№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » “Ауыл аманаты” : кәсіпкерлерге мол мүмкіндік

“Ауыл аманаты” : кәсіпкерлерге мол мүмкіндік

Соңғы 5 жыл ішінде кәсіпкерлік саласының дамуына арналған бағдарламалардың көбейгендігі елдегі шағын бизнестің әлеуетін кеңейтіп, тұрмыс тіршілігін түзей алды. Жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз қаржылар мен жаңа идеяларға арналған байқаулар жас кәсіпкерлерге мол мүмкіндік беруде. Соның бірі – “Ауыл аманаты” жобасы. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жүзеге асырылуда. Бағдарламаға Сыр өңірі білек сыбана кірісіп, қаржыны игеруде жақсы нәтиже көрсетуде. Оның ішінде Жаңақорған ауданының әлеуеті әлдеқайда жоғары. Біз бүгін осы тақырыпта тереңірек талдап, кімдер және қалай қол жеткізуге болатынын білдік.

Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚР Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде қолға алынды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жанжақты жүргізілді. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты. Бірақ әлі де түсінбей немесе құжатын реттей алмай жүрген жандар өте көп. Бұл қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып, алғашқы болып жобаны Ақтөбе облысы іске асыра бастады.

Сыр өңірінің әлеуеті

Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін облысқа 3,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Бағдарламада қарастырылған негізгі 5 бағыт бойынша 600 жобаға қолдау көрсетілмек. Осының нәтижесінде, 636 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлады.

– Қазіргі таңда жоба бойынша қаржыландыру бағыттары анықталып, барлық ауылдық елді мекендерде халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағдарлама өңдеу, егін коорперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығы және басқа бағыттағы бизнес жобаларға арналған.

Бүгінде 342 жобаның құжаттары несие комитетімен мақұлданды. Ал 142 жоба бойынша қарастырылған несие 18 кооператив пен 124 жеке кәсіпкерге берілді. Осының нәтижесінде 288 жұмыс орны ашылады, – деді басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы. «Ауыл аманаты» жобасын сапалы іске асыру мақсатында негізгі басымдық өндірістік жобаларға берілуде. Бұл ретте, жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысына тиімді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, шағын цехтар, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығын дамытуға бағытталуда. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Аудандағы ахуал

Енді ауданға оралайық. Сыр өңірі бойынша біздің аудан шағын кәсіпкерлік бойынша көш басында келеді. Жеңілдетілген несие мен грант көлемі де көп бізде. Аталмыш жоба бойынша да көшіміз ілгері. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев толық баяндап берді.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ қаржы ұйымы арқылы 484,1 млн теңге болатын 65-жоба несиелерін алды. Бұдан басқа 373 млн теңгеге 49 жобаның құжаттары комиссия отырысына ұсынылып, қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады. Одан басқа 45 жобаның құжаттары СПК Байқоңыр мекемесіне өткізілді. Оның ішінде: ауыл шаруашылығы кооперативіне – 3 жоба, өңдеу және өндіріс саласына – 12 жоба, егін шаруашылығына – 5 жоба, мал шаруашылығына – 6 жоба және басқа да бағыттарға – 4 жоба мақұлданды. Мүмкіндік болып жатса өңірдегі үнемделген қаржы біздің кәсіпкерлердің игілігіне жаратылады деген сенім бар, – деді бөлім басшысы.

Иә, жаңақорғандық кәсіп иелері тым белсенді. Келесі жылға да тың жобаларды ұсынып, импорт көлемін азайтып, экспортты арттырамыз деген үмітіміз де жоқ емес. Мәселен, қазір ауданда кір сабын өндірісі өріс алып келеді. «Керемет» сабын өндірісі жобасын екі жылға жуық уақыт тұрмысқа енгізіп, нарыққа шығарған Әділет Қайырбекұлы қазір аудан ғана емес, облыс орталығындағы кейбір дүкендерді тауарымен қамтамасыз етуде. Айта кететіні, Әділет осы жоба аясында 5 млн қаржыға қол жеткізіпті. – Мен бұл жолы кір жуатын ұнтақ, яғни, порошок шығаруға қаржы алып жатырмын. Бұйырса бір айдың көлемінде ұнтақ шығаратын қажетті құрал-саймандары келсе, өндірісті іске қосатын боламыз. Әзірге кәсіптің қыр-сырын толық меңгеріп, тереңдете оқу үстіндемін. Ал, кір сабынның тұтынушылары көбейді. Бұйырса цех ісі ілгерілеп жатса, шағын зауыт ашуды да ойлап жүрміз. Оған әлеуетіміз жетеді, тек қаржы мәселесі сәл қиындық туғызуда. Қалғаны реттелуде, – деді жас кәсіп иесі.

Соңғы үш жылдың ішінде Жаңақорғанда өнім өндіру ісі, шағын кәсіпкерлік көкжиегі қарқын ала бастады. Кір сабын, құрылыс заттары мен тұрмысқа қажетті басқа да тауарлар шығара бастадық. Әжетхана қағазын да өндіруді қолға алдық. Шолпан Сүлейменованың тағы бір шеберханасы жаңа аппаратпен толығуда. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен қаржыға қол жеткізді. Енді әжетхана қағазының нарыққа шығу тынысын кеңейтуге ниетті. Одан бөлек бізде құрылысқа қажетті желім шығару өзімізде қолға алынды. Жас кәсіпкер Ердәулет Мадиярұлы аймақ нарығына жол тартып үлгерді. Қазір құрылыс саласында Ердәулеттің желіміне сұраныс өте жоғары, жалпақ тілмен айтқанда кафель жабыстыратын желім. Енді ол сәл қаржылық қолдау болса деп отыр.

Тағы бұл жоба туралы толықтары кетейік. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.

Жалпы жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көзделген. Елдегі ауылаймақта 7,7 млн адам тұрады екен. Бұл – халықтың жалпы санының 41 проценті. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38 процентті құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған.

ТҮЙІН. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады. Ең бастысы, талпыныс пен талап керек. Сондықтан отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, нарықты реттеудің тетігін табуымыз керек. Қалғанын уақыт көрсете жатар...

Әли Темірбек

04 желтоқсан 2023 ж. 247 0