Тазалық төрімізде тұрсын

Апта басында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру және IT-экспортты дамыту мәселелері қаралды. Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
– Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауында барлық саладағы цифрлық трансформацияның маңыздылығын үнемі айтып келеді. Биыл жасанды интеллектке баса мән берілуде. Азаматтардың жасанды интеллектті пайдалану тетіктерін енгізуде нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Оның мүмкіндіктерін барлық салада кеңінен пайдалану, халықтың дайын сервистерді тез игеруіне мүмкіндік жасау маңызды. Білім саласындағы олимпиадаларға, басқа да іс-шараларға жасанды интеллект тақырыбын қосу қажет. Облысымыздағы технопарктерде жасанды интеллект өнімдерін әзірлеумен қоса, оның мүмкіндіктерін пайдалануға тұрғындарды кеңінен оқыту, насихаттау керек.
Қоршаған ортаны таза ұстау, туған жерімізді көгалдандыру, абаттандыру тұрғындардың күнделікті әдетіне, өмір салтына айналуы тиіс. Бұл маңызды жұмыстарды тұрақты жүргізуге, кеңінен дәріптеуге қала және аудан әкімдері, барлық басқармалар мен мекеме басшылары, сондай-ақ, бизнес қауымдастық өкілдері тікелей жауапты. «Таза Қазақстан» порталының басты мақсаты – тұрғындармен жылдам әрі ашық кері байланыс орнату. Келіп түскен ескертулер, шағымдар мен ұсыныстарға дер кезінде жауап беру қажет, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Тұрғындар, жастар ұйымдары мен кәсіпорын қызметкерлері бағдарламаны қолдап, тазалық жұмыстарына белсенділік танытып келеді. Мәселен, бағдарлама аясында елді мекендердегі скверлер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп, кәсіпкерлік нысандары, аулалар мен көшелер тазартылып, аталмыш жұмыстарға 500-ден аса арнайы техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, жұмысты жүйелендіруді жалғастыру мақсатында Экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспары бекітілді. Ауылдарды дамытуға бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы жыл сайын өткізілуде. Осы конкурс аясына соңғы екі жылда 1 млрд 500 млн теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Мысалы, өткен жылы коммуналдық сала және абаттандыру мекемелеріне алынған 106 арнайы техника қазір ел игілігіне қызмет етуде.
Одан әрі Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте бірнеше мәселе кеңінен талқыланып, қала, аудан әкімдері мен сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктелді.
Аймақ басшысы алдымен тұрақтандыру қорындағы картоп пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің көлемі мен баға тұрақтылығына және «Арт-спорт» бағдарламасының өңірде іске асырылуына арнайы тоқталды. Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуына асқан жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.
– Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармалары, «Байқоңыр» ӘКК, қала және аудан әкімдері, азық-түлік, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына шұғыл арада мониторинг жүргізіңіздер. Әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлеріндегі әлеуметтік бұрыштарды қатаң бақылауға алыңыздар. Бағаны негізсіз өсіруді, алыпсатарлықты болдырмау үшін қадағалауды күшейтіңіздер. Екінші мәселеге қатысты, прокуратура органдарының ұсынымдары бойынша бюджет қаржысын заңсыз иемденген өнім берушілерден қаражатты бюджетке өндіру жеделдетілсін. Заң бұзушылықтарға жол беріп, талаптарды орындамаған өнім берушілермен келісім-шартты біржақты бұзу керек. Облыстық экономика және қаржы, мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармалары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бірлесіп, ауылдық жердегі клубтарды қалалық және аудандық мәдениет бөлімдеріне берудің тиімділігін зерттеп, ұсыныстар енгізсін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айсұлу АЛДАНАЗАР