№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қажылық қадірін жоғалтпаса игі

Қажылық қадірін жоғалтпаса игі


Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық. Жүрегінде иманы бар пенденің игі арманы. Қажылық – Алланың парызын орындау үшін жасалатын құлшылық. Сол себепті, адам ішкі жан дүниесімен бұл сапарға дайын болуы қажет. Дегенмен, қажылықтың өз шарттары бар. Кейінгі кездері әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, Меккедегі суретін жарыса жариялап, қажылыққа апаратын турфирмаларды жарнамалап жүрген жандар мен блогерлерді жиі көретін болдық. Олар осы шарттарды мүлтіксіз орындап жүр ме?


Иа, бұрындары «Меккеге барып келді» дегенді бірен-саран адамнан ғана естіп, көретінбіз. Ал қазірде қасиетті сапар екінің біріне қолжетімді. Тіпті мақтан қуып, жарысып жүргендей көрінеді бір қарағанда. Әсіресе, әншілер мен блогердің жанынан бір елі қалмай жарнамалап жүретін мобилографты көп көреміз. Әлбетте қажылық міндетін атқарғаны өз алдына әңгіме. Бірақ соның бәрін құпия жасауға болмас па еді? Өйткені құлшылық Алла мен пенденің арасында ғана болатын қарым-қатынас көрінісі емес пе? Оны үшінші бір адамның жарнамалап жарияға жар салғаны кімге керек?
Қажылық сапар мақтаныш емес, құлшылық, жау­апкершілігі мол парыз. Жақында бір таныс кісіміз қажылыққа барып келді. Өзі бірнеше жылдан бері елге үстеме ақша беріп, мұсылманшылыққа қайшы әрекетті кәсіп еткенін білетін едім. Әлбетте, қажылыққа кеткенін естігенде ерекше қуандым, шынайы тілектес болдым. Өйткені өткен істеріне өкініп, қалған өмірінде дұрыс амал-әрекетке келер деп сеніп едік. Бірақ қажылықтан келгеннен кейін араға шамалы уақыт салып қайта кәсібіне кірісті. Көңіл шіркін еріксіз құлазыды.
Рас, бүгінде қажылық сапарға баруға мүмкіндік көп. Тек қалтаңызда ақшаңыз болса болғаны. Бірақ қажылықтың қадірін түсініп, шынайы ниетпен барса деген тілек біздікі. Алланың әміріне бас иіп, тура жолмен жүруге ұмтылған әрбір мұсылманның бұл жалғандағы ең үлкен армандарының бірі сол қажылық десек қателесе қоймаспыз. Себебі бабаларымыздың өзі Жаратқанға құлшылық жасап, қолынан келген парызын орындағанмен қажылыққа баруды аса армандап өткен.
Осы тұста, кент орталығындағы «Құмсақаба» мешітінің имамы Ержан Сейітжаппаровтың пікірін білген едік.
– Қажылықтың қадірі деген өте үлкен, ұлық іс қой. Қажылыққа бармаған адам қадірін білмейді. Оны барып көру керек. Ол жақтағы көрініс, ол жақтағы сезім басқаша болады. Қажылық ешуақытта да қадірін жоғалтпайды. «Алланың үйін зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы» дейді Жаратушымыз «Имран» сүресінің 97-аятында. Өзім қажылық парызын өтеу кезінде жер жүзінің әр түкпірінен келген жамағатты, шын иман келтіргендерді көзіммен көрдім. Миллиондаған жамағатпен бірге құлшылық жасау сөзбен жеткізе алмас керемет сезім. Оны әр мұсылман өзі сезініп көруі керек. Қасиетті мекенге әлемнің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандар дүниелік ойын бір сәт естен шығарып, зор ықыласпен құлшылық жасайды, – дейді.
Жақында әлеуметтік желілердің бірінен Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмонның осы қажылық мәселесіне қатысты айтқан пікірін көзіміз шалып қалды.
– Соңғы кездері қажылық, оның ішінде кіші қажылық еліміздің кей аймақтарындағы тұрғындардың арасында міндетті іс-шараға, тіпті отбасылық жарысқа, туризм мен сауданың бір түріне айналған, – депті өз сөзінде.
Тәжікстан басшысы мемлекетіндегі әлеуметтік көрсеткіштерге иек артып, қажылыққа баратындардың бірауық тұрмыс-тіршілігін де еске алып қоюға шақырған. Президенттің пікірінше, әрбір мұсылман қажылыққа барардан бұрын айналасындағы жесір мен жетімге жар болып, бар қаржысын бала тәрбиесі мен біліміне шашқан дұрыс дегенді алға тартқан.
Бұл тұрғыда аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов былай дейді:
– Қасиетті сапарға бару әлемдегі әрбір мұсылманның арманы. Мен өзім қажының баласымын. 1998 жылы әкем қажылық сапар шекті. Ол кезде тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары болатын. Дәумен Шоманұлы мен менің әкем Берден екеуі бірге барды. Осы үлкен кісілерден естігенім, мұсылманның 40 парызы бар. Соның ішінде бес парызының бірі қажылық дейді. Қажылық бес парыздың бесіншісі ғой. Осы бес парыздың алғашқы төртеуін өтемей тұрып, бірінші қажылық парызын өтеп жатқандары да бар. Қажылық сапарға аттанатын адам бала-шағасын толықтай қамтамасыз етіп, алдағы 6 айлық азығын дайындап, имани ілімге толығып барғаны абзал. Аллаға шүкір, біздің елде кез-келген мұсылман адамның қажылық сапарға баруына жол ашық, ешқандай кедергі жоқ. Тек, Алланың алдындағы жауапкершілігін сезініп, ешқандай қарызсыз, бала-шағасының алдындағы міндеттерін орындап барып барғаны абзал дер едім. Жалпы халқымыз қажылық парызын өтеп келген адамдарға ерекше құрметпен қараған. Елге тұлға болған аға сұлтан Құнанбай, Шәкәрім сынды қажылардың есімі халық жадында ғасырлар бойы сақталып келеді. Бүгінгі қажыларымызда сондай құрметке сай болып, өз ортасында имандылықтың айнасы болса деген телігім бар, – дейді.
Иа, қажылық сапар өте жауапты. Исі мұсылманның игі арманы ғой. Осы ретте жас та болса, қажылыққа барып, Алланың қонағы болған әріптесіміз Самат Оңғарұлымен де тілдескенді жөн көрдік.
– Қажылық – қасиетті сапар ғой. Өзіме ойламаған жерден осындай ұлы сапар бұйырды. Алланың үйін көзіңмен көріп, жүрекпен сезіну мүлде бөлек. Бір барған адам, қайта-қайта барғысы келіп, сағынышы арта береді. Бірақ кейінші кездері кейбір блогерлер шоуға айналдырып жібергендей. Қандай да бір ойын ұйымдастырып, жүлдеге «қажылыққа жолдама» сыйлап жатады. Әлбетте, сауапты іс. Бірақ, сол жолдаманы жеңіп алған адам қасиетті сапарға дайын ба? Осындай мәселелер кейінгі кездері шет қалып жатыр, – дейді.

Түйін. Өзіңіз ой таразысына салып көріңіз, оқырман. Бастысы шынайы ниетімен айшылық сапарға аттанып, Алланың алдында ақ-адал шынайы жүрекпен өтеп келген пенденің көбейгенін тілейміз. Мұндай сапарға ниетіңіз болса, қабыл болсын!

Әсел РЗАЕВА

13 ақпан 2024 ж. 405 0