуметтік желіні аша қалсаңыз жігіттердің жігерін жанып, күшін тасытады деген түрлі дәрумендер жарнамасы жер жарып тұр. Оны белгілі өнер адамдары мен спортшылар және танымал тұлғалар дәріптеп, жастардың санасына сіңіріп жатыр десек те болады. Соның бірі «Ветаман», жарнамасы. Әрине, дәрігерлер мұндайды құп көрмейді, өйткені бұл уақытша құбылыс екені айтпаса да түсінікті. Мамандар ер адамдарға медициналық немесе дәстүрлі жолмен емделуге кеңес береді. Яғни ағарған ішіп, жылқы мініп, жан тыныштығына сын келтірмеуді ұсынады. Айту оңай, алайда қоғамда бір баланың тырнағына зәру жандар аз емес. Бүгінде белсіздік деген дерттің белең алып бара жатқаны қынжылтады. Екінші жағынан, жігіттердің бойын жігерсіздік, ынжықтық мінез жайлап бара жатқандай.


Алдымен, белсіздік мәселесіне келейік. Шетелдік ғалымдар мен отандық медицина саласының мамандары бұл әлеуметтік мәселенің жылдан жылға ушығып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Оған үш түрлі себепті айтады, бірінші, туа бітті аурудың болуы, бірақ ол да уақыт өте келе қалпына келеді. Экологиялық ахуал және зиянды заттарға тым әуес болу. Сондай-ақ жігіттер­дің белсенділігінің төмен болып бара жатқаны да жасырын емес. Экология дегеніміз түсінікті, бұл жағдай біздің ауданға да қатысты. Екінші, қазір ішімдік пен есірткіге тым әуестену басым. Соның салдарынан перзент болмауда немесе өзге де сәбидің дертпен өмірге келуін дәрігерлер алға тартады. Үшіншіден, ерлердің қоғамда немесе үйіндегі дәрежесінің төмендеп кетуі, тіпті біржынысты мәселесін қолдауы да осы типте екен.
– Бүгінде еркектердің белсіздігі әйелдердің бедеулігінен қалыспайды. Біздің ауданның өзінде еркектер арасында белсіздік дертіне ұшырағандардың қатары көп. Бірақ олардың басым бөлігі дәрігерге қаралуды намыс көріп, саналы түрде емделуден бас тартып жатады. Осы себептен де олардың нақты саны белгісіз. Тіпті ер адамдардың 60 пайызы дәрігерге қаралудан бас тартады. Сондықтан біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз, – дейді уролог дәрігер Ғалым.
Дәрігердің сөзінше, бүгінде эректильді дисфункция дертіне шалдыққандар көп. Бұл ауру көбіне физиологиялық бұзылыстан, гипертония, қант диабеті, тік ішекке жасалған ота және т.б. салдарынан туындайды. Еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабынулар, яғни, аталық без бен қуықасты безінің қабынуы, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Жалпы, ерлі-зайыптылар бала сүю мәселесін мейілінше 35 жасқа дейін шешіп алғаны жөн. Өйткені, жас ұлғайған сайын генетикалық өзгерістердің әсерінен ұрпақтың сапасы нашарлап, балалы болу мүмкіндігі азаяды.
– Қазір бедеулік мәселесі екі жақтан бірдей қарастырылады. Отбасы бір жыл аралығында сәби сүймесе, оларға «бедеу» деген диагноз қойылады. Бірақ бұл олар өмір бойы балалы бола алмайды дегенді білдірмейді. Дер кезінде екеуі бірдей емделсе, кеселдің алдын алуға болады. Бедеулікке апаратын себептер өте көп. Бүйрек үсті безінің қабынуы, гипофиз, қалқанша безі аурулары, простатит бедеулікке соқтырады. Кейінгі кезде простатитпен ауыратын жігіттердің саны көбейіп барады. Мәселен, біздің шипажайға бедеуліктен айығу үшін жылына 2000-2500-ге дейін ер адам келіп ем алады, – дейді «Жаңақорған шипажайының» уролог дәрігері Мұзафар Асланов.
Айта кетерлігі, ер адамдарда жасөспірім шақтан болатын варикоцеле дерті бар. Оны дер кезінде емдеп, ота жасамаса соңы бедеулікке соқтырады. Өйткені аталық безге қан бармағандықтан, қан айналу процесі өзгеріп, жыныс жолдарына әсер етеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта жыныстық жолмен жұғатын мерез, соз, хламидиоз, трихомониаз, микоплазма сияқты аурулар көбейіп кеткен. Бұлар да бедеулікке апарады. Ең сорақысы, бұл індеттер еш белгі бермей, ағзада ұзақ уақыт жүреді. Сондықтан, ер адамдарға да дәрігер тексерілуінен уақтылы өту өте маңызды. Ел басшылығы осы тақырыпқа арнайы маңыз беріп, жағдайды оңалту бағдарында тиімді тетіктерге жол ашуды қаперге алып келеді.
Енді жігіттердің жігерсізденіп кетуіне аз-кем тоқталайық. Әлеуметтік желінің зиянының бүгінгі тақырыбымызға тікелей қатысы болып тұр. Бұл жөнінде уролог-андролог, медицина ғылымдарының магистрі Батыржан Сабырханұлы ер адамдарға аса қажет тестостерон гармоны неге төмендеп бара жатқанын былай деп түсіндірді:
– Қазір жастар мен балаларға бәрі қолжетімді. Мәселен, жасөспірімдер телефон арқылы түрлі суреттер мен бейнебаяндарды, киноларды жиі көреді. Оның үстіне мектепте де үйде де бұл тақырыпта ешкім түсіндірмейді. Жалпы, статистика бойынша эротикалық көріністерді әйел адамдарға қарағанда ер адамдар көп көреді. Бірақ бұл әдет екі тарапты да тәуелділікке алып келеді. Өкінішке қарай, мұндай тәуелділік жыныстық сауаттылықтың жоқтығынан туындап отыр. Енді гүл жарып келе жатқан жас өскінге құпия әлемнің сырын там-тұмдап болса да ұғындыруға кәсіби құнттылық қажет. Жасөспірімдерде ұятсыз бейнеге тәуелділік интернет желісінен басталады. Қазір бәрін оңай көріп, оңай қол жеткізеді алады. Мұны да бір фактор ретінде қарауға болады, – деді маман.
Маманның не айтқысы келгенін түсінген боларсыздар, қоғамдағы ерлердің ұсақталып бара жатқанына әлеужелінің екі кесірі бар. Бірі көрсеқұмарлық, салдарынан инфекцияға душар болуы, екінші, жігіттердің психикасының бұзылып, табиғи болмысынан ажырап, кері байланысқа бет бұруы. Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекованың саралауынша, ер кісілердің бұл жағдайға қол сілтей салуы қоғамдағы қысымның, тым намысшыл болудың салдарынан екен. Соның кесірінен ажырасу көп дейді. Статистикаға сүйенсек, биыл 48 мыңнан астам отбасы ажырасқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайыз көп. «Баланың жоқтығынан ажырасу проценті өте жоғары. Қоғамдағы қысым өте жоғары. Ер адам бедеу болса, ұрпағы жоқ деген сияқты. Яғни, намысына тиеді» – дейді әлеуметтанушы.
Қалай дегенде де, бір перзентті Тәңірден тілеп жүрген отбасылардың тілектері тұғырынан түспесе оның да есебі бар. Бір досымыз он жылдан соң ақыры нәрестелі болды. Ең бастысы, үміт үзбеу керек-ақ.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

15 сәуір 2025 ж. 268 0