Базардағы өрт қауіпсіздігі
Аудан орталығында сауда орындарының көбеюі қоғам қауіпсіздігін нығайта түсуді меңзейді. Сондықтан әр адам өзіне тиесілі аймақта, сауда-саттық кезінде қоғамның қауіпсіздік шарасын білгені абзал. Бір ғана нүктенің жауапсыздығы мен немқұрайлылығынан алып базар өртке орануы мүмкін. Күніне мыңнан астам халық келетін орталықтың қауіпсіздігі қырағы қамқорлықты талап етуде. Осыған байланысты аудан көлемінде «Қауіпсіз сауда» акциясы өткізілуде.
Жыл басынан бері сауда дүкендері мен ірі сауда орталықтарында сатушылармен сатып алушыларға ескертпе үн парақтар, брошюра таратып, халықпен еркін форматта жүздесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар мен полиция бөлімі мен Жаңақорған жастар ресурстық орталығының мамандары және еріктілері тартылды. Жаңақорған кентінде орналасқан «Нұр» және «Нұр Асыл» сауда орталықтары мен Кенттегі сауда дүкендерге өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде маңызды ақпар айтылды.
Сонымен қатар «Төтенше жағдайлардың алдын алу», «Өрт қауіпсіздігі» және «Судағы, мұздағы қауіпсіздік», «Улы газдан уланудың алдын алу», «Балалардың терезеден құлаудың алдын алу» тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындарға кез-келген төтенше жағдайдың куәгері болса 101 немесе 112 номерлеріне қоңырау шалуды және құтқару қызметі тәулік бойы ел тыныштығын күзетуге әрдайым дайын екендігін атап өтті.
Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі