» » Аптап ыстық әбігерге салмасын

Аптап ыстық әбігерге салмасын


Жаймашуақ жаздың алғашқы айы да аяқталуға жақын. Биылғы жаз маусымы қай-қайсымызды да кәдімгідей әбіржітіп тастады. Ми қайнататындай ыстық. Көлеңке іздеп, су жағалап жүрген адамдардың қарасы қалың. Өңірімізде ауаның температурасы күндіз 40 градустан түспей тұр. Жаздың аптап ыстығы денсаулығы дімкәс жандарды былай қойғанда аяқ-қолы балғадай, сау-саламат, атпалдай азаматтардың өзіне ауыр тиіп, біраз сансыратып тастағаны рас. Ауа райының қалыптан тыс қысымы денсаулығында кінәраты барларды қиын жағдайға душар етуде.


Иа, ауданымызда шіліңгір ыстықта жедел жәрдем шақырғандар саны күрт артқан екен. Жаңақорған аудан­дық жедел жәрдем бөлімінің қызмет­кері Шорабек Айтекеев күн ысығалы жедел жәрдем шақырушылар көбей­генін айтады. Олардың арасында ин­фекциялық, жүрек-қан қысымы ауру­лары, күн өткені туралы шағым айтып, дәрігер көмегіне жүгінгендер бар.
– Ыстыққа байланысты ауырған­дардың дені төрт жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан қариялар екен. Көбіне жас балаларда іш өту, құсу, әлсіздік жиі байқалуда. Ал, егде жастағы науқастардың қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы жиілеп, дене қызуы көтерілгендері көптеп кездесіп жатыр. Сондықтан ыстықтың беті қайтқанша денсаулығында шағымы бар жандар өз-өздерін бақылауда ұстап, денсаулықтарына мұқият қарағандары абзал, – дейді ол.
Мамандардың сөзінше, аномальды ыстық ауа райы жүрек қан тамырымен ауыратын адамдарды да біраз әбігерге салды. Олардың біразы ауруханаға түсіп жатса, енді кейбірі күннен қор­ғану тәсілдерін барынша пайдалану­да. Осы орайда Жаңақорған аудан­дық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Әсел Сейіловамен тілдескенімізде:
– Мусым айы басталғалы бізге түсіп жатқан науқастар аз емес. Күніне 15-16 науқас келуде. Жаз мезгілі болғандықтан тамақтан улану жағдайлары көбейіп жатыр. Әсіресе бүлдіршіндер арасында көп. Ата-аналар баланың аузына салған әрбір тамағын жіті қадағалау керек. Кейде бір жасқа жетпеген балаға фаст-фуд немесе қауын, қарбыз беріп жатады. Дәл қазіргі уақытта жеміс-жидектің басым көпшілігі дәрі-дәрмекпен піскен. Ата-аналар балаға беріп жатқан тағам­ды таңдап, талғап берген жөн. Өйтке­ні, күннің ыстығында сырттан алған тағамдар аса қауіпті. Кейбір аналар бір жасқа толмаған баласына қарбыз беріп едім дейді. Дәл қазіргі уақытта қауын, қарбыздың бәрі дәрімен піскен ғой. Қазір жеуге болмайды. Тек, тамыз айында яғни нағыз піскен уақытында беруге болады. Ал, жасы үлкендер арасында көбіне артериальдық қан қысымының жоғарылап кетуі мен жүрек талмасы әсерінен және кене шағу фактісімен тіркеліп жатыр, – дейді білікті маман.
– Біз өз кезегінде жедел ішек ауруларынан сақтану жолдары туралы сұрадық.
– Мейлінше жеке бас гигиенасын қатаң ұстануы тиіс. Өйткені, аурудың көзі адам болып табылады. Оған қоса, арудың қоздырғышын тасымалдайтын да – адам. Сондықтан әрбір қарапай­ым дүниеге қырағылық танытқан абзал. Мәселен, дәретханаға барғаннан кейін, даладан үйге келгеннен кейін қолды сабындап тазалап жуу керек. Көкөністер мен жеміс-жидектерді пай­даланбас бұрын ағынсу астында мұқият тазалап жуған жөн. Сусынды пайдалану барысында да мүмкіндігінше қайнатылған суды салқындатып немесе сусынның сапасына кепілдік бере алатын арнайы ыдыстағы дайындалған суды ішкен дұрыс. Сонымен қатар, аурудың алғашқы белгілері байқала бастаған сәттен уақыт өткізбей ме­дициналық ұйымдардың көмегіне жү­гіну қажет. Әсіресе, қазіргідей күннің құбылып тұрған кезеңінде түннен қалып кеткен тағамдарды мүлдем пайдалануға болмайды. Тез бұзылатын кондитер­лік өнімдерді арнайы тоңазытқыштарда сақтауды ұмытпаңыз. Тағамдар мен көкөністерді, салат өнімдерін арнайы белгіленген санитариялық талаптарға сай сауда орындарынан алған абзал. Қарап отырсақ, мұның барлығы қа­ра­пайым ғана қағидалар. Осы қағи­даларды бұлжытпай орындау арқылы түрлі аурулардың алдын алуға болады. Қорыта келгенде айтарым, медицина қызметкерлеріне күнделікті үй аралау барысында тұрғындар арасында осын­дай ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуге баса мән беруді ұсынар едім, – деп өз кеңесін берді.
Иа, маманның сөзінше аптап ыстықтан қорғануда далада күннің астында ұзақ жүрмеу керек. Әсіресе түскі 11.00 мен кешкі 17.00 арасында жүруден сақ болыңыз. Егер осы уақыт аралығында жүре қалған болсаңыз беті-қолыңызды ұзын киімдермен қорғаған жөн. Киімнің барынша ашық түсті болуы шарт. Жеңіл, жұқа, кең киім мен бас киім кию қажет. Майлы, қуырылған және тәтті тамақ жемеуге кеңес берді. Көзілді­рік пен қолшатыр пайдаланып, көп мөлшерде сұйықтық ішуді де ұмытпау керектігін айтты.
Жергілікті жердің жағдайында аптап ыстықтан қорғанудың табиғи амал-тәсілдері жетерлік. Тал-теректің көлеңкесі қою үй иелерінің көп қинала қоймайтыны, самалды ауада тыныстап, жан сақтап жүргенін көріп жүрміз. Аптапта сая, боранда пана болатын жасыл желекті көптеп отырғызып, күтімге алудың жақсылығы осындайда алдымыздан шығады.
Сонымен қатар, дәрігерлер ағза­да сусыздануды болдырмау үшін сұй­ықтықты жеткілікті мөлшерде ішу керектігін айтады. Сонымен бірге, бөлме температурасындағы суды ішу қажет. Себебі, қатты суық су шөлді қандырмайды және тамақ ауруын туғызуы мүмкін. Дені сау адамдарда судың көлемі тәулігіне үш литрден аспауы керек. Физикалық жүктемені шектеу қажет, өйткені, ағза онсыз да артық салмақ көтеріп тұр, тер қатты бөлінеді, жиі душ қабыл­дауды, шомылуды ұмытпаңыздар дейді мамандар.
Қорыта келе айтарымыз, мамандары кеңесі мен синоптиктердің ескертпесін қаперге алып, ұзақ сапарға шығуды кейінге қалдырып, өз жағдайыңызға мұқият болғаныңыз дұрыс.

Әсел РЗАЕВА

22 маусым 2024 ж. 426 0