№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ата-әже институты әлсіз бе?

Ата-әже институты әлсіз бе?


«Ұяда не көрсең–ұшқанда соны ілесің». Мән-маңызы мәңгі жойылмайтын бұл мәтел өміршеңдігін көрсетуде. Тәлім-тәрбиенің түп-төркіні үлкендердің қолында екені айтпаса да айқын. Тақырып ауаны – ата-әже институтының жайы, түсінікті тілмен айтқанда «шал-кемпірдің баласының» бүгіні мен бұрнағы болмысын бағамдақпыз. Біссімілләсін батыр Бауыржан Момышұлының бәтуәлі сөзінен бастасақ.


«Біріншіден бесік жырын айтпайтын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деп батыр бабамыз бір ауыз сөзбен болашақтың ахуалын баяндап кеткен. Қос қолдап қосыламыз. Біз бұрынғысынан бастасақ. Ертеректе қырық жыл қырғын болса да қазақ ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие беруді ұмытпаған. Дұрысы ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ал, бүгінгінің баласы бесік жырының орнына хит әндерді тыңдайды. Яғни, даңғаза әуенге тербеліп, тыныштанады. Мойындау керек, балғынға адами болмыс пен асыл қасиет отбасында қалыптасады. Ал, сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші–ата-әже екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын ата-әжесінің тәрбиесіне беріп, «шалдың баласы» деп бауырына салатын біздің халық қана. Өмірден көргені мен түйгені мол қарияның қолында тәрбиеленген бала көпшіл, рухани дүниесі бай, намысты болып өседі. Ұл-қызға тән ибалылық пен имандылық та сол ортадан дариды. Бір сөзбен айтқанда, ата-әже институтының орны айрықша. Бір ғана әже тәрбиесін көріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіргендер қатарында ұлт зиялылары көп-ақ. Зередей зерделі әженің жыр-дастаны мен қиссасын тыңдап өскен бала Абай дана Абайға айналды. Айғанымдай аяулы апаның әлдиінен Шоқан шықты жарық жұлдыздай. Әрине, тізбектей берсек, таусылмайды. Осы орайда, неге қазіргі күннің ата-әжесі дара мен даналарды тәрбиелей алмай отыр деген орынды сауал туындайды.

Кентте бала күтуші жалдайтын отбасылар жетерлік. Негізі ата-әже бар бола тұра, көбі ақшаның буына мастанған, бөбектің жергөгін жууға да жиіркенеді-мыс. Одан да жалдамалы күтуші жалдап, тыныш телехикая көрген абзалырақ. Өкініштісі, қалада да, далада да немересін бесік жырымен әлдилеп, ертегімен елітіп отыратын әже аз. Көпке топырақ шашпай, күнделікті көріп жүргенімізді сипаттасақ. Ақ жаулығын үйде қалдырып, шашын сәндеген, ердің шалбарымен ортақтасып заман ағымына бейімделген әжелер бар қоғамда. Немесе үлкен немересіне «маған уацап ашып бер, қаладағы құрдастарыммен тілдесем» деп, жас буынға тәлім берудің орнына желіге кіріп, уақыт ұттырып жүргендер тағы бар.
Қазір он жеті, он сегіз жастағы қыздар келін атануда. Ал, оның енесі көп болса қырық-қырық бес жас шамасында. Яғни, жыл өте немерелі болғанда әже атанады. Алайда онысын сезіне қоймайды. Себебі, олардың түсінігіндегі әже алпыстан асып, жетпіске тақаған шақ. Осындай түсініктің кесірінен ата-әже институты «шәкіртсіз» қалуда. Әлеуметтік институт нарықтық заманның ағымына ілесе алмай, әлсіздік танытуда. Оның орнына батысшыл кейіптегі «аташка», «ажешка» қазақ әлемінен орын таппай адасып жүр.

Түйінсөз. Иә, қазақ халқында жеке адамның азамат болып қалыптасуында, қоғамның сүттей ұйып, берекелі ғұмыр кешуінде және сол қоғамның адами қағидаларды берік ұстана отырып дамуында қариялар мен ақ жаулықты әжелердің рөлі зор болған. Мақаламыздың басын батыр бабаның сөзімен бастадық. Ал, соңын Сыр елінің ишаны Қалжан ахунның айтқанымен аяқтасақ. «Қазақтың баласы еш уақытта адаспайды, егер ол екі медреседен сабақ алса. Яғни, біріншісі атасы, екіншісі әжесі. Осы екі медреседен тәлім-тәрбие алған бала хайырлы ұрпақ болары хақ» деген екен дін білгірі. Әрине, тереңінен түсінгенге мол тағылым жатыр. Ұлт боламыз десек, ұлттық әлеуметтік институттарды қайта жаңғыртқан игі.
Ардақты әз әже, артыңызға бір қараңызшы, түріктің таусылмайтын телехикаясы мен үндінің аңыраған актері алтын уақытты ұрлап жатқан жоқ па? Оның орнына бұрынғының аңыз-әңгімесі мен тартымды қиссаларын қиыстырып қарадомалақтардың тәлім-тәрбиесіне көңіл бөлсеңіз жемісін де көрер едіңіз-ау.

Мақпал МАРҚАБАЙ
29 қазан 2024 ж. 316 0