№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ата Заң – ел дамуының арқауы

Ата Заң – ел дамуының арқауы


Елде дәстүрлі түрде әр жыл сайын 30 тамызда Конституция күні атап өтіледі. Бұл мереке – өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын сәт. Өйткені Ата Заңмен адамның құқы мен бостандығы бекітіледі. Бұл – қоғам мен мемлекеттің негізгі тірегі. Біз мереке қарсаңында Ата Заңның артықшылықтары мен маңыздылығы жайында аудандық сот төрағасы Айдос Кәрібайұлымен әңгімелескен едік.


– Егемен еліміздің қалыпта­су жолында негізгі іргетасына айналған Ата Заңы жайында өз ойыңызды ортаға салсаңыз.
– Конституция – ел тұрғын­да­рының құқықтары мен міндет­терін, мемлекеттің мәртебесін анық­тайтын, оның тәуелсіздігін рас­тайтын бірден-бір заң. Әдетте, Конституцияда мына мәселелер бекітіледі: мемлекеттік және қоғам­дық құрылыс, адамның немесе азаматтың құқықтық мәртебесі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі. Бұлар қоғам үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан, Конституцияны мемлекеттің негізгі Заңы деп атайды. Мәніне, реттей­тін мәселелердің маңызына қарай ол құқықтық жүйеде шешуші рөл атқарады. Конституция тәуелсіздікке дейінгі кезеңде де болды. Бірақ, Конституцияда орын алған көптеген қағидаттар мен мәселелер бүгінгі таңда заманның ағымына қарай толықтырылып, өзгертілген. Жаңа заңдар қабылданған.
– Өзіңіз айтқандай, бүгінге дейін Ата Заңға өзгерістер енді. Алды­мен 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР Конституциясына тоқтала кетсеңіз...
– Тарихқа сүйенсек, қазақ жерінде 1924 жылы тұңғыш рет Конституция қабылданған. Одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жыл­дары қабылданды. Оған дейін қазақ қоғамында конституциялық идея­лар «Қасым ханның – қасқа жолы, Есім ханның – ескі жолы», Тәуке хан­ның «Жеті Жарғысында» өз көріні­сін тапты. Ал қазіргі қолданылып жүрген Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референ­дум арқылы қабылданған. Оған дейін, яғни Қазақстан тәуелсіз­дік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция ескі әрі кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, жаңа қоғам өмі­рінің талабына жауап бере алма­ды. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асы­ру қағидалары, мемлекеттік өкі­мет билігін жүзеге асыру нысан­дары, басқару саласындағы демо­кратиялық институттардың қызме­ті жете көрсетілмеген еді. Осы­ған байланысты 1995 жылы жаңа Кон­ституция қабылданды. Жаңа Кон­ституцияның ерекшелігі, заң шы­ға­рушы, атқарушы сот билігін бел­гілеп, олардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлі­гін заң тұрғысынан айқындап бер­ді. Сонымен қоса, өкімет билігі­нің аталған тармақтарға бөлінуі – мем­лекеттік лауазымды адамдар­дың, азаматтардың конституциялық құ­­қықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді. Және бұл заң­да құқық пен жауапкершілік ұғым­дары пара-пар көрсетілген. Сондай-ақ, бұрынғы Конституцияда шеші­­­мін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі, Конституциялық Кеңестің өкілеттілігі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапқан.
– 2022 жылдың 5-маусымын­да өткен республикалық рефе­рен­думында жаңарған Ата Заң респуб­ликаның бүкіл саяси жүйесін қайта жүктеу поцесін іске қосты. Оны халық жалпыұлттық референдум­да қабылдағаны белгілі. Соның аясында ескі жүйеде қабыл­данған Конституцияның 33 бабына жаңа заман талабына сәйкес келетін түзетулер енгі­зілді. Осыған тоқ­талсаңыз?
– Расында, мемлекет тарихында орын алған маңызды оқиғалар конституциялық реформалардан бас­тау алады. Конституциялық рефор­ма мен соның аясында жаңарған Ата Заң, сондай-ақ қолға алынған саяси жаңғыру іс-шара­лары тарихи бетбұрыстарға жол ашты. Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жаңа мемлекеттік моделді, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы­ның жаңа форматын құру бастал­ды. Конституцияны өзгерту арқылы мемлекет басқару үлгісі – мықты Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшті. «Мықты Парламент» қағидаты ая­сында депутаттық корпусқа ай­тар­лықтай құқық пен құзырет бе­рілді. Жаңарған Конституцияның 42-бабының 5-тармағында: «Бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана ал­майды» деп қысқа-нұсқа жазылды. Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салды. Ол қоғам тарапынан да қызу қолдау тапты. Міне, жаңарған Конституцияның осындай артықшылықтары көп.
Біздің Ата Заңның өзге өр­­ке­ниет­ті елдердікінен қандай а­й­ыр­машы­лығы бар?
– Біздің Конституция жалпы құндылықтарды анықтап, бекіте­ді. Өркениетті елдердің барлығы осы ұстанымды бекіткен. Қарапай­ым тілмен айтқанда, адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау тұрғысынан жеткеннің барлығы осы құжатта бекітілген. Осы қағидаттарға байланысты, қал­ған барлық заңнамалық актілер Конституцияға сәйкес келтіріледі. Егер біздің негізгі құжатымызды өзге мемлекеттер мен елдердің Конституциясымен салыстырсақ, он­да негізінен аз ғана айырмашылық бар. Ең басты ерекшелік – бұл көп жағдайда мемлекет адамдарға негіз­гі бағыт бойынша қамқорлық жа­сай­ды. Бүкілхалықтық референдум­да қабылданған осы Негізгі Заң шын мәнінде қоғамдық келісімге айналды. Нәтижесінде, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналды. Ал, ел азаматтары Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға міндетті. Заң барлығына ортақ.
– Ата Заңда құқық қорғау саласына, оның ішінде сот саласына қандай міндеттер жүктеген?
– Конституция – құқық қорғау ор­ган­дарына, сот саласына заң та­лап­тарын жақсы білуді, елдегі қылмыс санының азаюына өзіндік тың үлестер қосып, тек әділдік пен шындықты қолдауды міндеттейді. Сондықтан, біз кез келген істі заңның шеңберінде қарастырамыз. Соны­мен қатар, Конституция жеке тұлға мен қоғамның құқықтарын қамтама­сыз етеді. Бастысы, қандай жағ­дай болмасын әділдіктің туын жық­пай, заңнан аттап кетпеу маңызды. Қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдар­дың және мемлекеттік органдардың республика Конституциясына де­ген құрметін арттыру. Егер біз осы міндетті бұлжытпай орындасақ, бо­лашаққа даңғыл жол саларымыз анық.
– Конституция күніне орай мерекелік лебізіңізді білдір­сеңіз...
– Аудан тұрғындарын халқымыз үшін маңызы зор мереке – Конститу­ция күнімен құттықтаймын. Бүкіл жарқын жұмыстарымыздың бас­тау­ына айналған Конституция күнінде тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз­­­ды, тыныштығымыз бен бейбітшілігі­мізді көздің қарашығындай сақтау­ға шақыра отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бере­ке, мемлекетіміздің дамуы жолын­дағы қажырлы еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Елімізде тек бейбіт заман болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Айсұлу Алданазар
30 тамыз 2024 ж. 590 0