Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бармақтай жәндік басты жалмамасын десек

Бармақтай жәндік басты жалмамасын десек

Күн жылына қорек іздеп қарқынды тіршілікке кірісетін қауіпті кене шағудан болатын Конго-Қырым қанды гемаррагиялық қызбасына ықтимал диагнозбен елді-мекендерден екі кісінің тіркелуі елдегі жұртшылыққа ес жинап, етек-жеңді қымтай түсуін ескертіп тұрғаны рас.
Жұма күні аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридиновтің төрағалығымен барлық кент және ауылдық округ әкімдері, аумақтық инспекция, аудандық ветеринарлық станса қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылып, Конго-Қырым геморрагия­лық қызбасының алдын-алу мәселелері талқыланды. Жиында сөз алған тиісті мамандардың ескертуінен ұққанымыз, кенеден қорғану шараларына мұқият әзірленуде әрбір азаматтың жеке басы белсенділігі ең бірінші орында тұруы тиіс. Осы жөнінде бұқараны кеңірек насихаттау тұрғысында мамандар кеңесін толығымен оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.


Асхан Отарбеков,
Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық аурухананың дәрігер-эпидемиологы:

– Биылғы жылға Конго-Қырым қанды безгегіне күдікті екі жағдай тіркелді. Жаманбай батыр ауылынан, екіншісі Жаңарық ауылынан, алпыс және елу жастағы кісілер болып отыр. Жаманбай батыр ауылынан тіркелген науқас осыдан он күн бұрын мал сойған, қолында жарақат болған, қан арқылы жұққан болуы мүмкін дерт зертханалық әдістің талдауымен нақты дәлелденіп тұр. Екінші жағдай да жан-жақты зерделену үстінде.
Ауыл тұрғындарының көпшілігі мал ұстайды. Егістікте еңбек еткендер де ертелі-кеш жер жыртып, дән тастап, шаруасын атқарып жүргенде балақтан жабысар қауіпті жәндікті байқамай қалуы мүмкін. Егер кісі киіміне жабысқан кенені байқаса, денеге жабысқан кенені жұлып тастаса бірден дәрігерге көрініп, 14 күндік дәрігерлік бақылауда болғаны дұрыс. Ауру белгілері байқалғанда дер кезінде ем тағайындау асқынудың алдын алады. Науқас толық жазылып кетеді. Ең бастысы, кенеден сақтану мәселесін әрбір тұрғын естен шығармауы тиіс.
Ауданда 26 ауылдық округтің 18-і қолайсыз мекендер болып есептеледі, яғни бұрын-соңды қауіпті кене табыл­ған аймақтарда залалсыздандыру жұмыс­тарына аса қатты көңіл бөлінуге тиіс. Десек те тіршілік атаулының ортақ мекені – табиғатты қолайлы-қолайсыз деп шекараға бөліп қауіпсіздігіне кепілдік беру мүмкін емес. Әрбір тұрғылықты мекенде, үй шаруашылығында мейлінше тазалықтың сақталуына қырағы болу керек.
Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасының алдын алуда мал қораларды кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыс­тарының сапалы жүргізілгені дұрыс. Бұл шаруаны тек мемлекеттік деңгейде арнайы мамандармен атқарылады деп арқаны кеңге салуға болмайды. Әрбір шаруашылық иелері, фермерлер, жеке кәсіпкерлер қарауындағы мал тұратын жайлардың тазалығына, уақтылы дәріле­ніп, залалсыздандыру процестерінің жан-жақты атқарылуына тікелей өздері жауап­ты екенін ұмытпауы керек. Дәріханадан арнайы залалсыздандыру препараттарын алып, қора-жайын жүйелі тазалап отыруды естен шығармаса дейміз.

Шынар АЙДАРОВА,
Жаңақорған аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысы:

– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (әрі қарай КҚГҚ) – ауыр интоксикация­мен, айқын геморрагиялық синдроммен сипатталатын және табиғи-ошақты трансмиссивті ауру.
Облыс бойынша 2023 жылы КҚГҚ аурының 13 жағдай нақтыланып есепке алынса оның 6 жағдайы, яғни 46 пайызы біздің ауданның үлесінде.
Жанақорған ауданында өткен 2022 жылы 3 жағдай тіркелсе, 2023 жылы 6 жағдай тіркеліп (оның 1-уі өлім жағдайы), аурушаңдық 2 есеге өскен.
2023 жылы барлығы 308 адам кене шағып емдеу орындарына қаралып, 14 күнге медициналық бақылауға алынды.
Биыл аудан бойынша 18 қолайсыз елді мекен (Жаңақорған кенті, Ызғар, Сүттіқұдық, Төменарық, Қожамберді, Сунақата, Жайылма, Құттықожа, Бірлік, Талап, Көктөбе, Келінтөбе, Түгіскен, Қожакент, Өзгент, Машбек, Жаңарық, Байкенже, Билібай елді мекендері) анықталып, осы елді мекендерде сани­тарлық қорғаныш аймағына және мал қоралар мен ауылшаруашылық малдарына көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан бойынша 2024 жылдың наурыз-мамыр айларында 3086 дана кене жиналып, Ұлттық сараптама орталығының Қызылор­да облысы бойынша филиалының аса қау­іпті жұқпалы аурулар бактериологиялық зертханасына жолданып, 363 сынама жасалып, 6 сынамада оң нәтиже анықталды, яғни тексерілген кенелердің 1,6 пайызы аса қауіпті Конго Қырым геморрагиялық қызба­сы ауруының қоздырғышын тасымалдаушы екені анықталды. Жаңақорған кенті, Ызғар, Сунақата, Қожамберді елді мекендерін­де малдан жиналған кенеден оң нәти­же анықталса, Құттықожа елді мекенінде шаңлақтан жиналған кенеде ауру қоз­дырғышы анықталды.
2024 жылы осы мерзімге дейін Конго Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының 2 жағдайы тіркеліп отыр, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 2,4 құрап отыр.
2024 жылы 23 мамырға дейін барлығы 35 адам есепке алынып, 14 күнге медициналық бақылауға алынды
Әрбір адам өзін кене шағудан қорғау үшін аса қауіпті жұқпалы КҚГҚ ауруының алдын алу болдырмау мақсатында келесі қарапайым ережелерді сақтауды ұсынамыз:
Кененің киім ішіне, терінің ашық жерлеріне ену мүмкіндігін азайтатындай жабық киінуге тырысу керек. Денеге жабысқан кенелерді анықтау үшін өзін жіті бақылауға ұстап, жағдайды қадағалауға тиіс. Табиғат аясына шыққанда отырған-тұрған орнын абайлап, өскін шөп арасынан өрмелейтін зиянкеске сақ болу керек. Түзден оралғанда киімді және денені толықтай қарап шығу, кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғын жай бөлмелеріне жаңадан жұлынған гүлдерді және сырт киімдерді қараусыз кіргізбеуге тырысыңыз. Үй жануарларының үстінен кенелерді жалаң қолмен жұлуға болмайды, мал қырқымы кезінде қолға резеңке қолғап киіп, клиенкалы фартукты байланғаны дұрыс.
Кенелерді жасқандыратын арнайы дәрі-дәрмектер жаныңызда жүрсін. Денеден кенені байқаған кезде, дереу емдеу мекемесіне жүгініп, кенені алып тастағаннан кейін 14 күн медициналық бақылауда болу қажет.
25 мамыр 2024 ж. 294 0