Балық кәсіпшілігі қолдаудан кенде емес
Біз жоғарыда балық шаруасына қолдау барын тілге тиек еттік. Осыны кеңінен тарқатайық. Үкіметтің балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы барын білеміз. Бүгінде балық шаруашылығы субъектілерін субсидиялауда балық шаруашылығы мен жем-шөп өндірісіне салынған инвестициялардың 25 пайызын, азық сатып алу кезіндегі шығыстарды 30 пайыз, балық өсірудегі биологиялық негіздемені, балық өсіру материалы мен дәрілік препараттар және бағалы балық түрлерін көбейту, аналықтарын сатып алуға жұмсалған шығындарды 50 пайызға дейін өтеп беруге мүмкіндік бар.
Балық өсіруді кәсіп еткендерге Салық кодексіне сәйкес арнайы режім қолданылады, яғни салық 70 пайызға төмендетілді. Екіншіден, инвестиция салушыларға салық жеңілдіктері мен преференциялары бар арнайы экономикалық аймақта жер учаскелері беріледі. Бұл да үлкен демеу болатыны анық. Жалпы, балық шаруашылығын дамытуда қабылданып жатқан шаралар арқасында бизнес субъектілері арасында іскерлік артқан. Жыл сайын салаға деген инвестиция түсімі өсіп келеді.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жауапты маманы Асылбай Дәулетханұлы инфрақұрылымдарын дамытуға байланысты электр желілерін жүргізу және трансформатор орнату үшін жоба- сметалық құжаттарын жасап ұсынған жағдайда, облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім өткізіп, қолдау тапса қаржы қаралатындығын атап өтті. Яғни кез келген шаруашылық иесі бөлімге жоба-сметалық құжатын өткізуі тиіс.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі су айдындары иелеріне бизнес жоспар, жоба-сметалық құжаттарын жасап, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына ұсыну арқылы мәселені шешуге болатынын жеткізді. Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКҚ арқылы бірлескен өндіріс құру арқылы 51/49 проценттік үлеспен белгіленген мерзімге дейін төмендетілген пайызбен қажетті несие ала алады. Жақсы жобалар болған жағдайда гранттарға ұсынуға жәрдемдесетінін сөз етті. Бір сөзбен айтқанда, қос бөлім арқылы да, жоба-сметалық құжатты (ЖСҚ/ПСД) әзірлеп, өткізуге болады. Бірінде субсидия алсаңыз, енді бірінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізесіз.
