№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Несие: Күліп кіріп, жылатып кетпесін

Несие: Күліп кіріп, жылатып кетпесін


Біз өмір сүріп жатқан аласапыран заманда қарызсыз өмір сүру әсте мүмкін емес. Қарызды алғанда жүрегіміз жарылардай қуансақ та, қайтарар кезде қиналатынымыз жасырын емес. Сауаттысы бар, сауатсызы бар, қысылып-қымтырылғаны мен кәсібін дөңгелеткісі келгені бар, бір сөзбен айтқанда, әрбір қазақстандық банк пен қаржы ұйымдарына белшеден қарыз. Еліміздегі банктер мен қаржы ұйымдарының барлығы дерлік жаппай халыққа үлкен пайызбен несие беру арқылы мол пайдаға кенелудің жолын жақсы игеріп алған тәрізді.


Иә, біздегі банктердің несие пайы­зы өте жоғары. Соның салдарынан адамдарға несиесін уақытында төлеу қиын. Қарыз адамға қарызын өтеуге жағдай жасалуы керек. Ал бізде қалай? Банкте қарызы бар адам тұрақты жалақысы бар жұмысқа тұрайын десе, несиенің өтеуі ретінде жалақы карточкасын бұғаттап тастайды. Сосын борышкер амалсыз екінші несие алуға мәжбүр немесе қара жұмысқа жегіледі. Шетелге шығып, алаңсыз жұмыс істегісі келсе де бара алмайды. Өйткені борышкердің шетелге шығуына сот орындаушысы тарапынан тыйым салынады.
Мемлекет басшысының «Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын», – деген сөзі көпшіліктің көңілінде бәрі­нен бұрын несие кешірілер ме екен де­ген үмітті оятқандай. Міне, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап несие төңірегінде біршама өзгерістер болып, жаңа заң бекітілмек.
Яғни, ендігі кезекте несие саясатына бақылау күшейді. Құқықтық қадағалау, қаржылық қағидалар өзгеріп, халықтың несие жүктемесін азайтуға бағыттал­ған бастамаларды көріп жүрміз. Биыл да өзгеріс жалғасын тауып, алғашқы қадамды Президенттің өзі жасады. Анығы, 19 маусымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
Енді несие алу үшін жұбайыңның келісімі керек. ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының келісімін және банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін алу қағидаларын бекітті.
Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген 100 АЕК көлемінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) банктік қарыз немесе микрокре­дит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыз­дың немесе микрокредиттің (қайта қаржыландырылуға тиіс қарыздарды қоспағанда) ең төменгі мөлшері бе­кітіледі. Жеке тұлғаға несие берілгенге дейін несие алушы уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы тұтынушыны тіркелген некесінің бар-жоғы туралы ақпаратты тексереді не несие бюросынан ақпараттық жүйеде бар ақпаратты ала алады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта тұрғындар заңсыз алған несиені төлемейді. Биыл 1 қыркүйектен бастап ерікті түрде несие алудан бас тартқан қазақстандықтар өз атына заңсыз рәсімделген несиені төлемейді. Банктер мұндай қарыздарды есептен шығаруға міндеттеледі.
Қазақстанда несиеден өз еркімен бас тарту құқығы 2024 жылы ақпанда енгізілді. Азаматтар электронды үкімет порталы арқылы өз атымнан несие алмаймын деп шектеу қоя алады. Қазіргі таңда 461 мың адам несие алудан ерікті түрде бас тартқан. Енді осы құқығын пайдаланған азаматтарды қорғайтын норма күшіне енеді. Яғни банктер несиеден бас тартқан азаматтардың атына заңсыз рәсімделген несиелер бойынша берешекті есептен шығаруға міндеттеледі. «Заңмен 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кредиторлар үшін азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу кезеңінде заңсыз рәсімделген кредиттері бойын­ша борышты есептен шығару мінде­ті енгізіледі», – деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Сонымен қатар, қыркүйектің бірінен бастап банктер заңсыз ресімделген барлық несиелерді есептен шығаруға міндетті. Енді жаңа несиелерден ерікті түрде бас тартқан азаматтар да осы санатқа ілігеді. Әр қазақстандық жаңадан несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш бере алады. Егер өтініш қабылданса, ешбір банк немесе микроқаржы ұйымы оған жаңа несие бере алмайды. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңына енгізілген түзетулерге сәйкес, егер кредитор тыйым салынған кезде несие берсе, ол азаматтан оны төлеуді талап етуге құқығы жоқ. Заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енді. Сонымен қатар банк қателікті анықтағаннан кейін үш күн ішінде несиені есептен шығаруы керек. Бұдан кейін олар қарызды өндіре алмайды, талап-арыз жаза алмайды. Әрі заңсыз несие туралы ақпаратты алып тастап, клиенттің несие тарихын түзетуі қажет. Заң бойынша банктер екі санаттағы азаматтардың несиелерін есептен шығаруға міндетті: Несиелерден ерікті түрде бас тартқан тұлғалар,
2024 жылы 1 000 АЕК немесе 3 692 000 теңгеден асатын несие рәсімдеуге жұбайының келісімі болмаған тұлғалар.
Басқа несиені жабу үшін несие алғандар ерікті түрде бас тарта алмайды. Сонымен қатар 2024 жылы 75 АЕК аспайтын лимиттегі кредиттік карталар да солай. Бұған дейін Қазақстанда банктерге алаяқтық жолмен алынған несиелерді есептен шығару міндеттелген. Норма 20 тамыздан бастап күшіне енген.
2024 жылғы 20 тамыздан бастап биометриялық идентификациядан өт­пеген клиентке электронды банк кредиті мен онлайн микрокредит беруге тыйым салынды. Бұған қоса кредиторлар алаяқтар алған кредиттер бойынша тергеу жүргізіліп жатқан уақытта сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұруға міндетті болады.
Бұл қарапайым халыққа өте тиімді заң жобасы екені даусыз. Әйтпесе, еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 9,2 миллион адамның 7,2 миллионында, яғни 77 пайызында несие бар. Несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,8 миллион адам – қарызын уақтылы төлей алмаса, 1,3 миллион азамат несие төлемдерін 90 күнге кешіктірген. 1,1 миллион адам 180 күн бойы несиесін төлемеген. 886,8 мың борышкер бір жыл немесе одан көп уақыт бойы банктен бой тасалап, қарызын төлеуден жалтарып жүр. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары несиені есепсіз беріп, қарапайым халықтың несібесінен айырды десек қателесеспіз. Керек десеңіз, бір адамның басында бір емес, бірнеше несиеден бар қордаланған көп қарыздан басы қатып, өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының да жиі қылаң беруі алаңдатарлық жай.
Қаржылай несие өз алдына, ұялы телефоннан бастап тұрмыстық техниканың барлық түрі, үй жиһаздары да несиеге рәсімделуде. Оны да тегін бергендей алып, банк алдындағы берешегін төлей алмай, дүние-мүл­кінен айрылып жатқандар қаншама. Байқағанымыздай, бізде халықтың қаржылық сауаты төмен екені аңға­рылады. Осыны банктер уақытында пайдаланып, ашықтан-ашық алдауға көшкен. Соның біссіміласы, несие рәсімдеген клиеттің қолына ұзын-сонар келісімшарт қағазын ұстатып, қол қойдырта салады. Бая-аяғы 7-8 беттен тұратын келісім-шартты оқығанның өзінде түсінетіндер аз. Оған ешкім қарамайды да, оқымайды да, қол қоя салады. Бір ғана мысал келтірейікші, келісімшарт ішінде «аннуитет» деген бар. Оған несие алғандар ай сайын 100 мың теңге төлесе, соның үш пайызы, яғни 3 мың теңгесі ғана негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы – банктің пайдасына шешіледі. Одан бөлек, ал­ған несиеңізді жапқанша сақтандыру компаниясына төлейтініңіз бар. Несиені жауып біткенде, ол ақшаны қайтарып алуыңызға болады. Бірақ, көпшілігі оны білмейді. Осы тұста, оқырмандарға айтарымыз, егер несие алған болсаңыз, несиені уақытынан бұрын толық жапқан жағдайда сақтандыру компаниясына өтініш жазып, ақшаңызды кері қайтарып алуыңызға болады.
Енді қарапайым халыққа жақсы жаңалық. Сізді коллектор мазаламайды. Банкке берешегі бардың «жауына» айналған қызметкер-коллектор.
Орынсыз мазалап, қарызды қай­таруды талап ететін маманнан мезі болғандар қаншама. Тіпті, жаңа жыртысып, арты қылмыстық оқиғаға ұласқан жайттар көбейді. Сондықтан жаңа заңның жәрдемі бұл тақырыпқа да тиген тәрізді. Олай дейтініміз, шілдеден бастап мораторий енгізді. Енді 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. Ал мораторий аяқталған соң, яғни 2026 жылдың мамырынан бастап жеке тұлғалардың берешектерін коллекторлық агенттіктерге сату шарттары қатаңдатылады.

Заңдағы бұл өзгерісті бірнеше жылдық тәжірбиесі бар заңгер Дәулет Тұрабаевтан сұраған болатынбыз. Маманның айтуынша, коллекторлық компанияға мороторий жариялануы мәселені толық шешпейді. Коллекторлар қарызды қайтарудың балама жолын табуы мүмкін екен. «Коллекторлар проблемалық кредиттерді сатып алмай-ақ өндіріп алуды жалғастыра алады. Кредиттер осы кезең ішінде проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеуге жауапты банктер мен микроқаржы ұйымдарында қалады. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап, коллекторларға, егер мерзімі өткен берешек уақыты екі жылдан асқан жағдайда ғана азаматтардың кредиттері берілетін болады. Егер адам кредит үшін төлем бойынша 90 күннен астам төлем мерзімін өткізіп алса, онда мұндай кредит бойынша банктер мен МҚҰ екі жыл ішінде коллекторлық агенттіктерге беруге, сатуға құқығы болмайды. Алайда ескеретін жайт, бұл 2 жыл несие қарызын бермеуге болады деген сөз бар. Ол қате ұғым деп ойлаймын. Заңдық тұрғыда қарызды қайтарудың жолы көп. Сондықтан жауапкершіліктен қашу орынсыз», – дейді заңгер.

Сондай-ақ, егер банк және мик­роқаржы омбудсмендері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкердің шағымын қарап жатса, сол мерзім ішінде ол адамның кепілге қойған жылжымайтын мүлкін тартып алуға тыйым салынады. Тек шағым қарау аяқталған соң алуына құқы­лы. Сарапшылар сөзінше, мораторий проблемалық берешек деңгейін және проблемалық қарыз алушылар санын азайтуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың алғашқы жарты жыл­дығының қорытындысы бойынша, ел халқының банктер алдындағы кредиттiк қарызы 1 700 000 000 000 (триллион жетi жүз миллиард) теңгеге шықты. Бiр жылдың iшiнде төленбеген кредиттердiң құны 257 миллиард теңгеге артып, 4 триллион теңгеге жеткен. Берiлген кредиттер бiр жылда 15 пайызға, төлем уақыты созылып кеткен несиелер 22 пайызға артқан.
Осы ретте «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң мақұлданып, борышы бар азаматтар өткен жылдың 3 наурызынан банкроттыққа өтініш бере бастады.
Заңнаманың басты мақсаты − азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, өнімді экономикалық қызмет­ті қайтару, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және борыштар бойынша төлемдерді ынталандыру. Бұл бір жағынан алдағы уақытта несиесі бар халықтың санын азайтуы мүмкін.
Осы реттік, банкрот деп танылу жолдарына тоқтала кетейік, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңнамада банкроттықтың үш рәсімі қарастырылған, бұл − соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соттан тыс банкроттық − екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар немесе коллекторлық агенттіктер алдындағы міндеттемелерді тоқтату мақсатында борышкерге қатысты соттан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын рәсім.
Бұған өтініш беру үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтініш берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен (5,5 млн теңге) аспайтын міндеттемелер болуы керек. Сондай-ақ адамның атында ешқандай мүлік тіркелмегені әрі 12 ай бойы несие төленбеген болуы қажет. Оған қоса борышкерге қатысты банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу бойынша рәсімдер жүргізілген болуы тиіс.
− Жалпы соттан тыс банкроттыққа өтінішті 5 жылдан астам берешегін өтемеген қарыз алушы − жеке тұлғалар да жүгіне алады. Бұл ретте аталған шарттар мұндай борышкерге қолданылмайды. Сондай-ақ алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы болып табылатын борышкер осы рәсімді қолдану үшін өтіп кеткен мерзімді есепке алмай өтініш бере алады. Рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі. Тағы бір ескере кететін жайт, банкрот деп танылу үшін борышкердің қарызы барлық банктер мен займдарда 12 ай бойына төленбеген болуы тиіс әрі соңғы 12 айда айлықтан не картадан ақша алынбауы керек. Сондай-ақ атында ешқандай мүлік болмауы қажет. Қазір әлеуметтік желілерде 1-2 ай төленбесе де болады деп жарнама жасап жүрген алаяқ көп.
Ал сот банкроттығы − борышкердің мүліктік массасы есебінен креди­торлардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында борышкерге қатысты сот тәртібімен жүзеге асырычлатын рәсім. Бұл ретте борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады. Осы рәсімде де борышкердің қарызы 5,5 млн теңгеден жоғары болуы тиіс.
Аудандағы қаржы саласының ардагері Жамур Мүсілімнің өз айтары бар:

– Көпшілігіміз отбасылық бюджетті жүргізбейміз. Ақша келеді, кетеді. Есепсіз жаратудың әсерінен артық қаражат жинауға тырыспаймыз. Соның салдарынан банктерге жем болып, берекеміз қашып жүр. Қолда бар қаражатты көбейтудің жолдарын қарастырмаймыз. Қаржы саласының маманы ретінде айтайын, жалақыны алған күннен бастап кіріс-шығысты басқару, жинау, қосымша табыс табуға тырысу, білімді көтеріп, сол арқылы табысты жұмысқа орналасу, артық ақшаны кәсіпке салу, бір күнде пайда болатын дүние емес. Мұның бәрі жылдар бойы қалыптасады. Адам тіршілік барысында қаржысыз, экономикалық үрдістерсіз өмір сүре алмайды. Қалай дегенмен де осы мәселелерге кезігеді, жолығады. Дәл осындай сәттері тиімді шешімдер қабылдамаса, отбасылық бюджетке кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Оған қарапайым мысал, қазіргі кезде көп адамда несие бар. Несиені ақылмен алмағандар, үлкен пайыздары бар қарыздардың шырмауында қалып жатады. Нәтижесінде кепілдікке қойылған баспанасына дейін иелігінен кетіп, сан соғып жататын жағдайлар көп. Сол себепті әр адам отбасы бюджетін саналы басқарғаны жөн. Мүмкіндік болса, несиені алмаған жөн. Өйткені біздегі банктердің үстеме ақысы өте көп, – дейді қаржы саласының ардагері.

Күліп келетін қарыздың жылатып қайтатыны енді түсінікті болар.
Ха­лықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, несие пайыздарымен дұрыс жұмыс істеуді үйрету бағытында елімізде жаңа заң жүйелі жұмысты жүйелендіреді деп сенеміз. Мойындау керек, жаңа заңда қолдаудың бары анық. Алайда, халықтың қарыз қамытынан босауы тек мемлекеттің қолында емес, азаматтардың қаржылық сауаты мен ұзақмерзімді жоспарына тәуелді еке­нін түсінсек игі. Ғұламалар «Қарыздан абай болыңдар, оның басы уайым, аяғы жанжал» деп ескертеді. Қарыз есігін ашқан адамға кедейліктің есігі қоса ашылғандай. Құрандағы ең ұзын аяттардың бірі қарыз мәселесін ақтарады. Қарыз алудың қиындығы сонша болса, қарыз берудің де сауабы сонша. Хадисте қарыз беру садақадан артық делінеді. Себебі, садақа алушы сол дүниеге мұқтаж болмауы да мүмкін. Ал, қарыз сұраушы нақты мұқтаж адам.
Міне, сол қажеттілікті пайызсыз, өсімсіз өтеген адамға Алла Тағала мол сауап жазады екен. Қарыз күндіз қайғы, түнде ұйқысыздық. Сондықтан, шама келгенше қарызсыз өмір кешу, барға қанағат ету, адал еңбектеніп, тер төгу берекелі бақыттың тыныш даңғыл жолы екенін естен шығармайық ағайын.

Әсел РЗАЕВА

10 қыркүйек 2024 ж. 515 0