№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Әлемді алаңдатқан маймыл шешек мазаны алып тұр

Әлемді алаңдатқан маймыл шешек мазаны алып тұр


Қазір әлем елдерін маймыл шешек жұқпасы алаңдатып отыр. Өйткені соңғы уақытта аурудың таралуы жылдамдаған. Ол жайындаға ақпараттар күн санап артуда. Біз әлемді әбігерге салған осы жұқпа жайында тұрғындарға кеңінен мағлұмат беруді жөн көрдік.


ДДҰ мәлімет бойынша, биыл Конго Демократиялық Республикасында май­мыл шешек ауруының тағы бір өсуі байқалды. Осы жылдың басынан бері әлемде 500-ден астам адамның өмірін қиған маймыл шешектің 14 мыңнан аса жағдайы тіркелген. 2024 жылдың 14-тамызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршу­ін халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады.
Жалпы, маймыл шешегі – пок­сивирустар тобына жататын жұқпалы вирус. Оның алғашқы белгісі 1958 жылы маймылдардан табылған. Құ­рылымы жағынан адамның шешек вирусына ұқсас. Бұл вируспен ауыр­атындар негізінен Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарын­да жиі кездеседі. Көбінесе осы аймақтарда болған адамдар ауруды жұқтырып, басқа мемлекеттерге таратады. Бұл індетпен алғаш рет 1970 жылы адамдар ауыра бастаған. 1970 жылы Конго Демократиялық Республикасында (бұрынғы Заир), Экватория провинциясының Басанку­су қаласында ауырған. Заирде 1981-1986 жылдар аралығындағы ДДҰ бақылауы бойынша 338 науқас анықталып, 33 өлім тіркелген. 1996–1997 жылдары Заирде індет екінші рет анықталған. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары маймыл шешегі көрші аймақтарда белсенді тарала бастады. мәселен, 2017 жылы Нигерияда үлкен індет пайда болып, онда 200 расталған жағдай тіркеліп, 3% өлім жағдайы орын алған. Сонымен қоса, АҚШ-та 2003 жылы 70 адамда инфекция расталған. Одан кейін, 2018 жылдан бастап вирустың Израильге, Ұлыбританияға, Сингапурға және АҚШ-қа жеткізілуінің оқшауланған жағдайлары анықталды. Ал, 2022 жылдың көктемінде дамыған елдерде аурудың ең үлкен өршуі болып, мамыр айының басында ДДҰ Еуропа, Солтүстік Америка және Австра­лияның бірқатар елдерінен инфек­ция жағдайлары туралы хабарлар тарады. Аурудың белгілері көбінесе Ұлыбританияда, Испанияда және Португалияда анықталды. Араға 2 жыл салып ауру белгілер әлем елдерінде қайтадан көрініс бере бастады. Мәселен, өткен айдың 14-тамызында Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарны аурудың өршуіне байланысты денсаулық сақ­тау саласындағы төтенше жағдай жариялады. Өйткені, ДДҰ мәліметіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері әлем елдерінде 14 мыңнан аса жағдай тіркеліп, 500-ден аса адам осы індеттен көз жұмған. Ал, біздің елде аталмыш ауру бойынша ешқандай дерек тіркелмеген. Бүгінде осы инфекцияны ел аумағында таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті профилактикалық іс-шаралар қабылданды.
Санитариялық-карантиндік пунк­т­терде жұқтырған адамдардың мем­лекеттік шекара арқылы кіруінің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, аурудың алдын алу үшін сақтық шараларын сақтау маңызды. Мысалы, жабайы жануарларме, әсіре­се эндемиялық аймақтардағы кемір­гіштер мен приматтармен байланыспау керек. Сондай-ақ, науқас адамдармен байланыста болмау маңызды.
Осы ретте, біздің елге де аталмыш вирустың енбейтініне кепілдік жоқ. Өйткені, шетелден келетін қонақтар мен саяхаттап келген тұрғындармен вирус таралуы әбден мүмкін. Осыны ескерген денсаулық сақтау министрлігі де алдын алу шараларын қолға алуда. Бұл жайында аудандық орталық емхананың эпидемиолог-дәрігері Асхан Отарбековпен тілдескен едік.
– Маймыл шешегі – адамға инфекция жұқтырған жануарлардан берілетін жұқпалы вирус. Ол адамнан адамға да берілуі мүмкін. Ауру белгісі расталған адаммен бір ыдысты немесе төсек-жабдықты пайдаланғаннан жұғуы мүмкін. Сонымен қоса, жақыннан сөйлесу, тыныс алу, жөтелу немесе түшкіру арқылы, зақымданған тері арқылы жұғады. Аурудың белгілері тұмауға ұқсас. Адамның ыстығы көтеріліп, тамағы ауырып, бұлшықет ауырсынуы, жалпы әлсіздік, лимфа түйіндерінің ісінуі болады. Теріде бөртпелер мен көпіршіктер пайда болады. Зақымданулар бүкіл денеге, әсіресе көзге ауызға таралуы мүмкін, - дейді дәрігер.
Оның айтуынша, маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі әдетте 6 күннен 13 күнге дейін, кейде 5 күннен 21 күнге дейін өзгеруі мүмкін. Ауру иммунитеті төмен адамдар үшін аса қауіпті. Сондықтан қауіптің алдын алып, әр адам жеке басы гигиенасын қатаң қадағалап, адамдар көп шоғырланатын орындарға бармағаны абзал.
Айта кетейік, ауру жұқтырған адамда бас айналу, жүрек айну, құсу белгілері кездеседі. Аурудың кейінгі динамикасы шешек белгілеріне ұқсас, көбінесе жеңіл және орташа өтеді. Аурудың 3-4-ші күні алдымен бетте, сосын қолда бөртпе пайда болады, содан кейін денеге таралады. Бұл кезде науқастың жағдайы күрт нашарлайды, тахикардия пайда болады, тыныс алу жиілейді, қан қысымы төмендейді, содан кейін науқастың жағдайы бірте-бірте жақсарады. Аурудың жеңіл түрлері де байқалуы мүмкін, онда жалпы жағдай қалыпты болып қалады.
Ескеретіні, вирус қандай да бір жолмен мутацияға ұшыраған болуы мүмкін деген нұсқа бар. Бірақ әзірге бұл жаңа нұсқа екенін көрсететін дәлелдер жеткіліксіз. Маймыл шешегінің бұрынғыдан да тез таралуына табиғи шешек вакциналарының бұрынғыдай кеңінен қолданылмауынан да болуы мүмкін. Сондықтан, бүгінгідей қауіп күшейген уақытта әр адам саналы түрде өзінің және жақындарының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Иә, қандай түрі болмасын батпандап келген аурудың мысқылдап шығатыны рас. Сондықтан, қауіптің алдын алу мақсатында тұрғындарға ескерту жасап, өз денсаулығымызға аса ұқыптылықпен қарағанымыз абзал.

Айсұлу Алданазар
14 қыркүйек 2024 ж. 470 0