ҚАҢТАРДАҒЫ ҚУАНЫШТЫ ЖАҢАЛЫҚ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына кезекті жұмыс сапарымен келді. Әуелі тіректі ауыл Төменарыққа атбасын бұрған аймақ басшысы ауылдықтар көптен күткен 15 орындық аурухананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Жиырма жылға жуық түйіні шешілмей келе жатқан сұрақтың жауабына куә болған Төменарықтық тұрғындарды айтулы күнге белгіленген қуанышымен құттықтаған Нұрлыбек Машбекұлы «Адамның баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту жолында мемлекет тарапынан атқарылған жұмыс ауқымды екенін, соның ішінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа арнаған Жолдауларында айтылғандай «Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан бәріне бірдей қолжетімді болуы керек» деген бағыты аясында іске асып жатқанын жеткізді. Тағы бір сүйінші жаңалығымен бөліскен аймақ басшысы амбулаториясы бар аурухана Республика бойынша бірінші болып Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында бастау алып жатқанын айтты.
Одан әрі осындай айтулы күнде облыс әкімінің алғыс хатымен ауылдың экономикасы мен дамуына үлес қосқан әр саланың мамандары марапатталды. Олардың қатарында ауыл ақсақалы Сапарбеков Жақсылық, дара кәсіпкер Кембілова Гулсара, «Романов атындағы #53мектептің» орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Виктор Ногай, «Алмалық» шаруақожалығының төрағасы Апирайл Ашрафов, Төменарық темір жолының қызметкері Рысбай Ғаниев, Төменарық ауылының тазалығына үлесін қосып жүрген белсенді ана Гулмира Абытаева, дара кәсіпкер Жаңыл Дәуренбекова және белсенді жас Мағжан Азиз бар.ҚҰРМЕТТІ ТӨМЕНАРЫҚ ТҰРҒЫНДАРЫ!
Мен де Сіздерді ауыл тарихының парақшасына жазылған қуанышты күндеріңізбен құттықтаймын. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы бүгінгі күннің басты ұстыны болса, болашақтың баянды болуына кепіл. Лайым еліміз аман жұртымыз тыныш болып, қуанышты күнде жүздесе берейік!
Лаура БИБАСАРОВА
Жаңақорған аудандық мәслихат депутаты