№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Күшік асырап ит еттім, балтырымды қанатты

Күшік асырап ит еттім, балтырымды қанатты


Халқымызда тазыны жеті қазынаның біріне теңеп, айнымас дос тұтып жатамыз. Дегенмен бұл сеніміміз ақтала бермейді. Күні кеше көрші үйдің иті күнде көріп жүрген баланы қауып алды. Енді оның тексеру қорытындысы келгенше 5-6 жасар балақанға дәрі егуге тура келеді. Обалы кімге? Жүгенсіз жүрген үй жануарларына қашан тосқауыл қойылады?

Осыдан қарап түйетініміз, қанша жерден адамның досына баласақ та, қорқаудың зиянынан сақтануға тура келеді. Ит қапқаннан жарымжан болып қалған жандар да жоқ емес. Ең сорақысы, құтырма ауруы жұқса не болмақ?
Осы орайда денсаулық сақтау саласының ардагері Жұмабек Сейт­мұратов ағамыз 80-жылдары болған мына оқиғаны айтып берген еді:
– Ол кездері кенттің шетінде әскери қалашық болатын. Солдаттар аудандағы құрылыс нысандарында жұмыс істеді. Отбасымен келген жас офицер ауырып қалған қызын алып бізге келді. Өкініштісі, өткізіп алған. Құтырма қайдан жұғуы мүмкін? Оншақты күн бұрын шеткі үйге тау жақтан адасып түлкі келгенін білдік. Қыз оны құшақтап, ойнаған екен. Содан жабайы жануардың сілекейі арқылы балаға құтырма ауруы жұққан. Ата-анасы олай ойламаған. Кейін қызының қызуы көтеріліп, мазасы қашқанда бір-ақ ауруханаға әкелген. Ол кезде бәрі кеш еді. Бала жанына араша түсу үшін жанталастық. Алайда, баланы аман алып қала алмадық. Балдырғанның қатты қиналғаны, қысқа ғана уақытта қызының киімін ғана құшақтап жылап қалған жас әкенің зарын ұмытпаймын. Жабайы жануар болсын, үй жануары болсын мейілінше сақ болу керек. Әсіресе, ит қапқанда дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінген абзал, – дейді ардагер дәрігер.
Көше торыған төбеттер баланың ғана емес, ересектердің де өміріне қауіп төндіріп тұр. Олардың арасында құтырған иттің кездесуі әбден мүмкін. Қайсысы қандай індетті арқалап жүргені белгісіз. Топталып жүрген иттің маңынан өту қиын. Кейде топ иттің маңайынан өтуге қорқып, діттеген жерімізге бара алмай жолдан қайтып жатамыз. Бетімен кеткен үй жа­нуарларын қайтсек тұсаулаймыз? Олардан құтылудың жолы бар ма? Бұл жөнінде аудандық ветерина­рия бөлімінің басшысы Марат Қазыбаевпен сөйлестік:
– Қазіргі таңда аудан бойынша ит-мысықтарға құтыру, эхинококкоз аурурларына қарсы жоспарға сәйкес екпе салынады. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап 35 ит тістеу жағдайы орын алды. Жалпы, аудан бойынша 1325 ит тіркелген. Осы тұста айта кетейін, 2021 жылдың 30 желтоқсанында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заң­ына қол қойылып күшіне енді. Аталған заң талаптарына сәйкес қаңғыбас жануарларды аулау жү­зеге асырылмайтыны көрсетілген. Сол себепті де қаңбығас иттерді жаппай құрықтау мүмкін емес. Біз тек тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Осы ар­қылы қауіп-қатердің алдын алуға тырысамыз. Осы орайда тұрғындар жауакершілік танытып, үйінде ит немесе мысық немесе басқа да үй жануарын асыраса, ерікті түрде қадағалауындағы жануарларды вакцинациялауға әкелетін бол­са көп қатердің алдын алар едік. Үйінде тұрған иттің қандайда бір індетті жұқтырмайтынына ешкім кепілдік бермейді. Қолда байлаулы тұрған ит те құтыру ауруын жұқтыру мүмкін. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін, қоғам болып күресуіміз керек, – дейді сала басшысы.
Марат Қасымұлының айтуынша, кезбе иттердің адамдарға шабуыл жасау себебі – көбіне олардың шағылысатын кезіне тән. Осы кезеңде хайуан өзінің қалыпты күйінен ауытқып, оқыс жағдайлар орын алуы әбден мүмкін. Сонымен қатар көктемге қарай иттердің балалайтын уақытында оқыс оқиғалар саны артады. Сондай-ақ күшігін қызықтауға әуес ойын баласынан күшіктерін қызғанып та тістеп алуы мүмкін. Тағы бір себебі, көпшілік иттің иесі жоқ. Олар кез келген жерде, құрылыс маңында, көлеңкелеп жатады. Сондай жерлерде адамдар иттерді байқамай қалып, тістеп алатын оқиғалар орын алып жатады.
Бұл мәселе жөнінде аудандық орталық емхананың травматоло­гы Бағдат Бодықовтың айтуынша, аптасына кемі 5-6 адам ит қапқаннан зардап шегетінін жасырмады. Тіпті кейде аптасына оннан аса адам қабаған иттің шабуылына ұшырап дәрігер қарауына жүгінеді екен.
– Жыл басынан бері 118 адамды ит тістеген. Олардың барлығына қажетті ем-шара жасалды, арнайы вакцина да салынды. Ал ветеринар мамандар тістеген итті он күнге қамаққа алып, жан-жақты зерттейді. Егер иттің жағдайы дұрыс болса, бізге саулығы жөнінде анықтама береді. Осы уақытқа дейін құтыр­ған иттер болған емес. Көбінесе, көршісінің иті немесе қонаққа бар­ғанда сол үйдің иті тістеп жатады. Дегенмен де, қаңғыбас ит тістеді деп келетіндер де көптеп кездеседі, – дейді дәрігер.
Біз келтірген мысалдар тіркел­гені ғана, елеусіз қалып жатқан жағдайлар қанша екенін білмейміз. Тіпті өзі қолында асырап отырған арлан төбеті құтырынып иесіне шауып мінез көрсетті дегенді де аз кездестірмейміз. Демек, Абайдың «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген өлең жолдарының астарында осындай шындық бар. Бәлкім, ақын итті мысалға алып, адамды айтқан болар. Қайсысынан болмасын келер қауіптің жарасы жеңіл болмайды...

Айсұлу Алданазар
20 тамыз 2024 ж. 517 0