» » Балық шаруасы қашан ширайды?

Балық шаруасы қашан ширайды?


Бүгінгі нарықта үлкен сұранысқа ие балық өнімнің бағасы да әзірге тұрақты. Тек соңғы бес жылда балықтың бағасы төрт түлік етінің құнына дейін шарықтады. Бұл өз кезегінде көлеңкелі кәсіптің керегесін кеңейтіп, балық шаруасының ширауына үлкен кедергі келтіріп жатыр дейді мамандар. Осыны ескерген мемлекет балық бизнесіне мән беріп, жеңілдік­терді қарастырып отыр. Жеңілдетілген пайызбен несие, грант және арнайы субсидия беруде. Сонда да бұл кәсіпке бейімделіп кете алмай келеміз. Бұл Сыр өзенінен бойлай қоныстанған біздің өңірге тікелей қатысты шаруа. Өйткені, көршілес Шымкент шаһары мен Түркістан облысының шаруалары барынша шағын кәсіпке дем бере бастады.
Қазақ «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дейді. Бұл мәтел дария бой­ын мекен еткен Сыр жұртына тікелей қатысты. Кешегі ашаршылық жылдарында ел аштықтан қырылып жатқанда өзен жағалап, өзек жалғағанның көрер жарығы сөнбегені белгілі. Бүгін де белгілі өңірлер балық шаруасын бүтіндей бір ауыл­дың тыныс-тіршілігін тіктеп, тұрмысына демеу болып келеді. Мәселен, Алматы облысындағы Қарой деген ауылдан осындай қам-қарекеттің үздік үлгісін көруге болады. Жалпы елімізде балық­ты арнайы өсірумен айналысатын 502 шаруашылық бар екен.

Балық кәсіпшілігі қолдаудан кенде емес

Біз жоғарыда балық шаруасына қолдау барын тілге тиек еттік. Осыны кеңінен тарқатайық. Үкіметтің балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы барын білеміз. Бүгінде балық шаруашылығы субъектілерін субсидиялауда балық ша­руашылығы мен жем-шөп өндірісіне салынған инвестициялардың 25 пайызын, азық сатып алу кезіндегі шығыстарды 30 пайыз, балық өсірудегі биологиялық негіздемені, балық өсіру материалы мен дәрілік препараттар және бағалы балық түрлерін көбейту, аналықтарын сатып алуға жұмсалған шығындарды 50 пайызға дейін өтеп беруге мүмкіндік бар.
Балық өсіруді кәсіп еткендерге Салық кодексіне сәйкес арнайы режім қолданылады, яғни салық 70 пайызға төмендетілді. Екіншіден, инвестиция салушыларға салық жеңілдіктері мен преференциялары бар арнайы эконо­микалық аймақта жер учаскелері беріледі. Бұл да үлкен демеу болатыны анық. Жалпы, балық шаруашылығын дамытуда қабылданып жатқан шаралар арқасында бизнес субъектілері арасында іскерлік артқан. Жыл сайын салаға деген инвестиция түсімі өсіп келеді.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары бөлімінің жау­апты маманы Асылбай Дәулетханұлы инфрақұрылымдарын дамытуға байла­нысты электр желілерін жүргізу және трансформатор орнату үшін жоба- сметалық құжаттарын жасап ұсынған жағдайда, облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім өткізіп, қолдау тапса қаржы қаралатындығын атап өтті. Яғни кез келген шаруашылық иесі бөлімге жоба-сметалық құжатын өткізуі тиіс.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі су айдындары иелеріне бизнес жоспар, жоба-сметалық құжаттарын жасап, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен да­мытудың мемлекеттік бағдарламасына ұсыну арқылы мәселені шешуге бола­тынын жеткізді. Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКҚ арқылы бірлескен өндіріс құру арқылы 51/49 проценттік үлеспен белгіленген мерзімге дейін төмендетілген пайызбен қажетті несие ала алады. Жақсы жобалар болған жағдайда гранттар­ға ұсынуға жәрдемдесетінін сөз етті. Бір сөзбен айтқанда, қос бөлім арқылы да, жоба-сметалық құжатты (ЖСҚ/ПСД) әзірлеп, өткізуге болады. Бірінде субси­дия алсаңыз, енді бірінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізесіз.

Аудандағы ахуал

Жаңақорған ауданында балық ша­руашылығымен айналысатын 23 су айдыны болса, соның 8-і тауарлы балық өсірумен, 15 кәсіпшілік балық аулау шаруашылығымен шұғылданады. «Ба­лық шаруашылығын дамыту-дың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама­сына» ауданымыздан 6 су айдыны, 1 тоған, 2 шарбақтық балық шаруашылығы енгізілген.
– 2022 жылы Жаманбала-Қамбаркөл және Қалғандария-1 көлдері тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының қата­рына қосылды. Келінтөбе ауылдық округіндегі «Ислам» тауарлы балық өсіру тоған шаруашылығы ұзындығы 100-120 метрді құрайтын 12 тоған құрылысын салып, тауарлы балық шабақтарын салған. Осы жылдан бастап межелі өнім алу жоспарлануда. Бұдан өзге Жаңақорған кенті, Жаңауыл елді мекенінен «Сарбасов Сейдахмет» ДК, Жаңарық ауылдық округінен «Перуза» ш/қ және «Ғафур» ДК, Төменарық ауылдық округінен «QYZYL BALYQ» ДК, Көктөбе ауылдық округінен «Мұратбек» ДК, Жайылма ауылдық окру-гінен «Томирис» ш/қ тоған ба­лық шаруашылығымен айналысуда, – деді ау­ыл­шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жасұлан Тұрапов.
Жауапты маманның сөзінше, биыл «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы теңгеріміндегі Жайылма ауылдық ок­ругінде орналасқан «Жиделі» су қой­масы және Жаманбай батыр ауылдық округіндегі «Бесарық» су қоймасында шарбақтық балық шаруашылығын құру жұмыстары жоспарлануда. Бұл да жақсы жаңалық.
Жаңақорғанда көлдерде балық өсірумен айналысып жүрген аға буынның ішінде Альберт есімді ағамыз бар. Ол әкеден қалған ізді жалғап келе жатқан жанның бірі. Бар арманы – аудандағы балық шаруашылығын дамыту. Табиғатына үңілсек, балықта адам ағзасына өте пайдалы дәрумендер көп. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, сұраныс көбіне сазан және амурдың ақмарқасы, мекіре сынды түрлеріне келіп түседі. Солардың ішінде ең пайдалысы мекіре балығы дейді ол. Өйткені етінде басқаларына қарағанда адам ағзасына пайдалы дәрумендер мен микроэлементтер кездеседі.
Балық шаруашылығы турасында мынаны білген жөн: күзгі орақ бітіп, егінді жинағаннан кейін жергілікті жердің адамдары күріш алқаптары мен оның маңына жақын орналасқан көл-тоғандарды маңайлап, қараусыз қалған балықтарға қармағын салады. Одан қалғаны аң мен құсқа жем болады. Егін науқаны аяқталған мезетте шабақтардың көбі далада қараусыз қалады. Балық уылдырығы егістік орнында өсіп, сол жердегіні қорек етіп, шабаққа айналады. Ал сол шабақтарды қалай пайдаға жаратуға болатынын ойлап көрдіңіз бе?
Күнделікті тіршілікте тұтынып жүрген майшабақ консервілері, балық паштеттері немесе қазір кез келген дүкеннен табылатын кептірілген майда балықтар біз әлгінде ғана атап өткен күріш алқабында күз келсе қырылып қалатын шабақтардан жасалған. Оның дүкендегі орташа бағасы – 500 теңге. Көзге түскен консервідегі балықтардың басым бөлігі Орал өңірінде дайындалса, қалтадағы кептірілген балықтар Алматы облысынан шығарылады екен.
Иә, айта берсек мәселе де көп, тетігін тапсақ бұл үлкен бизнес, сұранысқа ие сала. Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруі балық етінде болатын витаминді көп тұтынуға байланысты. Жас та, жасамыс та балық жей беру керек. Бағасы ірі қараның бір кило етінің пұлымен пара-пар болған балыққа көпшіліктің қолы жете бермейтіні де рас. Мұндайда балықты қолдан өсіріп, халыққа тиімді бағамен ұсынар кәсіпкердің көбейгенін тілейсің. Әрине, бабын тапса, бәсекелестік артса, бағасы да қалтаға салмақ салмас еді. Осы мәселені ерте қолға алса нұр үстіне нұр болар еді...

Әли ТЕМІРБЕК
10 қыркүйек 2024 ж. 531 0