Байланыс тарифіне бақылау бар ма?

Соңғы кезде геосаяси жағдайдың күрделенуі дүниежүзілік сауда жүйесіне де күрт өзгеріс әкелгені, яғни барлық саланы қымбатшылық дендегені жасырын емес. Біз бүгін соның ішіндегі байланыс қызметінің тарифіне тоқталамыз. Нақтылай түссек, ұялы байланыс операторларының тариф бағасы қымбаттады. Activ, Tele2 сынды операторлар тұтынушыларына бағаның өсетінін ескертіп, хабарлама жіберіп жатыр. Бірақ тұрғындар құны өсіп жатқан тарифтің сапасы бағасына сай емес деп шағымданады. Ал тариф бағасын қалауынша өсіретін операторларға неге тосқауыл жоқ?
Мәселен, қазір ұялы байланыс абоненттерінің саны халықтан әлдеқайда артық екен. Елімізде халық саны 20 миллион болса, 28 миллиондай ұялы байланыс операторларының қолданушылары тіркелген. Яғни бір адамда 3-4 телефон, сим-картадан бар. Сондықтан бар саланы иемденіп отырған ұялы байланыс операторларының бұл қылығы «бәрібір бізден кете алмайсың», деген тұтынушылардың шарасыздығын пайдалану ма, әлде қымбаттатудан біз қалып қоймайық деген жанталасу ма?!
Міне, мобильді телефоныма Теле2 байланыс оператынан тариф бағасының қымбаттайтыны жөнінде хабарлама келіп тұр. Бұған дейін тариф құны 2590 теңге 21 сәуірден бастап 4990 теңгеге қымбаттапты. Ұялы байланыс операторы бағаның қымбаттауын техникалық қызмет көрсету құнының өсуімен түсіндірді.
Тақырыпты тереңінен бағамдасақ, қызмет құны шамамен 200 теңгеден 3000 теңгеге дейін өседі. Кей компаниялар мұны желілерді жаңғырту, күтіп ұстау және жөндеуге жұмсалатын шығындардың өсуімен байланыстырып отыр. Сондай-ақ инфлияция сияқты сыртқы факторлар да себеп дейді. Мәселен, Kcell мен Activ тарифтерінің бағасы 300-700 теңге аралығында көтеріледі. Өзгеріс кейбір мұрағатталған тарифтік жоспарларға да әсер етеді. Ал Beeline өзге байланыс операторларын күтпей-ақ бағаны ақпанда өсірген, 200-2400 теңге аралығында. Ал Altel мен Tele2 тарифтерінің құны ең азы 1000 теңгеге, алды 3000 теңгеге қымбаттады.
«Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» дегеннің кері. Ұялы байланыс операторлары шығынды негізге ала отырып, тариф құнын өсіруге құқылы деген ұялы байланыс операторларының оң жамбасына келетін «Байланыс туралы» заңының 20-бабында «Байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейді», – деп жазылған.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов дәл осы бапқа өзгеріс енгізу қажет дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов:
– Заңға байланыс операторлары бағаны көтеру себептерін алдымен Үкіметтің алдына талдап, дәлелдеп, содан кейін заңнамалық рұқсатпен ғана көтеру керек деген түзету енгізу қажет деп санаймын. Қазақстанда екі байланыс операторы Kcell мен Activ бар, ал Tele2 мен Altel бір. Халықтың басқа байланыс операторын таңдауға мүмкіндігі жоқ. Шағымның көп болуы бәсекелестіктің болмауымен де байланысты болып тұр, – дейді.
Байланыс операторлары қызметі қымбаттағанымен сапа артты деп айта алмаймыз. Тариф қызметі сын көтермейді. Қызмет қымбаттағанымен сапа жақсармауына байланысты миллиондап айыппұл арқалады. Әйтсе де айыбын сезініп, айылын жиып отырған оператор көрмедік. Керісінше байланыс иелері тариф құнын төмендетпейміз деп бірауыздан мәлімдеді. Бәсекелестікті қорғау мен дамыту агенттігі нарықтағы үш оператор да қызмет құнын өзара ымыраласып бірдей көтерді деген күдікті айтады. Өйткені, бәрі бірдей көтерген соң сізде таңдау құқы болмайды.
Көпшілік не дейді?
– Уақыттың талабы ғой, барлығымызда ұялы байланысқа тәуелді болып отырмыз. Онсыз ешқандай жұмысымыз бітпейді. Осы мүмкіндікті байланыс операторлары ұтымды пайдаланып отыр. Мысалы, менің Теле 2 операторын қолданғаныма он жылдай уақыт болды. Әдепкі жылдары тариф бағасы мен интернеті өте жақсы жұмыс істейтін. Өткен жылдан бастап тариф бағасы қалтаға әжептәуір салмақ салуда. Бірақ, сапасы қызмет құнына сай болса бір жөн ғой. Интернет сапасы нашар. Басқа ұялы байланыс түріне ауыстырғым-ақ келеді. Мысалы, Beeline-ның интернеті әлдеқайда жақсы, әрі ауылдық жерлерде жақсы ұстайды. Бірақ ондағы тарифтер де қымбаттап тұр. Әрі мен тұратын жақта Beeline-нан интернет мүлде тартпайды, – дейді Әлия Сайлаубекова.
– Меніңше еліміздегі ұялы байланыс операторлары тек табыс табуды ғана көздеп отырғаны анық байқалады. Мен Beeline-ның тарифіне қосылғанмын. Өйткені, бізде басқа байланыс операторларының жылдамдығы өте нашар. Тек, осы Beeline ғана жақсы жұмыс жасайды. Әу, баста 2500 теңгемен басталып еді, қазір 15000 мыңға жетті. Мәселен, қызмет көрсету бағасына келсек, ұялы нарық бағасы Қазақстанда тым қымбат. Көршілес Қытайда байланыс бізге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан, меніңше, осы ұялы байланыс нарығына реттілік енгізіп, талапты қатаңдату керек, – дейді тағы бір тұрғын Самат Жарылқапов.
Тариф бағасы қалай есептеледі?
Байланыс операторларының тариф құнын өсіруінің себебін білу үшін жан-жақты ізденіп көрдік. Ондағы мамандардың түсіндіруінше, тарифті жан-жақты саралап, барлық жағдайды қарастырып яғни әлемдік тәжірибені де негізге алып, ортақ мәмілеге келген ұқсайды.
Осы тұста, операторлардың мәліметінше, біріншіден, тарифке көрсетілетін қызметтің тікелей шығыстары ықпал етеді екен. Екіншіден, компанияның жалпы шығыстары да тарифтер арқылы өтеледі. Яғни, қажетті мүліктерді сатып алу, техникалық , әкімшілік шығындар, маркетинг, пиар сияқты коммерциялық шығындар, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы мен басшылықтың бонустары сыйақылары мен бюджетке алым-салықтар жатады. Байыбына барық қарасақ, бұл өте қомақты қаражат емес пе? Одан бөлек, отандық және жаһандық нарықтағы бағалардың жоғарылауынан келген шығыстар, тіпті айыппұлдарға жұмсалатын шығын да осы абоненттер қаражатынан өндіріледі. Одан кейін тұтынушылардың интернетте көп отыруы нәтижесінде интернет-трафиктің артуы және желіге түсетін жүктемелер де шығынды ұлғайтатынын ұмытпау керек.
Қолжетімділігі жағынан бірінші орында Теле2 болса, екінші орында Activ келеді. Айтпақшы, отбасылық тариф орнатуға мүмкіндік бар. Яғни, бір адам төлем жасап, игілігін бірнеше адам көре алады. Қызмет көрсету құны арзандығы жағынан үшінші орында ALTEL операторы тұр. Рейтингте ең қымбат қызметті Beeline ұсынады.
Түйін. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өткен жылдың маусым айында тұтынушылар арасында сауалнама жүргізіпті. Қатысушылардың 75%-і тариф қымбаттаса да бұрынғы ұялы байланыста қала беретінін айтыпты. Өйткені, басқа балама қызмет жоқ. Ал сапа жақсаруы үшін бәсекелестік керек. Демек, біздің елде байланыс операторалына қарқынды жұмыс жасау керек-ақ.
Әсел РЗАЕВА